Сағынышқа айналған сағым күндер
Журналистер жүрген жер – қызығы мен шыжығы мол, думаны түгесілмес орта. Олар – «сен кішісің, мен – үлкен» деген ұғымнан алшақ ұстанымдағы жандар. ХХI ғасырдың бастапқы тұсында бұрынғы Жезқазған облыстық «Жезқазған туы» газетінің заңды мұрагері – қалалық «Сарыарқа» газетінде бірыңғай жақсылар мен жайсаңдар еңбек етті. Ынтымағы ыдырамас ұжымның ардагерлері аяулы да қажырлы, ал жастары жалынды да жігерлі еді. Сол ортадан сан саңлақ биіктерге қанат қақты. Әрқайсысы әр бағытқа ұшты. Өмір жолдары – сан тараулы. Олардың бірі – Астана, Алматыда, екіншісі – облыс орталығында, үшіншісі туған жерде тірлік нәсібін теруде. Қай тарапта жүрсе де, бәрінің басын біріктірер құдіретті бір күш бар. Ол – ескірмейтін естелік, өткенді аңсау сезімі…
Ибрагимнің «Ұлы ақын» атануы
Сол жылдары «Сарыарқа» саңлақтарының бас сардары – Амандық аға Рахұлы. «Ақсақалымыз» – жасы 50-ді енді ғана еңсерген қаламы жүйрік журналист, «Сырда туып, қырда өскен» ақын Ибрагим Бекмаханов. Заман – қиындау. Редакцияның қаражат қоржыны мәз емес, жалақы мардымсыз. Соған қарамастан, қисынды да, қисынсыз той тойлай беретін, «аттан!» қайдан шығады деп елеңдеп тұратын біршама «көксоққан» бармыз. Қысқасы, басымыз жиі зеңгіп, табысымыз татымсыздау екеніне қарамастан кірісімізден шығысымыз басымдау болып жүретін кезіміз.
Рас, қасымызда қалтасы қалың бір кісі бар – Ибрагим Бекмаханов. Сойқан отырыстан кейін келесі күні солқылдаған басты «ретке келтіріп беретін құтқарушымыз» – сол. Айлық жалақысы тұтасымен үнемі әмиянында жүреді, тапқан табысына өзі қожа. Серке Қожамқұлов атындағы Жезқазған музыкалық-драма театрында әдебиет бөлімінің меңгеруші қызметін қоса атқарады. Ал, ол үйдегі Мәкеш тәтеміз «Жезқазғантүстімет» өндірістік бірлестігінің бас бухгалтері, айлығының көлемі Ыбекеңнің жалақысынан ең кемі 10-15 есе көп. Тәтеміз өз шалының ай сайын қанша табатынын да білмейтін болуы керек, сірә.
Содан не керек, бірі күні әлдебір «себеппен» түн ортасына дейін «сілтедік». Ертеңіне біреу ерте, біреу кеш дегендей, үздік-создық жиналдық-ау редакцияда. Жағдайымыздың қандай екені айтпаса да түсінікті. Бірақ, ешкімнің қалтасында көк тиын жоқ. Ыбекең кабинеттің төр жағында қағаз сүйкеп отыр. Кешегі сұрапыл отырыста бұл кісі мінәйі бір себеппен ортамызда болмаған. Қал-күйімізден хабардар еттік, қыңқ етпейді. Әншейінде, көңілі көлдей көкеміздің бұл жолы «жібитін» сыңайы жоқ…
«Қазына» – қасымызда. Қайтпек керек?
Миыма тыңнан бір ой сап ете қалды: көкемізді келістіріп мақтау керек, сонда жаратылысынан ақкөңіл жан ақтарыла салары анық…
Жанымдағы жүгірмектерге «Енді, үндемеңдер!» дегенді ыммен сездірдім де, қолыма қалам алып, амалсыз қағазға төндім. Өзімді өзім қинап, шашыраңқы ойларды жинап, әупіріммен он-он бес минутта 2-3 шумақты тізіп шықтымау, ақыры…
«Ағайыннан алғыс пен тек бата алып,
Аяқ асты «Ұлы ақын» кетті атанып.
Бір түнде бес-алты өлең жазып шығар,
Бұл күнде Ибрагим Бекмаханов…» – деп басталатын тыңнан туған туындымды батылдау басып бардым да, көкемнің алдына қоя салдым.
