Жаңалықтар

«Сөздің батпан салмағын сездің бе, ұлым?..»

«Дәрігердің үш қаруы бар: бірі – пышақ, екіншісі – шөп, үшіншісі – жылы сөз» депті медицинаның атасы Ибн Сина. Яғни, адам жанын жылы сөзбен емдеп, көңілін көлдей етуге болады. Жанға жағымды жылы сөз құлақ арқылы адамның қан тамырына тарап, өміріне, ұстанымына әсер ететінін медицина ғылымы баяғыда дәлелдеген. Әсіресе, пандемия кезінде, індеттен адамдар көз жұмып, әр адымымыз қауіп-қатерге толы болғанда, жан жадыратар бір ауыз сөзге мұқтаж болдық…

Күнделікті өмірде айтылып жатқан сөзге мән бермейміз. Негізінде «сөз ең бірінші пайда болған» делініпті діни кітаптарда. Сөзде көзге көрінбейтін сиқыр, энергия бар. Сөз адамның өміріне әсер етеді. Әйтпегенде, дана бабалар «Сөз сүйектен өтеді» демес еді. Сондықтан, әр сөзге абай болу керек. Ал, сіздің сөзіңіз біреуге пайдасы тиетін болса, онда жақсы сөзіңізді аямауға міндеттісіз. Себебі, «Жақсы сөз – жарым ырыс» емес пе?

Біз әр күні ұйқыдан оянған сәттен бастап, кешке ұйқыға жатқанша істеген тірлігіміздің бәрі сөз арқылы жүзеге асады. Егер, күні бойы жақсы сөз айтып, көңілді жүрсек, маңайымызға нұр шашып жүреді екенбіз. Жақсылықты осылай жақсы сөз арқылы шақырады екенбіз.

Ал, күні бойы аузымыздан ақ ит кіріп, көк ит шықса, әркімді сыртынан жамандап жүрсек, айналамызға жаман энергия таратып, елдің көңілін түсіріп, тіпті, ауруға шалдығуына да әсер етуіміз мүмкін екен. Қайсына басымдық берсек, өміріміз сол жағына ауады. Байқасақ, өміріміздің шуақты, деніміздің сау, жолымыздың ашық болуы сөйлеген сөзімізге байланысты екен. Сондықтан да, дәрігерлер сөз терапиясын науқасты емдеу барысында қолданады. Мейірімді, жылыжылы сөйлейтін дәрігер, осылайша науқасты аяққа тұрғызады. Біз шынында, дәрі-дәрмек немесе ота жанымды алып қалды дейміз. Ал, сөздің құдіретіне аса мән бермейміз. Сөз алдыңғы екеуін толықтырып, емнің қонып, жазылып шығуына әсер етеді.

Сөзіміз дәлелді болуы үшін Шерхан мұртазаның «Дәрігердің үшінші қаруы» шығармасындағы науқас пен дәрігер арасындағы мына бір сәтке назар аударайық.

Мұнда да бас кейіпкер Әшім дәрігер «үшінші қаруын» қолданып, науқас өмірін сақтап қалады. Ауыр дертке шалдығып, өмірден баз кешкен жас келіншектің төсекке таңылған ғұмырын сақтау үшін барын салады. Жас дәрігер Ибн Синаның мына бір сөзімен оның көңілін жұбатып, рухын оятуға тырысады: «Науқас адам дерт пен дәрігердің ортасында тұрады. Егер ол дәрігерді жақтаса, екеулеп дертті жеңеді. Ал, егер науқас дерт жаққа шықса, ол екеуі бірігіп дәрігерді жеңеді. Сондықтан, сіз мені жақтауға міндеттісіз» дейді. Осы сөздерді естіген жас келіншек дәрігердің жанарынан үміт отын көріп, өмір үшін күресуге күш табады. Шығармадан дәрігердің қызметіне деген адалдығын да көреміз.

– Әуелі алдымызға келген емделушімен сөйлесеміз. Сол арқылы оның ауруды жеңуге деген ынта-жігерін байқаймыз. Төмен болса, көтеруге, ойдағыдай болса, түсірмеуге күш саламыз. Дәрі-дәрмек – себеп қана. Өйткені, адам организмі мидың бұйрығын бұлжытпай орындайды. Сол үшін «Мен ауру емеспін, сауығып кетемін, мықтымын, шамам келеді» деген сөздерді адам миына құйып отыруы тиіс. Егер, олай болмаса, организм әлсіреп, күреспей қояды. Дәрі-дәрмек те, пышақ та құтқара алмайды, – дейді Қарағанды қалалық №1 көпбейінді аурухананың невропотолог дәрігері Сұлтан Абылбеков.

Жуырда теледидар қарап отырып, көлік апатына ұшыраған жігіттің аяққа тұрып, кәсіпкер болғанын көріп таң қалдым. Сонда оның аяққа тұруына Ахметбек Нұрсиланың батырып айтқан сөздері әсер етіпті. Ол Алаш арыстарының отты өлеңдері мен жебедей сөздерінен мысал келтіріп, әлгі жігіттің намысын жаныған. Осыдан рухтанған жігіттің бойына қан тарап, аяқ-қолы икемге келе бастапты. Көп ұзамай, сенімі оянып, сауыққан. Тіпті, кәсіп ашып, жағдайын да жасаған. Қазір туған-туысына қол ұшын беріп жүр екен.

Ендеше, жақындарымызға жылы сөз айтып, айналамызға жақсы энергия таратып жүрейік!

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button