Басты тақырыпЖаңалықтарТарих

Құс жолындағы Құдірет

Құс жолындағы Құдірет

Осыдан тура 25 жыл бұрын мұқым Алаш жұртының назары Құс жолына ауған. Алаштың аманаты Аллаға жеткелі тұр! Ол аманатта қазақ халқының ғасырлар бойы аңсаған арманы мен мұң-шері бар еді. Иә, Азаттық – Алаштың арманы! Сол аяулы арманды құндақтаған аманатты көктегі Тәңірге тұңғыш жеткізген – қазақтың һас батыры Тоқтар Әубәкіров!

«Ақсарбас!» айтқан Алаш жұртын түбі бір Түр­кінің жұрағаты мен құ­быласы бір исі мұсылман баласы құттықтап жатты. Өйткені, ортақ Тұңғышымыз – Тоқаң!

Айналасы алты айда ғарыш сапарына дайын болған текті қыран Айды айналып апта жүрді де, Алаштың азаттығына Алланың мөрін басып оралды. Тұранның тұғырына Қыдыр, Қыранның балдағына бақ дарыды! Жер-Ана жеті қат көктен қазақ батырының көзіне сонша нәзік, сонша қорғансыз болып көрінген. Алайда, сол нәзік ғаламшарда ғасырлар бойы теңдік сұрап, азаттық аңасаған қазақ еліне ғарыштан Рух келді. Құс жолындағы құдірет Тоқаңдай қыранның қанатымен бақ болып келген Еліме!

Тоқаңның самғауы – Тәуелсіздіктің толғауы! Туған елінің Батырға деген махаббатының өзі жеке дара ғаламшарға айналды. Бірақ, ол Орбитаны кезіп жүрген жоқ. Ол әр қазақтың жүрегіне Қыран ұлға деген ыстық махаббат болып оранды да, әрқайсымыздың тамырымызда айналып жүр.

…1991 жылдың 2 қазанында көкке көтерілген ғарыш кемесі бұрын ұшқан жүздеген кемеден әлдеқайда салмақты да, ардақты еді. 10 қазан күні Құс жолындағы құдіретке айналып, Жер-Ананың құшағына оралды. Содан тура 2 ай 6 күннен кейін Алаш жұртының көкке созған екі қолы Азаттық тізгінін ұстады!

Не керек, Тоқаң – ғасырлар бойы көз жазып қалған рухымызды көктен жерге жеткізген құдірет! Құс жолындағы құдірет!

Қарқаралыда қасиет бар, негізі.

Ерсін МҰСАБЕК

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button