Дереу «Бұл не?» деді де қолына алып, көз жүгірте бастады. Бір оқыды – езуіне күлкі үйірілді, қайталап оқыды да, «Әй, сәбәкілер-ай! Болмадыңдар ғой» деп шалқалай қарқылдап күлген қалпы кәстөмінің төс қалтасына қол жүгіртті. Сөйтті де:
– Мә, жылдам барып келіңдер, – деп ортаға екі мың теңгені тастай салды.
Ол кезде екі мың – үлкен ақша. Қасымызға Ыбекеңді қосып алып, сол күні бір армансыз жырғап едік. Айтып-айтпай не керек, бас жазудың ақыры қас қарайғанша көкеміздің «Ұлы ақын» атануын атап өтуге ұласқан болатын…
***
Ара-тұра «Әй, дала көңілім-ай!» (өзі мені солай атайды) деп телефон шалатын Ыбекең қазір Алматыда тұрады. Зейнет демалысында. Бұйыртса, «Сарыарқаның» мерейтойына келіп қалатын шығар деп елеңдеп жүрген жайымыз бар…
Заряны «қыспақтан» құтқару
Газет қызметкерлерінің арасында жанжағына шуақ шашып, жадырап жүретін ерекше жаратылған жанның бірі бізге «Дидар» телеарнасынан қызмет ауыстырып келген Заря Жұманова еді. Ойы ұшқыр, қаламы өте қарымды. Жазу стилі де ерекше. Тақырып талғамайтын және кіріскен дүниесін тиянақтамай тыным таппайтын. Ал, «емшілік» қасиеті мүлдем ғажап болатын. Басының сақинасы бар әріптестеріміздің шекесі мен желкесін жарқылдай әңгіме айтып тұрып уқалап бергенде, кімнің де болсын, демде жандары кіріп, қабақтары жазылып қоя беруші еді.
Бұрынғы «Жезқазған туы», кейінгі «Сарыарқада» қызмет атқарып зейнетке шыққан ардагер журналистер редакцияға жиі бас сұғады. Солардың бірі – айтулы ақын, баспасөз майталманы Сайлаухан Нәкенов ағамыз. Ол кісінің өрнегі мол өлең-жырларына қай-қайсымыз болсын тәнтіміз, лайықты құрмет тұтамыз. Адал ұстаным мен ақиқаттан таймайтын, тіршілік түйткілдері мен қоғамдағы құбылыстарға қатысты өзіне тән дербес көзқарасын ешқашан өзгертпейтін, сырбаз сөйлейтін, өзінен кейінгі буынның арасында болмашы болса да, талант ұшқыны барларын қал-қадерінше мәпелеп, қызғыштай қоритын, сырын білмейтін сыртқары адамдар қайтпас қайсарлығын, табандылығын байқап қалса, «мінезі қыңырлау екен-ау» деп ой түюі бек мүмкін, бөлек болмысты жан еді, жарықтық.
Қазір нақты есімде жоқ, қандай да бір атаулы күннің аясында ма, әлде, ағамыздың «Жұмақтың жолы» жыр жинағы жарық көргеннен кейін бе, әйтеуір, Сайлаухан аға туралы мақала жазу жайлы сөз қозғалды. Ол кісі туралы қалам тербеу – жеңіл жүк емес. Оны бәрі біледі. Біршама «әрі тарт та, бері салдан» кейін менің «Мұны Зарядан басқаның алып шығуы қиын» деген ұсыныс-пікіріммен әлгі дүниені «дүниеге әкелу» жауапкершілігі Жұмановаға жүктелді.
