Жаңалықтар

«Сұлуды адам жаны қимайды екен…»

Кәкімбек Салықовтың осы бір шығармасы жез маралдың жалғаннан жалтармаған болмысын бергендей. Кейде осы бір кермаралдардың тосын қауіпке душар тіршілігі қазақтың өткен қилы тағдырынан ақпар беретіндей көрінетіні несі?.. Табиғаттың таңғажайыбын жұртымызда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасына сәйкес, аулауға 2024 жылға дейін тыйым салынғаны аян. Кейінгі дәйектерге сүйенсек, өткен жылдың сәуір-мамыр айларында жүргізілген санақ бойынша Қазақстанда ақбөкендер саны – 1 318 000-ға көбейіпті. Шүкір дейміз бе?

Ұлан-ғайыр даламыздың сәні болған бөкендерді жат көзінен қорғауды діттеген Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі мен Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бірлескен жоспарына сәйкес, жазғытұрымда киіктердің төлдеуіне байланысты республика көлемінде бір ай бойы киіктерді қорғау акциясы өткізіліп тұрады. Акцияның мақсаты – жануардың меңдеген жарасы болса, емдеп жөніне жіберу.

Атамекеніміздің 13 облысының аумағында жүргізілетін «Ақбөкен» кең ауқымды акциясына қатысуға 2 тікұшақ, 90 джип, «КамАЗ» автокөліктері мен «дрон» аппараттары, түнгі көру құрылғыларымен қамтылған «Охотзоопром» мекемесінің 200-дей инспекторлары сақадай сайланады. Биыл сәуір-мамыр айларында еліміздің 4 облысында атуға тыйым салынған киік және «Қызыл кітапқа» енгізілген (арқар, қарақұйрық, т.б.) аңдарға санақ жүргізу жоспарланды.

Абай, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Ұлытау, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарының аумақтарында республикалық «Ақбөкен» кең ауқымды акциясының бірінші кезеңі өткізілді. Осы мерзім түз жануарының төлдейтін уақыты. «Құралайдың салқыны» кезінде текелер аналықтардан бөлініп кетеді де, бөкен мүйізін кесуші қарақшылардан қауіп күшейе түседі. Сондықтан, жақын маңда жануарлар мекендейтін елді мекендерде рейдтер өткізілді.

– Бұл үшін біздің инспекторларымызда өтімділігі жоғары көлік құралдары бар және барлық жағдай жасалған. Айта кету керек, соңғы уақытта ақбөкендердің табиғи жағдайда қырылу пайызы өте төмен. Ал, көбею саны артып келеді. Қазір шамамен 489 мың бас бар, – деп хабарлады «Охотзоопром» ӨБ Орталық өңірлік филиалының басшысы Шындос Омаров.

Қаперге сала кетелік, саны сиреп бара жатқан қаймана халық арасында киік деп аталып кеткен асыл, қасиетті аңды атқандарға 5-7 млн. теңге айыппұл салынып, сонымен қатар 3 жылдан 10 жылға дейін мерзімінен бас бостандығын шектеу қарастырылған.

«Охотзоопром» орталығының өңірлік филиалы басшысының орынбасары Жанат Рахымбековтің айтуынша, киіктердің көбеюі көңіл қуантады. Есесіне, саны көбейген жануар өрістеп жүріп, жекелеген шаруашылықтар алқабына түсуді жиілетті.

– Жаз мезгілдерінде ақбөкендердің алқапқа түсуі бізді әлекке салады. Әдетте, шаруашылық өкілдері, фермерлер бұл жайттарға ауызша наразылық білдіріп жатады. Ә деген бетте ол ауқымды алқаптарды қоршау да тиімсіз. Шығыны – орасан. Біздің міндетімізге тек түз жануарларын қорғау ғана жатады. Сондықтан, шаруаларға алқаптарды күзетуге кеңес береміз. Қалай дегенімізбен, алқапты қоршау амалдары бәрібір күн тәртібінде тұр. Әрине 50 мың гектарлық жер аумақтарының қоршалып күзетілуіне мемлекеттік органдар да жәрдемдесуі қажет пе деп топшылаймыз, – дейді спикер.

P.S. Дала еркесі тағысы ақбөкеннің бұрын-соңды кешкен талайлы тағдыры хақында тебіренбей сөз толғау әсте мүмкін емес. Қазақ сахарасы мен Моңғолияда ғана сақталған құбатөбөл реушен нұрлы бөкеннің амандығын бөтеннің амандығынан бетер уайым қыларыңыз жасырын емес. Киіктей киеліні атқан адам бақытсыздыққа душар болады деген терең сенім бар…

Мамырдың соңына таман соғатын өкпек жел – Құралайдың салқыны. Құралай – киіктің төлі. Бұл уақ төбеңізге бұлт төніп, көкзеңгір күрт бұзылады. Дегбірсіз нөсер жауады, қар аралас жаңбыр жаууы да ықтимал. Ақбөкендер бұл шақта өрлей жүріп, лағын желге қарсы өргізеді. Әлбетте, кейде бізге төл тағдыры ел тағдырымен егіздей болып көрінетіні бар. Жамиғатымыз да, табиғатымыз да бүтін болғанға не жетсін. Биыл Құралайдың салқыны қалай өтер екен?..

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button