Сәкеннің кенже інісін білесіз бе?
Қарағандыда Сәкен Сейфуллиннің әкесі Сейфолланың кенже ұлынан тараған ұрпақтары тұрады. Бүгінде өсіп-өнген әулет. Қызыл үкіметтің жендеттері Алаш арыстарының, зиялылары мен оқығандарының соңына түсіп, ұрпақтары мен туған-туыстарын, тіпті, жарларын қудалап, азап лагерьлеріне айдап жібергені мәлім. Тарихтан хабары бар оқырман осындай заманда ақсүйек Сейфолланың атұстары, ер Сәкеннің туған бауыры қалай аман қалуы мүмкін деген сауалмен бетпе-бет келетіні мәлім. Мұны бізге Сейфолланың Сапар деген баласынан туған немересі Досмұхамед Сейілов айтып берді. Бұл дерек егемендік алғаннан кейін де бірнеше жылдар құпия болып сақталғанын атап өткен жөн.
Сейфолланың баласы, Сәкеннің туған бауыры Сапар деген ұлдан 9 бала тарайды. Тоғыздан бүгінде бесеу ғана қалған. Досмұхамед, Ердос, Гүлнар, Назым, Назгүл. Сапардың асыл жары Ғалия шешеміздің де өмірден озғанына біршама жыл өтіпті. Ал, Сапардың жарық дүниеге аман-есен келуін ұлы Досмұхамед былай баяндайды.
– Сейфолла атамыз тұтқындалып кетіп бара жатқанда, Сәлиман деген үлкен шешеміз Сапар әкемізге жүкті болыпты. Сейфолла атамыз тоқалын, жатырындағы баласын Сейіл деген өзінің немере інісіне аманаттайды. Аманатын түрмеде жатып хатпен жолдаған деседі. Сол кезеңде Сәкен атамыздың жары Гүлбаһрам да «Халық жауының әйелі» деген айып арқалап, қуғынға ұшыраған еді. Сәлиман Гүлбаһрамның кебін кимесі үшін оны Сейілге тұрмысқа беріңдер деген екен, – деді Досмұхамед Сейілов.
Сәлиманның ұл туатынын Сейфолла білген деседі. Түсінде аян беріпті-мыс. Сейфекең – хат таныған адам. ҚарЛАГ түрмесінен жолдаған бір хатында: «Мен түсімде қыран көрдім. Сәлиман ұл туады. Мына азапты сапардан аман ораламын ба, оралмаймын ба, ол – бір Аллаға аян. Ұлдың есімін Сапар қойыңдар» деп, өзі аманаттаған екен. Неге Досмұхамед Сейфоллин емес, Сейілов болғанын осы әңгіме түсіндіріп тұр.
Міне, өзінің ұрпағын, аяулы жарын қуғын-сүргіннен сақтау үшін Сейфолла Оспанұлы осындай әрекетке барған. Сейфолла 71 жасында Сәкеннің әкесі болғаны үшін ғана сотталған жоқ. Өткен ғасырдың 20-шы жылдары Қазақстанда болған алғашқы ашаршылық кезінде Жаңаарқа ауданының көлемінде дүрлігулер жиі орын алып отырған. Оларды ұйымдастырушылардың қатарында Сейфолланың немере інісі Дәулетбек Мұстафаұлының есімі аталса, дем берушілерінің бірі – Сейфолла Оспанов. Бұл жылдары Сейфолланың ел ішіндегі беделі аса жоғары болған. Және бір айта кететін жағдай, Кеңес үкіметі тұсында Сәкенді кедейдің баласы ретінде көрсету мақсатында әкесінің тұрмыс жағдайы жұпыны болған деп түсіндіріліп келді. Ал, шындығында Сейфолла дәулетті адам болған. Сталин жендеттерінің дүрбісінен тасалану үшін талай байдың баласы өзін кедей етіп көрсеткен. Мұндай тағдырды Қасым Аманжолов та басынан өткерген. Әкесі Рақымжан мыңды айдаған бай еді.
Жаңаарқа ауданы Киров атындағы колхоздың мүшесі Сейфолла Оспанов 1937 жылы 8 желтоқсанда ІІХК (НКВД) үштігінің шешімімен ату жазасына кесілді. Ал, ұлы Сәкен 1938 жылы 25 ақпанда Алматыда атылды.
Сапар 1938 жылы дүниеге келіп, 1980 жылы жүрек дертінен көз жұмады. Соңғы демі үзілгенше, Сейфолланың емес, Сейілдің жалғызы болып кетті. Сейіл мен Сәлиманның ортақ перзенті Сәпияш есімді жалғыз қыз 1940 жылы туған.
