Жаңалықтар

Құс үйшігіндегі құндылық

Қарағанды қаласының 90 жылдық мерейтойына орай шаһардағы орталық демалыс саябағында кітапсүйер қауым үшін құс үйшіктері орнатылды. Шағын құс үйшіктері жаңа бас­тама буккроссингке арналып отыр. Орталық саябақ әкімшілігі осылайша тұрғындарға серуен кезінде көбірек кітап оқуға мүмкіндік туғызғысы келетінін айтады. Өзіңіздің оқып болған сүйікті кітабыңызды әкеліп, арнайы ұяшыққа салып, басқа кітапты алуға болады. Бастама осы жүйемен жалғаса бермек.

Суреттер облыс әкімдігінің сайтынан

Шындығында, бұл – дамыған елдердің біразында бұрыннан бар дүние. Етек-жеңімізді жиып, еңсеміз тіктелді. Енді, рухымызды көтеріп, ұрпағымызды патриот болып өсуге жетелеу – кезек күттірмеуі тиіс. Кітап оқып өскен бала зерек әрі көзі ашық болады. Ол үшін алдымен кітап оқуды өзімізден бастауымыз керек. Осы тұрғыдан бұл – өте тиімді жоба.

Аталған буккроссинг – орталық саябақтың қонақтары үшін тамаша, ең бастысы, өте пайдалы бастама. Буккроссинг термині – кітаптардың еркін алмасуы дегенді білдіреді. Яғни, оқылған кітапты иесі үйінде шаң бастырып қоймай, жаңа иесін табуға жағдай жасайды.

Нақтырақ айтсақ, саябақта бұндай кітап қоюға арналған бірнеше үйшік бар. Олар фотосуреттегі картада белгіленген әртүрлі нүктелерде орналасқан.

– Біз саябаққа келушілер жаздың күндері судың бойында таза ауамен демалып, кітап оқудан тамаша ләззат алады деп сенеміз. Саятшылық үлгісінде жасалған шағын жәшіктерде сіз өзіңізбен бірге алып кететін және серуендеу кезінде оқуға болатын кітаптарды таба аласыз. Барлығын осы бас­тамаға қосылуға және Орталық саябақта өз кітаптарымен бөлісуге шақырамыз. Өйткені, кітап оқу адамның таным көкжиегін кеңейтумен қатар, денсаулығына да пайдасы зор! – деп атап өтті саябақ әкімшілігі.

Қала тұрғындары бұл жаңа бас­таманы жылы қабылдады. Тек, қарағандылықтар бұл үйшіктер мен ондағы кітаптардың сақталуына алаңдап отыр.

Дегенмен, қазірдің өзінде байқалғандай, қала тұрғындары «құс үйшіктеріне» мейірімділікпен қарап отырғанын атап өткен жөн. Қоғамдық орындағы ортақ мүлікке құрметпен қарап, оны қорғау да мәдениеттілікке жатады…

Құстарға арналған үйшіктердің кейбіреуіне тұрғындар дән пен нанның үгіндісін салып кеткен. Бастаманы толық түсінбегендер оны құстар үшін жасалған ұяшық деп ойласа керек.

Алайда, қарағандылықтар аталған үйшіктерді жоспарланған мақсат үшін дұрыс пайдалануды сұрайды. Өйткені, саябақта құстарға арналған ұяшықтар бар. Олар бұл үйшіктерге қарағанда биікте орналасқан.

Өз тілшімізден.
ҚАРАҒАНДЫ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button