Қолына алған шаруаны «қопарып тастауға» машықтанған Зәкең көп ұзатпай мақаланы әзір қылып, секретариатқа өткізді. Жабыла оқыдық, бәрімізге ұнады. Ұнаған соң мақтадық. Біз – Заряға, Заря бізге риза. Іле-шала мақтаулы дүние газетте жарқ ете қалды…
Сөйтсек, бәрімізге ұнаған мақала ағамызға ұнамай қалыпты. Оны ертесіне Сәкеңнің өзі редакцияға келіп, «әңгіме» бастағанда бір-ақ білдік. Ерте білгенде де қылар қайранымыз жоқ еді, әрине. Газет елге тарап кеткен…
Ағамыздың қабағының «қыртыстанғанын» аңғарған жұрт безіп кетті. Заря арыстанның алдындағы дәрменсіз көжектің күйіне енген. Орталарында сол сәтте редакцияға кездейсоқ келе қалған ардагер журналист, ақын Көбейсін көкем Еңсебаев пен мен ғана бармыз. Менің болуым батылдықтан немесе «бетсіздіктен» емес, басқаша себебі бар. Ағамның өлеңдерін жатқа оқушы едім, содан ба, әйтеуір, өзіне жақын тартып, айрықша жақсы көретін. Кей кезде қызмет бөлмеме кіріп келіп: «Ғалымнан (Жайлыбай) өлең оқы» дейтіні бар, мен ондайда іркілмей заулатамын. «Сен өлеңді өте әдемі оқисың» деп арқамнан қағып, қолпаштап қояды ондай сәттерде. Сондықтан да, ағамның алдында сәл еркіндеумін…
Әңгіме төркінінен анық аңғарғаным – ақжүрек ақын мақаладағы өзінің мінезіне берілген сипаттамаға келіспейді. Зілденбей-ақ сөйлеп отыр, алайда, айтқандары – зілмауырдай…
Заря әлденені айтып ақталғысы келеді, ағамыз қолын көтеріп, тиып тастайды…
Менің көкейімде – жалқы ой: «Әңгімені өршітпей, Сәкеңнен Зәкеңді қалай құтқарып алсам екен?» ғана.
Соншалықты айыпталардай жазығы жоқ жанды айбары арыстандай ақынның қыспағынан алып шығудың оңтайлы тәсілі ойыма лезде орала кеткені. Бір күн бұрын алыстағы ауылда жатқан айтыс ақтаңкері «Дәридай» ақын – Мұқаш Сейтқазиновтан «сәлемдеме» жеткен.
Онысы – өлең, өзегі – ақынның ақын талантын тануы мен мойындауы. Өлең тақырыбы мен мәтінінің арасына кіріктірілген «Ақын Сайлаухан Нәкеновке» деген сілтемесі бар.
«…Мен «Арқада ақын бар!» –
деп айта алам,
Жезқазғанда жыр жазатын Сіз барда»,
– деп түйінделетін бәлен шумақтан тұратын шұрайлы жыр жолдары түзілген бір парақ қағаз жұмыс столымның суырмасында жатқан. Оны өзімнен басқа ешкім де әлі оқып үлгермеген еді.
– Аға! – дедім жұлып алғандай. – Сәл аялдай тұрыңызшы, мен мүлдем ұмытып кетіппін ғой.
– Нені?! – деді тіл ұшындағы сөзін кілт тиған Сәкең маған таңырқай қараған күйі.
– Ана керемет өлеңді. Қазір, жарты минутта жетем. Солай дедім де, сыртқа қарай апыр-тұпыр тұра шаптым.
Бір демде кабинеттегі стол суырмасынан өлең жазылған қағазды іліп ала салып, кері жүгірдім. Есіктен екпіндете қайыра кірген бетімде ентігімді басып үлгермей, «Сайлаухан Нәкеновке» деп бір қолымды жоғарыға көтере сермеп, саңқ ете қалдым. Үшеуінің назары менде: «Мынаған ненің шалығы тиді?» деген кейіптегі көзқарас.
Жаңағы менің кимелеуіммен еріксіз үзілген «тәлім-тәрбие беру сабағы» далада қалды.
Бірден, еш түсініктеме берместен, бар мүмкіндігімді салып, шабыттана өлең оқуға кірістім. Содан «Мұқаш Сейтқазинов, Ұлытау ауданы, Шеңбер ауылы» деп бір-ақ тыныстадым.
Сәл үнсіздік баураған бірер секундтық үзілістен кейін «Кәні, қайыра оқышы» деді ағатайым. Жансарайы жарық күндей ақсамал ақынның жүзінде жылылық, үнінде мейірім үстемдік құра бастаған секілді. «Іздегенге – сұраған», маған да керегі сол. Тамағымды қырнаған болып, бетімді қолымдағы қағазбен көлегейлей берген сәтімде Заряға «Жылдамырақ зыт бұл жерден» дегенді көз жанарыммен ымдап үлгердім.
