Сақал сыйлаған елміз ғой
Біздің қала да жаңару жолына түсті. Соның нәтижесінде, біраз ғимараттардың сырты қызылға боялды. Көк орындықтар алынып тасталып, қызыл орындықтар қойылды. Мектептер сары түске, ешкім кіріп-шықпайтын оқу орындары жасыл түске боялды. Бұл іс-шараларды ел ішінде «Маймыл» атанып кеткен мәслихат төрағасы: «Саясатқа да, коронавирусқа да сәйкес келетін сындарлы шешім», – деп бағалап, қалалық газетке өз атынан көлдей мақала жазғызды.
Бәрі қолдап жатыр еді. Күтпеген жерден депутаттар тосын мінез танытқаны. Өмір бойы бұғып жүрген біреулері үстел қойғылап, әкетіп барады. Жынданып кеткен сияқты.
– Оу, не істеп атсыңдар?!
– Талдарың тағы қурап қапты ғой?
– Былтыр салған жол қайда?
– Оу, таза су, таза ауаларың қайда?
– Біздің қалада жемқорлар бар ма? Тізімін беріңдер!
– Қаңғыбас ит-мысық қаптап кетті. Әбизатілнә, біреуді талап, яки жеп қоюы керек пе? Ана жылғыдай.
Жиналысқа шақырылған бастықтардың көздері атыздай. Президиумға хат кетті. «Полицияға хабарлаңыздар. Мыналар ереуілге шығып, бізді сабап тастауы мүмкін».
«Жиналыс басталмай тұрып жібергенбіз», – деген жедел жауап түсті. Үйренген партия өкілдері жер шұқып, бөтендер без-без етеді.
– Жауап беріңіздер. Әйтпесе, орындарыңызды босатыңыздар!
– Қалай босатады? Бәрінің бағып-қағып отырған бала-шағасы бар, – деп әкімнің ата кеңесшісі оянып кетті. – Сенің әкең қандай еді? Сенің атаң қандай еді, шіркін?! Қой аузынан шөп алмайтын, момын адамдар еді, – деді де, күрк-күрк жөтеліп, су сұрады. Протезін шайып, үңірейген көздеріне дәрі тамыздыртты. Қырын тұрып, құйрығына укол салғызды. Протокол жазып отырған келіншекке: «Сен болмасаң, баяғыда өліп қалатын едім. 85 деген оңай емес екен», – деп әзіл тастады. Хатшыдан насыбай сұрады, тамырлары адырайған алақанын жайып.
Әңгіме әрі кетті:
– Ғимараттардан қалған крәскілермен қураған ағаштарды бояп тастаңдар. Индияда сөйтеді екен. Қарды сөз қылып. Ертең бір күн жаңбыр жауса, түгі қалмайды ғой. Африкада қар күремейді екен. Мусор деген бітпейтін бәлені айта бересіңдер. Қытайға артып жіберіңдер. Тез пісетін тамақ боп қайтып келеді. Таласып жейсіңдер. Екологияны қайтесіңдер. Мықты мемлекеттер мұны сөз де қылмайды. Су тазармайды. Ереуілге шақырып, елді қобалжыта бермеңдер. Сатып ішуге қалыптасып қалды ғой. Олар да қайбір бұлақтан тасып жүр дейсіңдер. Ал, ауаға келсек, әбден үйренгенбіз. Шаң-тозаңы азайса, мұрттай ұшып арам қатуымыз мүмкін.
Келесі сұрақтарың не еді?
Дәрісі мөлтілдеген көзімен хатшы келіншекке қарады.
– Е, қаңғыбас ит-мысық туралы. Мына әкімнің үйіндегі келін осы жануарларды жақсы көреді деуші еді. Бір арнайы жатақхана салғызып, өзін деректір қойып, шаруаны шешіп тастау керек шығар. Әкім баланың да денсаулығы түзеліп қалар еді. Қанты түсіп, қан қысымы төмендеп. Қызметі оңай емес…
– Жемқорлардың тізімі дейсіңдер ме? Оны қайтесіңдер? Бәрің осы жерде отырсыңдар ғой. Ақшаларың, сыйақыларың жүріп жатыр. Бәріңнің дүкендерің, дәмханаларың, аптекаларың сақылдап тұр. Тендер – қолдарыңда…
Осы кезге келгенде кеңесші қария өксіп-өксіп жіберсін. Жұрт үрпиісіп қалды. Бәрінде де жүрек бар екен.
– Осы тендер кірген жылы туған шөбереме Тендербай деп ырымдап, ат қойып едім. Сол дардай жігіт болды. Үш айда үш жерден үш қызыл диплом алып келді. Қарыз болып қалмас. Соны іліктіріп жіберіңдерші биыл. Шешесі, келінді айтам, күнде звондайды… Кімнің қызы екенін білесіңдер…
Осы жерде кеңесшінің аузы-басы қисайып, ерні дірілдеп, еңіреп жіберді. Сасқанынан бүкіл зал қосылып жылады. Әкім де, хатшы да, депутаттар да. Тіпті, бөтен партия өкілдері де көздеріне жас алды. Сақал сыйлаған елміз ғой.
Сөйтіп, құрметті кеңесшінің шөбересі күл-қоқыс шығару саласы бойынша өтетін тендерді жеңіп алатын болды. Жұрт қол шапалақтап, құттықтап жатыр. Жол жөндеу, үй салу тәрізді күрделі шаруаларды бауырлас елдердің жігіттері былтыр сатып алып қойыпты. Жиналыста тағы біраз мәселелер шешімін тапты. Идеология майталмандарының ұсынысы бойынша, бұдан былай басшылар бюджеттің есебінен қызыл, депутаттар сары, қатардағы қызметкерлер жасыл кәстөммен жүреді. Әкім көк кәстөмде қалғысы келіп қиқаңдап еді, депутаттар өтінішін қабылдамады. Бірінші рет.
Сондай-ақ, қала мәдениетін дамыту және адалдыққа тәрбиелеу мақсатында фейіктер айтысы күн сайын өтіп тұратын болды. Аты-жөнін айтып, түрін көрсеткендерге бағалы сыйлықтар тапсырылады. Өйткені, полиция тауып бере алмайды екен.
Тағы да біраз мәселелер қаралды. Ең бастысы, жиналысқа қатысушылар Жаңару кезеңінде бірін-бірі ұстап бермейтін болып бәтуаласты.
Сонымен, елдің жағдайын толық шешіп, тарқадық-ау, әйтеуір, түн ортасында…
Базарбай ӘЛЕУХАНҰЛЫ