Тұлға

Сұңқардың көз жасы немесе «Абақанов ақтаңдағы»

Сіздер Сұңқардың көз жасын көрдіңіздер ме? Көз жасы тұрмақ, Сұңқардың өзін көргендер некен-саяқ шығар ортамызда?

Белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, жазықсыз жаланың құрбаны болған Мейрам АБАҚАНОВТЫҢ асыл жары Кәшім ЖАҚЫПБЕКҚЫЗЫ көрген Сұңқардың көз жасын. Өзінің жаны егіліп, жүрегі езіліп отырып сүрткен Сұңқардың көз жасын.

Иә, Мейрам аға – сұңқар болмысты, тұлпар тұрпатты азамат еді. Асыл жанның қадірін ел білгенмен, қомағай қоғам білмеді. Тағдырын тәлкекке салған жазықсыз жала текті ағаның жанын да, тәнін де азапқа салды. Егілді. Қамықты. Шын жылады. Он екі жыл (1986-1998 жж.) жылады. Соңғы рет 1998 жылдың 3 сәуірінде жылады да, «Мен – ақпын! Ар алдында адалмын!» деп күбірледі. Сөйтті де, ақтық демі үзілді. 1986 жылғы 30 мамыр күнгі обком бюросында алған инсульттен оңалмады. Міне, биыл – қажырлы қайраткер, елін сүйген асыл азаматтың абзал жүрегі тоқтағанына 20 жыл.

…Сұңқардың көз жасының әр тамшысында аманат бар еді. Біз соны елемедік, аманатқа адалдық таныта алмадық. Өкінішіміз – осы!

Қарқаралының қыраны

…Көптен бері сал-төсек болып жатқан Мейрам ақсақал бүгін ұйқысынан сергек оянды. Күндегідей емес, өзін жеңіл сезініп жатыр. Осы өмірінде көрген көрешегі, тартқан азабы, бәрі-бәрі көрген түстей – елеске айналған секілді. Терезеден төгілген көктем күнінің көз қарықтырар сәруәр сәулесі аядай бөлмені нұрландырып тұр. Көкжиектен әжептәуір көтеріліп кеткен болу керек, күн сәулесі бөлмеге шығыстан емес, күнгей беттен қиғаштап төгіледі. «Ойпыр-ай, жап-жақсы ұйықтаған екенмін-ау… Тал түс болғанша тапжылмай жатқаныма қарағанда, жаным тынышталайын деген екен. Дертімнен айыға бастадым ба, әлде?», – деп күбірлеп, басын сәл көтерді де, ойға шомды.

Жезқазған. Қайран, Қаныштың Үлкен Жезқазғаны. Давыдов деген иттерге де сайранды салғыздың-ау. Құмай жоқта үретін көк төбеттер секілді, ол айналасындағы қазақ азаматтарын қапты да, талады да… Жезқазғанда «Давыдов дауылы» басталған тұста бір әріптесі: «Мына көкеміз қудалауды алфавит бойынша бастаған-ау… Абақанов, Аралбаев, Аханов. Бізге жеткенше, бір жөні болар» деген екен ащы мысқылмен. Тура солай болды да. Бұл үшеуі де нағыз халықшыл, ұлт руханиятына бүйректері бүлкілдеп тұратын шынайы қайраткерлер еді. Әлгі Давыдов деген шовинистке мұндай азаматтар ұнасын ба?!

Жерініп жатыр Жезқазғаннан. Жек көрмейді. Неге жек көрсін?! Халқы ымырашыл, даңқы асқақ қала еді. Кердеңдеген келімсектер келіп, қазынасын тонап, базынасына құлақ та аспай кете барды.

Осы сәтте ауыр күрсінді. Терең тыныстап, демін сыртқа шығарғанда, ішінен дем емес, жалын бүркіп – кеңсірігі күйік шалғандай аһ ұрды. Дүние дөңгеліп, көз алды тұманданды. Жадында ескі күндер жаңғырып сала берді. Алыс күндерге аңсары ауған тұста қайтадан жеңілдеп сала берген. Көз алдынан бүкіл өмірі тізбектеліп өтіп жатты…

Қарқаралы! Қасиетті Қарқаралы! Арқаның алтын тәжі! Арудың алтынмен зерленген сәукелесіндей көркем өлке. Биіктік – осында! Ұлттың рухы осында ұя салғандай! Сағынып кетті Қарқаралысын. Осы сергектікпен орнынан тұрып кетсе, шіркін! Бірден Қарқаралыға тартар еді… Көз ұшында кербез Кент таулары мұнартып, Нұркен ауылындағы нұрлы шағына құмартып барады.

