«Сағындым бозторғайдың салған әнін»
Осыдан 10 жыл бұрын Алаштың Ақселеуінің 70 жылдығына орай газетімізге сұхбат берген ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Несіпбек Айтұлы: «Дәурен-ай» – Ақаңның өз тағдырымен өзектес ән», – деген еді. Үңіліп көрдік. Шынымен, солай екен. Қараңыз, «Еркіңе бағынбас, Асау арман-ай» деп бұлқынған ән «Аспандап алатын, Асқақ қанатым, Саған да кез келер – тыным табатын» деп шиырлайды. Тура өз өмірін, талдауға келмейтін тағдыр жолын әнмен өрнектеген.
Иә, биыл – Ақаңның туғанына 80 жыл, өмірден озғанына – 13 жыл. «Еркіңе бағынбас асау арманын» алып ұрған сұм тағдыр Ақаңды «іздесең – табылмас» сартап сағынышқа айналдырды. «Атқан оқтай, шапқан аттай» жүйрік уақыт сол сағынышымызды ұлғайтып, Ақселеу сынды біртуар тұлғаны асқар шыңға да айналдырып барады.
Ақаң арамыздан алыстағалы бергі 13 жылда ол туралы жазылған естеліктер қобыз кеуделі абыз тұлғаның мәңгілік ғұмыры басталғанын дәлелдеп-ақ жатыр. Өр тұлғасы, телегей-теңіз білімі, патшалықтай парасаты «Боз жусаны омырау қақан Сарыарқасының» мәңгілік сағынышына айналды. Көп жазылды Ақаң туралы. Естеліктер жинағын да шығарып үлгердік. Бірақ, Ақаңның әндері Дүйсекеев айтылып, композиторлық қыры жайында кем жазылып жүр.
Қазақтың классикалық (көбіне дәстүрлі ән деп жүрміз) ән өнерінің бастауында кімдер тұр? Әрине, авторы белгісіз халық әндері. Одан беріде Арқа әнінің абыройын асырған Ақан сері, Біржан сал, Әсет, Мәди… ХХ ғасырдағы Манарбек, Сәкен, Қасым бар. Анығын айтсақ, осы Сәкеннің «Тау ішіндесі» мен Қасымның «Дариға, сол қызынан» кейін тыңдаушының айызын, құлақтың құрышын қандыратын ән тумапты.
Алла жар болып, қазақтың классикалық ән өнерін өлтіріп алған жоқпыз. Ғасырлар қойнауынан сыр төгіп, бабаның үнін жеткізген ән өнерінің інжу-маржаны бүгінгі күнге тек орындаушылар арқылы жетті. Әміре Қашаубаев, Жүсіпбек Елебеков, Қали Байжанов, Ғаббас Айтбаев, Жәнібек Кәрменов, Қайрат Байбосынов түрлендіре орындаған асыл мұра босағада қалған жоқ. Бірақ, ән тумады… Жоқ, туды. Өткен ғасырдың 50-60-ыншы жылдарында қазақ даласы Шәмшінің вальсімен тербеліп, 70-80-інші жылдары Ілия Жақановтың әндерімен әсерленді. Нұрғиса Тілендиев, Ескендір Хасанғалиев, Әсет Бейсеуов, Кеңес Дүйсекеев сынды таланттар шоғыры қазақтың ән өнерін өрге сүйреді. Алайда, Арқа қазағы Ақанның «Балқадишасындай», Біржанның «Жоныпалдысындай», Үкілі Ыбырайдың «Гәккуіндей», Естайдың «Қорланындай» ән іздеп жүрген. Амалдың жоқтығынан есті алған эстрадаға елтіп, той әндеріне топырлап билей бастағанбыз…
Таласыңыз болмасын, ХХ ғасырда қазақтың классикалық ән өнерін кешегі Ақан, Біржан, Әсеттердің деңгейіне көтерген композитор – Ақселеу Сейдімбек! «Сарыарқа», «Дәурен-ай» атты екі әнімен-ақ қазақтың үзіліп қалған классикалық ән өнерінің тамырына қан жүгіртіп, Арқа әнін кешегі Ақан, Біржандардың деңгейіне жеткізбесе де, жақындатты. Көп жағдайда Ақселеу ағаның осы екі әні туралы ғана айтып жүрміз. Бірде белгілі спорт журналисі, Ақаңның рухани бауыры Несіп Жүнісбайұлы:
– Ақа, ана құдіреттей екі әннен кейін ән жазбай кеттіңіз ғой. Неге? – деп сұрапты. Әдетінше, баппен сөйлейтін Ақаң сәл жымиып:
– Е, ол әндер мына әнжазғыштарға қазақ әнінің қандай болатынын көзіне шұқып көрсету үшін жазылған әндер ғой, – депті де, одан әрі тереңдемепті.