Өлеңді екінші рет асықпай, мәнерлей оқып шығып, зер салғанымда Сәкеңнің келбетінен көктемнің жаймашуақ лебі есіп тұр екен. Бұл кезде Заря кабинеттен «жымын білдірмей» шегіншектей басып, шығып үлгерген болатын. Сайлаухан ағамның да әлгіндегі жағымсыздау әңгімеге қайта айналып соқпасы айдан анық еді…
«Аз емес-ау ғұмырда мұңым кешкен,
Барады өтіп уақыт кідірместен.
Алаң едім – өмірге, ей, Адамзат,
Балаң едім – кіндігін Қыдыр кескен», – деп төгілте жырлап, мағыналы ғұмыр кешкен Сайлаухан ағамыз жарық жалғаннан бақиды бағытқа алып аттанғалы бері де біршама жылдар жылжып кетіпті.
Заря отбасымен бірге Алматыға қоныс аударған соң бір шүйіркелесе қалғанымызда асылтекті ағамыздың «Ол – қабілет-қарымы мықты қыз. Әдеби ортаға барғаны дұрыс болды. Түбі бір жерден жарып шығады» дегені есімде. Аузы дуалы ақынның айтқаны айнымай келді. Заря Жұманова – қазір журналистика мен жазушылықтың жүгін қосақабат әрі абыройлы арқалай білген, елге танымал қаламгер. Алатаудың бөктерінде жүріп, Ұлытауды сағынады, Жетісудың іргесінде жүріп, Жезқазғанды аңсайды…
Мақпалды жұртқа таныстыру
Ұлытаудан Жезқалаға көшіп келіп, «Сарыарқаға» қызметке орналасқанымда, мұндағы қалам ұстағандардың ішіндегі жасы кішісі мен болдым. Жанымдағы журналистер қауымымен етене араласа келе, «бәрінің еркесі өзім боламын» деген ішкі бақай есебімнен көп ұзамай бас тартуға келді.
Бір күні бас редактор Амандық Рахұлы біз (Сара Смағұл, Сәуле Нұрекенова және мен) отыратын кабинетке бір қызды (әу баста солай ойлап қалғам) ертіп келді де, менің қасымдағы бос столды нұсқады: «Міне, жұмыс орның» деп. Адам жатырқамайтын, ашық-жарқын, жайдары пейіл жан екен. Аты-жөні – Мақпал Ештанаева. Таныса келе білдік, отбасылы, балалы-шағалы, әжептәуір жұмыс өтілі мен тәжірибесі бар, қалыптасып қалған журналист болып шықты. Астанадан көшіп келіпті. Екеуміздің бір жылға жуық жас айырмашылығымыз бар, мен сәл ғана үлкендеу, ол аз ғана кішілеу дегендей…
Қатарымызды толықтырған жаңа қызметкерді бірқыдыру «тергеп», жоғарыдағы жайттарға қанықтық. Көкейде әлі жауабын таппаған бір сауал бар: «Бұл келіншек сонда Жезқазған университетінің кафедра меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты, ақын Ғазиз Ештанаевтың туысқаны ма, әлде, жай ғана ататегі ұқсас біреу ме?» деген мазмұндағы. «Ұрыста тұрыс жоқ», бұл сұрақты да індеттім:
– Ғазиз Ештанаевты білесің бе?
– Иә, білемін ғой.
– Ол кісі ағаң ба?
– Жоқ, ағам емес.
– Ағаң болмаса, қандай жақындығы бар?
– Қайынағам.
– Туған қайынағаң ба?
– Иә, туған қайынағам.
– Е, қарағым, менің пайымдауымда, күйеуің Ғазекеңнің туған інісі болса, ағасына тартқан тәуір азамат болуы тиіс. Онда сенің де нашар әйел болмағаның…
– Мүмкін, – деген ол жылы ғана жымиып…
Осылайша, орынды әзілмен аяқталған алғашқы күнгі аз-кем әңгіме жүре-бара адами қалыптағы өзара терең сыйластыққа, отбасылық жарасымды қарым-қатынасқа, құрдастарға тән қатты қайырым қалжыңға ұласарын ол кезде біз біле қойған жоқ едік.
