Сүйіндіктің парасатына сүйсіндік
Ұлтжанды ерлер бар екен ел ішінде. «Ұлттық рух – ұлт баспасөзінде!» деген жаңаарқалық мұғалім Нұргүл ШАМАЕВАНЫҢ бастамасын жер-жердегі азаматтар жерге тигізбей іліп әкетті. Міне, Шеттен Сүйіндік АСАН мырза үн қатты. Өрелі ұлдың өнегесін көрсетті. Атымтай Сүйіндіктің парасатына елмен бірге біз де сүйсіндік…
Мынау қысылтаяң кезеңде «Орталықтың» таралымы 9 мыңға таяп барды. Әрине, бұл – ормандай оқырманның адалдығы мен Сүйіндік сынды арда ұлдардың жанашырлығының жемісі. Жылдар бойы «Орталықтан» көз жазбаған көзіқарақты қазақ тағы жанымыздан табылды. Көкірегінде қазақ рухы жалындаған айдарлы ұлдар қолтығымыздан демеді. «Орталықтың» торқалы тойына тарту тартқан қызғыш құстардың таным-түйсігіне «бәрекелді» дескен қараша қарасы қалың. Сөйтіп, біз қайта қауыштық.
Интернеттің дәуірі жүріп тұрған заманда газетті музейге тапсыруға асыққандар өріп жүр. Сүйіндік мырзаның пайымы әлгі әпербақандардың аптығын басып, ақылға шақырды.
«Ақпараттық қоғам қанша жерден цифрланғанымен газет құндылығын жойған жоқ. Өйткені, газет – жұртшылықты жағымды жаңалықтармен сүйіншілеп, руханиятқа терең бойлататын, билік пен халық арасын байланыстыратын құрал. Ал, қажеттіліктен ешкім де бас тартпайтыны анық», – дейді Сүйіндік Асан.
Иә, газет – қажеттілік. Газет біз аузымыздың суы құрып әңгіме қылатын өркениетті елдерде күнделікті қажеттілікке айналған. Батыс жұрты газетпен оянып, газетпен ұйықтайды. Интернеті қанша дамыса да, газетті қоқысқа шиырып жатқан ешкім жоқ. Ал, біз дамығанның жөні осы екен деп, газеттің басына құлпытас қойғымыз келеді.
Жас та болса, бас болған Сүйіндік Асан – Ақжал кентіндегі «Nova Цинк» ЖШС-нің директоры. Өндірістегі ұңғыл-шұңғылы көп қызметімен қатар, қоғамдық іске де белсенді араласып келеді. Халық қалауымен облыстық мәслихатқа депутат болып сайланды. Елдің мұңын мұңдап, жоғын түгендеп жүр қазір.
«90 жылдыққа – 90 дана «Орталық» акциясы арқасында Ақжал кентіндегі тоқсан шаңырақ «Ortalyq Qazaqstan-нан» қол үзбейтін болды. Қарияларға газетті жаздырып берген депутат ауыл ақсақалдарының батасын алды. «…Батаменен ер көгереді» дейді қазақ. Көп тілеуі асыл азаматқа сүйеу боларына сенім кәміл.
«Сүйер ұлың болса, сен сүй, Сүйінерге жарар ол». Абайдан асырып айтпаспыз. Сүйініп те, сүйсініп те отырмыз…
Нұрқанат ҚАНАПИЯ.