…Кейін білдік, Ақаңның 12 әні, 2 күйі бар екенін. Белгілі әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айтбек Нығызбаевтың қолында нотаға түсірілген 12 әні бар екен. Тіпті, кітап болып шыққалы тұр.
– Ақаң Астанаға көшіп келгеннен кейін екеуміз жиі кездесіп тұрдық. Ұзақ әңгімелесеміз. Бір күні Ақаң «Осы ел менде «Сарыарқа» мен «Дәурен-айдан» басқа ән жоқ деп ойлайды. Мына әндерді тыңдап көрші» деп, өзі қолдан шапқан домбырасына қол созды. Тыңдадым. Ғажап әндер! Кешіктірмей, бұл әндерді үнтаспаға жазып алдым. Кейін, өзі өмірден өткен соң ғана бұл әндерді өңдеп, нотаға түсірдім. Ал, Ақаңның сонау 80-інші жылдары Шет өңірінен Қыздарбектің шәкірті, дәулескер күйші Бегімсал Орынбекұлынан жазып алған күйлерін Жанғали Жүзбай нотаға түсіріп, жинақ етіп шығарды. Мен қаржы қолбайлау болып, биылғы 80 жылдығына Ақаңның әндер жинағын тарту ете алмадым. Мемлекеттік тапсырыс бойынша келесі жылдың жоспарына енді. Бірақ, Ақаң көзі тірісінде сол ғажап әндерін орындатуға ықтияр танытпады. Мен де қолқа салмаппын, – деп өкінішін білдіреді Айтбек Нығызбаев.
Біздің де Ақаңның жаңа әндерінің орындалмау себебі жайлы естігеніміз бар. Ән дүлдүлі Жәнібек Кәрменов өмірден өткеннен кейін, жан дүниесі қатты құлазыған Ақаң «Екі әнімнің бағын ашқан Жәнібек еді. Басқа әндерімнің бағын кім ашады?» деп, орындалған сәтінде төрге озатын төл туындыларын сыр-сандығында сақтап өтіпті дейтін. Ақаң Қайрат Байбосыновты да, Бекболат Тілеуханды да, беймәлім әндерін сеніп тапсырған Айтбек Нығызбаевты да бағалаған, мойындаған. Бірақ, неге бермеді?
Ал, Ақтамбердінің толғауын Сүгірдің «Ыңғайтөкпе» күйінің ырғағымен толғау етіп жарыққа шығарған Ақселеу Сейдімбек екенін біріміз білсек, біріміз білмейміз-ау… Ол аз десеңіз, әлгі құпия әндерінің ішінде Абайдың «Есіңде бар ма жас күнің» атты өлеңіне жазылған керемет ән бар екен.
…Қысқасы ұлтымыздың классикалық ән өнерін өз деңгейіне көтеріп, тамаша әндер қалдырған Ақселеу – екі дәуірдің арасындағы алтын көпір. Ал, әндер жинағын шығаруға неге асықпай жүрміз? Ескерткішін де оңдырмадық.
Осыдан он жыл бұрын – Ақаңның 70 жылдығында «Ақселеу биігінде Алаштың күйігі бар» деп жазған екенмін. Сол күйік әлі тарқамай тұр ғой, ақыры…
Ерсін МҰСАБЕК.