Мақпалдың кейінірек «Алғаш жұмысқа орналасқан күні тергеушіден бетер сұрақтың астына алғаныңда «Мынау бір жексұрын жігіт екен» деп ойлап қалып едім, ондай емес екенсің» дегені бар.
Редакцияға күнделікті кіріп-шығатындардың қатары ешқашан сиремейді. Қала шағын болғандықтан, олардың дені етене таныс. Бәріне бейтаныс – Мақпал. Сондықтан, «Бұл қай бала?» – деген сауал тым жиі қойылады. «Сен қай баласың? – деген мазмұнда өзіне тікелей сұрақ қоюшылар жоққа тән.
Елдің бәріне ерінбей-жалықпай, ежіктей жауап беретін мен баяғы.
– Бұл – Мақпал Ештанаева. Ғазиз Ештаневтың келіні, туған інісінің әйелі. Астанадан көшіп келген. Жұмысқа жақында орналасты. Мақалаларын оқып жүрген шығарсыз. Қайынағасы сияқты мықты журналист.
Осытектес жауапты қайталап айтумен, аузым көпірмесе де, зықым шығатыны рас еді.
– Сен мені елге осылай таныстырғанды қойшы, Құдай үшін, – десін Мақпал бір күні ойда жоқта.
– Қалай таныстырғанды қояйын?
– Ғазиз Ештаневтың келіні, – дегенді қой.
– Түк түсінсем бұйырмасын. Келіні екенің өтірік пе?!
– Келіні екенім рас қой, бірақ, сен «Ештанаевтың келіні» дегенге екпін түсіріп айтасың.
– Екпін түсіргеннен өзгеретін не бар?
– Біртүрлі ыңғайсызданам, жұрт қайнағасының арқасында журналист болып жүрген біреу ғой деп ойлап қалатын сияқты. Шын айтам, енді олай таныстырмашы.
– Енді қалай таныстырайын?
– Қалай таныстыратыныңды өзің білесің, бірақ, басқаша таныстыр.
– Жақсы. Басқаша таныстыр десең, басқаша таныстырайын.
Сөйтіп ауыз жиғанымша болған жоқ, сәлем беріп тағы бір кісі кіріп келсін. Аз-кем әңгімеден кейін Мақпалды иегімен нұсқап тұр, сол баяғы бір сұрақ: «Танымадым ғой, мына бала қай бала?». «Жазған құлда шаршау жоқ», сауалға жауап беру – міндет. Алайда, әріптес-досыма берген уәдем бойынша жауабым бұрынғыдан басқаша болуы керек.
– Бұл бала – Мақпал Ештанаева. Астанадан келді. Ақын Ғазиз Ештанаевты білуге тиіссіз, сол кісі бұл кісінің қайынағасы. Мақпалдың мақалаларын газеттен оқып жүрген шығарсыз, өте әдемі жазады. Ғазекең де осы келініне тартқан мықты журналист қой.
Осыны айтып тұрғанда екі көзім Мақпалда. Екі беті алау-өрттей қып-қызыл, төмен қарап, ернін жымқыра тістеп, үнсіз отыр.
Содан әлгі кісі қош айтысып, есіктен шығып кеткен соң ғана басын көтерді:
– Сенің бүйтіп таныстырғаның құрып кетсін!
– Е, не болды тағы да? Басқаша таныстыр дедің, басқаша таныстырдым. Енді маған не дейсің? Менің екі езуім екі құлағымда, ал, ол болса, жыларман күйде…
– Айналайын, Ахатжан, – дейді, – мына түріңмен елге күлкі қыларсың, өтінем сенен, бұрынғыша таныстыра берші…
Иә, ол да бір қызығы мол дәурен еді…
Кейін мен қызмет ауыстырып, Қаражал қаласына кеттім. Көп ұзамай, «Ғазиздің келіні» де жар қосағы – жампоз жігіт Жазбекпен, бала-шағасымен бірге Елордаға қайыра қоныс аударды. Содан бері әр саладағы бірнеше лауазымды қызметтерде болды. Бірақ, мен бейтаныс ортаға жаңадан барғанда оны басқа жұртқа кімнің, не деп таныстырып жүргенінен бейхабармын…
Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ,
«Орталық Қазақстан»