Covid-19Коронавирус

Сақтық артық етпейді

24 шілдеде елімізде 2 054 адамнан коронавирус анықталды. Ең көбі Нұр-Сұлтанда, онда 806 адам ауырған. Бас қала бүгінде «сары» аймақта тұр. Басқа өңірлер «жасылда». Дегенмен, коронавирусты таратпау жөніндегі ведомствоаралық комиссияның таратқан мәліметі бойынша Алматы қаласы, Алматы және Жетісу облыстары «сары» аймақ шегіне жақындап қалды.

 

Өткен тәулікте жаңадан анықталған жағдайлардың көбісі жоғарыда аталған өңірлерге тиесілі.

Ал, Қарағанды облысында ауырғандар қатарына жаңадан 130 адам қосылды. Пандемия басталғаннан кешегі күнге дейін облыс көлемінде COVID-19 расталған 153 110 жағдай тіркелді.

Қарағанды облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті таратқан мәліметтерге сәйкес, 25 шілдеде коронавирусқа қарсы вакцинацияның толық курсын алғандар саны 633 276 адамды құрайды. Бұл жалпы халық санының 44,3%-ын және вакцинациялауға жататын контингенттің 70,6%-ын білдіреді. Ал, бірінші компонетті 675 360 адам алған. Яғни, вакцинацияның бірінші компонентімен тұрғындардың 75,3%-ы қамтылған.

Ревакцинацияға келсек, былтырғы алғашқы ревакцинация кезінде 248 433 адам ревакцинация алды. Бұл оны алуға жататын халықтың 53,5%-ын құрайды. Ал, 25 мамырдан басталған қайта ревакцинациялау барысында 20 408 адам егілді. Қаулы бойынша бұлар – медициналық қызметкерлер, жасы үлкен адамдар. Сонымен қатар, вакцинация мен ревакцинация алуда еш шектеу жоқ. Кез келген адам ала алады. Бүгінгі таңда ел бойынша 9 545 704 адам вакцинацияның бірінші компонентін, 9 326 883 адам екіншісін алған. Одан бөлек, Pfizer вакцинасымен барлығы 1 179 559 адам егілген. Бұлар толық курсынан өткен болса, 1 231 786 адам біріншісін алып, екіншісін күтуде. Оның ішінде жеткіншектер, жүкті және бала емізетін әйелдер бар.

Кешегі күнгі дерек бойынша ем алып жатқан 18 962 адамның 1 280-і стационарда жатса, көбісі, яғни, 17 682 науқас амбулаториялық деңгейде. Денсаулық сақтау министрлігі мәлімдегендей, 32 науқас ауыр жағдайда, 7 науқас аса ауыр жағдайда және 5 адам ӨЖЖ аппаратына қосылған.

Дәрігерлер аурудың асқынуынан вакцинация мен ревакцинация ғана қорғайды дейді. Сондықтан, вакцинацияның толық курсын алу, ал, жарты жылдан кейін ревакцинация алу қажеттілігін алға тартады. Сонымен қатар, қолды зарарсыздандырып отыру, әлеуметтік қашықтықты сақтау, адамдар көп жиналатын жерлерде бетперде тағу сияқты сақтық шараларын ұсынады.

Жансая ОМАРБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button