Көпшілік «ЖИ адамға қасірет әкеледі!» деп алаңдаушылық білдіруде
Биыл жасанды интеллект ең көп айтылатын, ең көп талқыланатын тақырыптың біріне айналды. Бір кезде қиял болып көрінген технология өмірдің барлық саласына дендеп еніп, қоғамның даму бағытын айқындап отыр. Енді мәселе «Жасанды интеллект керек пе?» деген сұрақта емес, «онымен қалай өмір сүреміз, қалай басқарамыз?» деген сауалда. Осы ретте бір маңызды дерекке назар аудармай өту мүмкін емес. Әлем елдерінің мемлекеттік басқаруда жасанды интеллектіні қолдануға дайындық деңгейін бағалайтын Government AI Readiness Index – 2025 рейтингінде Қазақстан айтарлықтай ілгеріледі. Oxford Insights халықаралық талдау орталығы жариялаған бұл тізімде еліміз 195 мемлекеттің ішінде 60-орынға тұрақтады.

Бұл – бір жылдың ішінде 16 сатыға жоғарылаған серпін. Өткен жылы Қазақстан бұл рейтингте 76-орында болған еді. Яғни, уақыт талабын аңдап, технология тілін түсінуге бет бұрған елдер қатарына нық қадаммен жақындап келеміз.
Жасанды интеллект – адамның ойлау, талдау, үйрену қабілеттерін алгоритм арқылы модельдейтін жүйе екенін барлығымыз білеміз. Бүгінде ол тек ІТ саласында ғана емес, медицинада, білімде, өндірісте, қаржыда, журналистикада, мемлекеттік басқаруда кеңінен қолданылып келеді. Диагноз қоятын бағдарламалар, оқушының білім деңгейіне қарай тапсырма ұсынатын платформалар, өндірістегі қауіпсіздікті бақылайтын жүйелер – оның айқын дәлелі.
Қазақстан да бұл үдерістен шет қалған жоқ. Мемлекеттік қызметтерді цифрландыру, деректерді талдау, білім беру жүйесін жаңғыртуда жасанды интеллект элементтері кезең-кезеңімен енгізілуде. Бұл – уақыт талабы.
– Жасанды интеллект адамды алмастырмайды, бірақ, оны меңгерген адам меңгермеген адамды алмастыруы мүмкін. Сондықтан, ең бастысы – технологиядан қорқу емес, оған бейімделу. Ақылды құралды қолдану – адамның өз қолында. Егер ЖИ-ді тек пайда табудың немесе бақылаудың құралы ретінде емес, қоғам игілігіне қызмет ететін тетік ретінде дамытсақ, ол өркениеттік серпінге айналады. Бұл салада сауаттылықты арттыру, білім мен мәдениетті ұштастыру – мемлекет пен қоғам алдындағы ортақ міндет, – дейді жүйелік администратор Евгений Павлов.
Әлбетте, жасанды интеллект туралы қоғамда екіұдай пікір бар. Бірі оны «өркениеттің жаңа мүмкіндігі» десе, енді бірі «ЖИ адамға қасірет әкеледі!» деп алаңдаушылық білдіруде. Дегенмен, дәл осы сұрақтың астарында технологиядан бұрын адамның өзіне деген күмән да болуы бек мүмкін. Шынында, адамзат тарихында әрбір жаңа технология алғашында үреймен қарсы алынған. Бу машинасы шыққанда да, электр жарығы тарала бастағанда да, интернет өмірге енген тұста да «адам еңбегі жойылады», «ойлау қабілеті әлсірейді» деген қауіп айтылды. Алайда, технология адамды алмастырған жоқ, тек оның мүмкіндігін кеңейтті. ЖИ да осы жолда. Бірақ, оның шапшаңдығы, яғни, адамнан жылдам жұмыс жасауы, шынымен, қорқыныш ұялатады. Солай бола тұра, ЖИ адам емес. Ол тек есептейді, сезбейді, қиналмайды, сүймейді, өкпелемейді, ар алдында жауап бермейді. Оның бойында түйсік жоқ, мораль жоқ, таңдау жоқ.
ЖИ шешім қабылдамайды, ол тек алгоритмді орындайды. Ал, алгоритмді жазатын – адам.
Демек, жасанды интеллект адамды алмастыра алмайды. Себебі, адамды адам ететін – ой емес, ар. Ал, арды ешбір бағдарламаға кодтап салу мүмкін емес.
Сондықтан, мәселе «қорқу» немесе «қарсы болу» емес. Мәселе үйрену, бейімделу, жауапкершілікпен пайдалануда.
Жасанды интеллект адамзат ақылынан туған құрал. Ол адамға қарсы емес, адамға тәуелді. Соңғы сөз әрқашан адамдікі. Ойы бар адам қолданса, ойы тереңдейді, ойсыз адам қолданса, ойсыздығы айқындалады. Қасірет те, игілік те технологияның өзінде емес, оны қолданатын ниетте.
Салтанат ІЛИЯШ,
«Ortalyq Qazaqstan»



