Сұрыптау кентінде – жаңа мешіт
Белгілі қоғам қайраткері, көптеген орындарда жауапты қызметтер атқарған азамат, «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері Қанат Өскенов туған жері Сұрыптау кентіне жаңа мешіт салдырып, салтанатты түрде ашылу рәсімін өткізді. Мешіт бір мезгілде 1500 келушіні қабылдай алады.
Жоба авторлары мешіттің сәулетіне ерекше назар аударғанын байқауға болады. Күмбезі – 9,6 метр, мұнара биіктігі – 19,04 метр. Алты терезесі салынып, қабырғасы қара граниттен ойылған жазулармен өрнектелген. Қасбеті Дағыстаннан алдырылған табиғи тастармен көмкерілген. Бұл жерде шаңырақ көтергендер келіп некесін қия алады. Сонымен қатар, ас беруге арналған кең асханасы да бар. Дәрет алу, мәйітті жуу орындары да қарастырылған.
Айта кетейік, бұл мешіт Қанат Қамзеұлының жеке қаражаты есебінен салынған. Сырттан ешқандай қаржы жиналмаған. Осы жақсылығы үшін жерлестері әкесі Қамзенің құрметіне жаңа мешітке «Қамзе ата» атауын берген.
Әкесі Қамзе 1904 жылы дүниеге келген. Соңынан 6 ұлы қалған. 96 жасында дүниеден өткен әкесінің құрметіне ұлы күмбез биіктігіне осы сандарды арқау еткен.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА,
Ortalyq.kz