Мейрам дүниеге келген уақыт заманның зобалаң шағы еді. 1931 жыл. Ел күйзеліп, жер жұтап тұр. Ел ішіндегі жүдеу тірліктің ақыры жақсы болмайтынын халық сезіп отыр. Ашаршылықтың нышаны аңғарыла бастаған. «Асыра-сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын!» деген жаңа үкіметтің ұраншыл саясаты қазақ халқын адамзат тарихында болмаған алапат зұлматқа жақындатып келе жатыр еді.

Әкесі Абақан (Әбдірахман) Қу ауданында халық соты, әділдігімен елге жаққан, көзі ашық, өз заманындағы зиялылардың бірі еді. Ұлттың үлкен бір апатқа ұшырайтынын іші сезіп жүр. Тұңғышы Мейрамның бесігіне сүйеніп, ауыр күрсінеді. «Құлыным-ай, сенің күнің не болар екен?» деп күбірлегенде, дардай адамның даусына өксік араласып кеткенін сезе қойып, тіксініп қалған бәйбішесі Ақлима:

Отағасы, заманның бетін көріп отырмыз. Несіне қамығамыз? Көппен көрген ұлы той. Ел көргенді көрерміз. Ел ішіндеміз ғой, әйтеуір. «Елде болса – ерінге, ауылда болса – ауызға тигенін» талғажау етіп, бұл күндерден де өтерміз. Жігеріңді жоғалтпа! – деді Әбекеңді сабырға шақырып. Қанша қайратты көрініп, қатаң тәртіптің адамы болғанымен, Әбекеңнің жүрегі жұмсақ еді. Балажандығы шығар, тұңғышы Мейрамның ертеңін ойлап егіліп тұрғаны…

Адалдық та, мейірімге толы жүрегінің жұмсақтығы да әкесіне тартқан Мейрамның жаны жасынан ізгілікке құштар болды. Оқуға зерек, іске мығым болып бой түзеген. Қарқаралыдағы №1 қазақ орта мектебін 1949 жылы бітіріп, сол жылы Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтына түсті. Оны 1954 жылы тәмамдап, туған жеріндегі «Бидайық» МТС-іне бас мал дәрігері болып орналасты. Сол сәттен бері ел ісінде – ел ішінде жүрді. Одан кейінгі жылдары Қарқаралы аудандық ауыл шаруашылығы инспекциясын басқарып, аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары лауазымына көтерілді. Анығын айтқанда, өз қолымен екі аудан (Жезді, Ұлытау) ұйымдастырып, екі аудан басқарған (Қарқаралы, Шет) іскер басшы, білікті ұйымдастырушы бір-ақ күнде «жау» болып шыға келді. Қырық жылға жуық ел басқарып, Қазақстан Компартиясының төрт съезіне делегат болып сайланған, бірнеше мемлекеттік наградалардың иегері дәл бұлай қудаланып, партия қатарынан, қызметтен қуылуы өзі түгілі, ел сенбейтін жағдай еді. Соны басынан өткерді. Отбасымен қуғындалып, ауыр күндерге душар болды. Манағы сергек ойы, қорғасын құйған қалыптай ауырлап, қайда тартып барады? Өз ойынан өзі селт етіп, ойын да, бойын да тез жинап алған.

Тіл ұшына Мәдидің «Қарқаралысы» оралды:

«Атыңнан айналайын, Қарқаралы,

Сенен – бұлт, менен қайғы тарқамады».

Қайран, Мәди! Екеуміз тағдырлас екенбіз ғой. Сен өз ағаң Қақабайдан, мен орыстың тоңмойыны Давыдовтан қысым көріп, Қарқаралымызды сағынған екенбіз ғой…

Одан кейін Мекеңнің санасын тағы бір мұңды әуеннің ырғағы билеп алды.

«Қарқаралы басында жалғыз арша…».

Әйтеуір Қарқаралысын сағынып жатыр. Туған жерге жол түсіп тұрғанын сезеді жұмыр жүрегі. Бірақ, тура бүгінгі сергектігі бой жазу екендігін, түсіп тұрған жол қаралы көш екендігін дөп басып тұрған жоқ… Тек қана, өткен өмірі, шуақты күндер, қуатты шағы, бозбала кезең, ел ісіндегі жемісті жылдар, келісті күндер көз алдынан көлбеңдеп кетер емес…

«Құралайдың салқыны»

«Абақанов ақтаңдағы» жөнінде журналистік зерттеу жүргізіп, осы тағдыр жайында қалам тербеп жүрген әріптес-ағаларым қайраткер тұлғаның қудалануын «Давыдов дауылы» деп жазып жүр. Жалпы, Мейрам Абақанұлының айыпсыз болмысындағы ақтаңдақ туралы көп жазып, сол ақтаңдақты ақиқатқа жақындатқан белгілі қаламгер, марқұм Қуаныш Ахметов болатын. Ол кісі де ақиқатына жете алмай, өзі өмірден озып кетті.