Сейфолла әкеміздің аманатын арқалап қалған Сәкеннің кіші шешесі Сәлиман анамыздың тағдыры хақында да дерек бар. Сәкен бабамыз абақтыда жатып, Сәлиманға өлеңмен хат жолдаған екен. Сәкеннің соңғы хатын Сәлиман шешеміз тұмар секілді қаптап, кебісінің қонышына тігіп алып, жарты ғасыр сақтаған. Бұл өлеңнің ән болып айтылған нұсқасы «Шалқар» радиосының алтын қорынан табылыпты. Алтын қорға тапсырған – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Ұлттық өнер университетінің профессоры, белгілі дәстүрлі әнші Айтбек Нығызбаев. Сәкеннің соңғы хатындағы өлеңді әнімен қоса бұл кісі 1989 жылы Сәпияш Сейілованың (Мұсабекова) өз аузынан таспаға басып алыпты.
Әуелі сөз бастайын біссімілләдан,
Алладан өлмей қалмас туған адам.
Мұхамед Ғарифулла жары болса,
Сөйлеп қал, қызыл тілім бұдан бұрын.
Құйылар бір күн топырақ екі көзге,
Кім жеткен бұл жалғаннан жасы жүзге?
Жүзінде кең дүниенің кеңес бастап
Қалармыз әлі-ақ өліп бір күн жерде.
Жерлерде әлдеқандай болады орным,
Дүниеден жаман-жақсы кеңес құрдым.
Сасығын өз денеңнің өзің иіскеп,
Жатарсың жер астында қайран мұрын.
Дүние көпті жақсы соққан желдей,
Кеттік қой біз де алыстап туған елден.
Дүниенің опасы жоқ осы емес пе?
Асырды бізді талай-талай белден.
Дүние ойлап тұрсам бір желқайық,
Байқасам еш адамға қылмас байып.
Бұл дүние ертеңгі күн жоқ болады-ау,
Кетсе егер бір нәрседен табан тайып.
Ойласам маған жақын туған елім,
Сағындым Сарыарқаның самал желін.
Мекенім Қарашоқы, Талдыбұлақ,
Аңсаймын еске түссе Көктіңкөлін.
Сәлем айт Сарыарқаның даласына,
Ой-шұңқыр Қараөзектің саласына.
Біз кеттік көп қаладан, туған елден,
Алыста, қайран елім, қаласың ба?
Ей, анам, мені ойлап жыламашы,
Көл қылып көздің жасын бұламашы.
Бұл заман басқа салды мұндай шақты,
Қайтейін, медеу қылдым жалғыз Хақты.
Ұрпағы өсіп-өнген рулы ел боп,
Деуші еді бабам Тоқа аруақты.
Ескене, Бәйбек, Жәмбек – бергі атам,
Қайырлы деуші еді ғой берген батаң.
Мехнат, қиыншылық басқа түсті,
Жоқ еді істерімде ешбір қатам.
Ор, Оба, Есен, Нұра – жерім еді,
Қуандық, Қаратоқа – елім еді.
Қолдар деп қысылғанда бабаларым
Сендерге Сәкен балаң сеніп еді.
Бар жазығым елді біраз билегенім,
Паңдарды ұлықсыған илегенім.
Әйел мен кедейлерге теңдік беріп,
Соларды өрге қарсы сүйрегенім.
Міне, «Кіші Сейфуллиндер» тағдыры осылай шиырлайды. Сұңқар Сәкеннің биылғы мерейтойында да, болашақта ұйымдастырылар шараларда да ақынның кенже бауыры Сапардың ұрпақтары да құрмет төрінен көрінсе екен деген ниетпен біраз құпияның бетін ашуға тәуекел етті. Алайда, Сапар әулетінің тарихы айтылуға мүлде тыйым салынған құпия емес.
Сәкен ақталғаннан кейін ақынның бауыры Мәжит Сейфуллин Алматыдан арнайы Сапарды іздеп келеді. Бұл Сәкен Сейфуллиннің 1964 жылы аталып өткен алғашқы мерейтойы қарсаңында болса керек. Сапар отбасын құрып, балалы-шағалы болып қалған. Мәжит бауырымен табысып, ағасы інісін Алматыға алып кетпек ниет танытады. Сонда Сейіл марқұм: «Сейфекеңнің атын ататуға бір Сәкен де жетеді. Ал, мені қубас өтсін демесеңдер, мен өлгенше Сапар менің балам болсын» деп, өзінің де, бауырында өскен Сапардың да тағдырына «үкім» шығарған екен.
Сапардан тараған ұрпақ та Сейіл аталарының аруағы алдында адалдық танытып, «Сейілов» деген тектерін өзгертпей жүр.
Ерік НАРЫН,
Суреттер Д.Сейіловтің жеке мұрағатынан.
Ortalyq.kz