Сәкен театры – көкем театры

Сәкен театрының қасынан өткенде менің арқама Аруақ қонады!..

Бүгінгі еңсесі қандай биік!

Қазақ ұлттық драма театрларының ішіндегі еңселілерінің бірі һәм бірегейі!

Алдында қасқайып отырған Сәкен ескерткішіне көз түскенде, қайдағы-жайдағы еске түседі. Бір рет өліп, екі мәрте қайта туған Ардағымыздың асқақ келбеті Алаштың автопортретіндей – сұлу, дана, дара!

Қасиеті ерек қандай ұлы ел едік – көрсе көз тойғандай! Қандай тар жол, тайғақ кешулерден өткенбіз, қандай асу, бел-белестерге жеткенбіз: бодан кезіміздегі ескі театр мен егемен кезіміздегі жаңа театрға қараңыз – ұлттық азаттықтың асқақтығы осыдан-ақ көрініп тұр.

Сәкен театрының алдынан өткенде арқаға Аруақ қонады! Ұлттық рухтың ұлы дүбірі осы ғимаратта ойнақ салады.

Әрбір соны премьера сайын Қара­ғанды қазағының басы осында қосылады. Өз жерінің қожасы, өз елінің иесі екенін исі қазақ осында келіп зерделейді. Қазақ ұлтының рухани шаңырағы – бұл!

Алматыдағы М.Әуезов атындағы академиялық драма театрды біреулер «Атам театры», біреулер «Әкем театры» деседі. Сәкен театрын біз «Көкем театры» десек, жарасып кетер еді! Көк – Көктәңірі деген сөз, Көктүріктердің Көктәңірі! Көк – Көктүріктердің көкбөрісі! Көкем де содан туындаған. Қазақ қасиетті ағасын Көкем деген. Сәкен театрын көкем театры дейтінім – содан!

Осы театрда ақындар өлең оқып, ақсақалдар бата беріп, Алаш жұрты күн сайын мәре-сәре болып жатуға тиіс!

Кешелі-бүгін осында республикалық театрлар фестивалі шеру тартты. Сәкен театрының алды – сән-салтанат! Сәкен театрының ішін ұлттық ой кернеп, Қарағанды көгіне ұлттық рух шалықтап ұшып барады. Алматы Мәскеуге ұқсаса, Қарағанды Санкт-Петербургке ұқсап барады…

Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.