Басты тақырып

Сөздiң дертiн серт жеңдi!

       MUHA9290Астанадан сүйіншілі хабар жетіп, Арқа жұрты арқа-жарқа бола қалды. Газетіміздің Бас редакторы, белгілі публицист, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Мағауия СЕМБАЕВ ҚР Президентінің бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы сыйлығының иегері атанды! Бұл – сөз жоқ, Қарағанды журналистикасының абыройы!

Елеулі еңбегі мен 40 жылғы көзмайының өтеуіндей болған мәртебелі сыйлықты ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіхалықованың қолынан алған салтанатты сәтте Мағаш ағаның өзі де, күні кеше өңір журналистерін кәсіби мерекелерімен құттықтаған облыс әкімі Ерлан Қошанов та осылай деді. Иә, Арқа баспасөзінің абыройы асқақтап тұр!

Былай қарасаңыз, бұл сыйлықты кім алмай жатыр?! Бірінің «мерейіне» «Апыр-ай, қалай алған?» деп, таң қалып жатсақ, бірінің жеңісіне «Бәрекелді! Еңбегі – ерен, әбден лайықты!» деп, мерейгермен бірге шаттанып жатамыз. Біздің лауреат – осының екіншісі! Қарағанды баспасөзінің «отымен кіріп, күлімен шыққан» бір қаламгер болса, ол – Мағауия Сембаев! «ҚазМУ-дың журналистика факультетіне метіркемен түсіп (жасы 16-ға толмай), бүгінде қазақ журналистикасының төлқұжатына айналған» (Көпен Әмірбек) кім? Ол – Мағауия Сембаев! «Орталық Қазақстан» газетінде Рамазан Сағымбеков, Рымқұл Сүлейменов, Нұрмахан Оразбеков сынды ұстаздарынан қалған игі дәстүрге лайықты мұрагер болып, өз алдына мектеп қалыптастырған кім? Ол – Мағауия Сембаев! Арқа жазармандарының арасында «Шерханның (Мұртаза) шекпенінен шыққан», баспасөз баһадүрінің сеніміне ие болған кім? Ол – Мағауия Сембаев! Тізбектей берсек, даладай – дархан, баладай – аңғал ағамыздың дара қасиеттері толып жатыр.

Иә, Мағаш ағаны мақтай беруге сөз табамыз. Бірақ, сөз сардарының есімін айтып  мақтанатын күн – бүгін! Бойына сөздің сөлін, бабаның рухын сіңірген қалам қайраткері абырой биігіне өзімен бірге Арқа журналистикасын арқалап шықты. Ормандай оқырман үшін бұдан асқан олжа болмас, сірә. Зер салыңыз, ҚР Президентінің БАҚ саласындағы сыйлығы жыл сайын екі журналиске ғана берілетінін ескерсек, олжамыздың орасан, еншіміздің ерен екенін еркін түсінесіз. Екінің біріне, егіздің сыңарына бұйыра бермейтін бақ!

Сондай-ақ, Елбасы сыйлығы біз­дің сала сарбаздары үшін ең мәр­те­белі мерей болғанымен, Мәкең – бұған дейін-ақ бір журналистің қа­­­лам қарымына берілетін бағаны да, сыбағаны да қанжығаға бөктерген қаламгер. Небары 25 жасында Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының иегері атанды. ҚР Мәдениет қайраткері, Г.Толмачев атындағы ұлттық байқаудың «Үздік БАҚ редакторы» аталымы бойынша жеңімпазы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

Жасыратыны жоқ, шығарма­шы­лық ұжым жазуға шеберміз ғой. Мақала да жазамыз, арыз да домалатамыз. Мәкеңнің шығармашылық жолдағы еңбек өтілі – тура 41 жыл. Кем дегенде, соның 20 жылын арызбен арпалысуға арнады. Жүрегі сыздады, жүйкесі жұқарды. Алайда, жүйкесі жұқарғанның бәрінің қаламы мұқала бермейтінін Мәкеңнің жігері дәлелдеп шықты.

Қалай болғанда да, көркем очерк­терімен көш бастап, журналистік зерт­теулерімен зерделерді оятып, «Ой-тамызығымен» ордалы ойлар­ға түрткі болып жүрген һас талант шынайы бағасын алып, шығарма­шылықтың шыңына табан тіреді. Сөз­дің дертін қалам серті жеңді!

Ортақ абырой, ордалы қуанышымыз құтты болғай, ағайын!

P.S. Абзал аға, ұлағатты ұстаздың жетістігі жайлы сүйіншілі хабар таратып жатқанымызда, кейбір ағаларымыз «Бұл сыйлықтың жүлдесі қанша екен?» деп қалды. Жабырқап сала бергенбіз. «Ақшасын қайтесіз, аға?! Арқаға келген абыройын айтыңыз» деген екі ауыз сөз тіл ұшында қала берді. Көмейден өткізіп, ішке әрең жұттық. Апыр-ай, абыройымыз ақшаға тәуелді болып барады-ау, ә…

Ерсін МҰСАБЕК.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button