Сұлулық пен ерлікті еншілеген
Жезқазған қаласында заң саласында қызмет атқаратын қыз-келіншектердің арасында өткізілген «Сұлулық және ерлік» байқауы ішкі мазмұнының тартымдылығымен ерекшеленді. Арулар мерекесі мен Қазақстан полициясының құрылғанына ширек ғасыр толуына орай ұйымдастырылды. Жезқазған ІІБ басшылығы дәнекерлік еткен сындарлы сынға Жезқазған, Қаражал, Сәтбаев қалалары және Ұлытау ауданының өкілдері қатысты.
Бас-аяғы бес бөлімнен тұратын бәсекелі байқауда арулар аянып қалған жоқ. Алғашқы кезеңде олардың күнделікті қызмет формасымен жүріп-тұруы, ортада өзін-өзі ұстау мәнері бағаланды. Екінші бөлім барысында сұхбаттасу арқылы білімдері мен біліктілігі сынға түсті. «Қару-жарақтарды даярлау» атауы телінген үшінші бөлімде олардың ұқыптылығы мен шапшаңдығы сарапталды. Төртінші кезеңде арулардың өз өнерлерін паш етуіне мүмкіндік берілді. Ал, соңғы сында оған қатысушылар қазылар алқасы мен көрермен назарына сән әлеміндегі соңғы киім үлгілерін ұсынды.
Байқау қорытындысында «Жезқазған аруы» аталымы бойынша Сәтбаев қаласы ІІБ ЖПҚ ЮПТ учаскелік полиция инспекторы, полиция аға лейтенанты Александра Кулитис ат оздырса, Жезқазған қаласы ІІБ штаб бөлімшесінің инспекторы, полиция капитаны Тоғжан Мұқанова «Сұлулық және ерлік» аталымында озық шықты.
Тағылымды әрекеттерімен ерекшеленген басқа да қатысушылар «Сүйкімді», «Талантты», «Шешен», «Дарынды», «Өнерлі», «Әсем» аталымдарын еншілеп, бағалы сыйлықтар және арнайы дипломдармен марапатталды.
Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ
ЖЕЗҚАЗҒАН қаласы.