Ары таза адамның жазықсыз жалаға ілініп, негізсіз қудалануын Сіз қалай бағалар едіңіз? Мен ақыретті лас аяқпен таптағандай жиіркенішті жағдай дер едім.

Мейрам Абақановтың Арын да тура осылай кірлетті. Ақ қардай кіршіксіз болмысына қара күйені аяусыз жақты. Жезқазған бастады, Алматы алаулатты, Мәскеу жалаулатты. Мұның барлығы сол кездегі Жезқазған облысы обкомының бірінші хатшысы Н.Давыдовтың дабылымен болған «жасанды сценарий» болатын. Ойдан құрап, қырдан қармаған жалаға құрылған фактілерді желеу еткен мақалалар «Правдадан» бастап, жергілікті «Жезқазған туына» дейін басылды. Барлығы «жерден жеті қоян тапқандай» сүйіншілеп, ұйымдасқан қылмыстық топтың әрекетін әшкерелегендей екпінмен жазып жатты.

Қалай болғанда да, әпербақан биліктің әсірекінәмшіл әрекетін әшкерелеуге жаңа көзқарас керек. Сонда ғана, Абақановтың ақтаңдақ тағдыры ақиқатқа бір табан болса да жақындай түсері һақ. Осы мақсатта, біз жала мен наланың құрбаны болған қайраткер аға тағдыры туралы қайталап сөз қозғап отырмыз.

Атам қазақ «Қайта шапқан жау – жаман» дейді. Г.Дильдяевтің атышулы «Ескі байланыстар» атты мақаласы ЦК-ның органы «Правда» газетінде 1986 жылы 11 қазанда жарияланды. Бұл уақытта Давыдов дабылы, дұрысында – дауылы ушығып тұрған. Осы жылдың 30 мамырындағы бюро отырысында алынған Абақановтың партбилеті Алматы мен Жезқазғанның ортасында жүрген. Ұлтымыздың ұлы тұлғасы, Қазақстан Компартиясының сол кездегі бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаевтың қабылдауында болған Мейрам аға тікелей Димаш Ахметұлының ықпалымен партбилетін қайтарып алған. Тамыр-таныстықпен емес, әрине. Республика басшысының әділдікті қолдауының арқасында. Бірақ, бұл уақытта Қонаевтың өзіне «тықыр» таянып келе жатқанын ешкім сезе қоймаған. Әлгі «Ескі байланыстардың» әу баста Қонаевты мұқату, оның беделіне нұқсан келтіру мақсатымен жазылғандығы кейін белгілі болды ғой.

Әлгі бір сөзімде «Қайта шапқан жау – жаман» деген қанатты қағиданы мысал етіп отырған себебім, «Қонаев Абақановты қолдады, партбилетін қайтарып берді» деп абдыраған Давыдовта дамыл болмай, «Правда» тілшісіне қайтадан «тапсырыс» беруі. Сөйтіп, 1987 жылы 7 қаңтарда «Тағы да ескі байланыстар» атты мақала жарық көріп, Қонаевтың қызметтен кеткенін пайдаланған ордалы жыландай зәрін төккен биліктің «асығы алшысынан түсті». Давыдов дабылы тынар емес.

Мейрам ағаны ашық қудалау 1986 жылдың мамыр айында басталғанымен, обкомның біріншісі (Давыдов) мен Шет ауданының біріншісі (М.Абақанов) арасындағы тоңтеріс пиғыл, қырғиқабақ тым әріде басталса керек. Давыдов Жезқазғанға Шымкент (қазіргі Оңтүстік Қазақстан) облысының екінші хатшылығынан келді. Кезінде – анығында 60-шы жылдардың жуан ортасында Жезқазған қалалық партия комитетінің бірінші хатшылығына сайлауға түскен. Сол конференцияда бірқатар қазақ коммунистері Давыдовқа қарсы дауыс берген екен. Сонымен қатар, Шымкент облысының бірінші хатшысы болған ұлтжанды тұлға Асанбай Асқаров мұны екінші хатшы ретінде ешбір саясатқа араластырмай, қатты ұстаған деседі. Осының барлығы Давыдов деген «дауылпаздың» қазақ ұлтына деген өкпесін ұлғайтып, кегін кемелдендірген. Давыдовтың облыс билігіне келген бетте ұлт кадрларын жағадан алып, жалаға итермелеуінің себебі – осы. Оның өзінде, ол ел алдында абырой-беделі бар, ертеңгі күні соңына халық ерте алатын көшбасшы тұлғаларды тұқыртудан бастады. Абақанов та, Аралбаев пен Аханов та осындай азаматтар еді.

Сонымен, алдын-ала әзірленіп, әбден пысықталған «сценарий» бойынша Шет аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы аудан шаруашылықтарының бірінде 1213 ірі қара мал кем деген желеумен обкомның бюросына шақырылып, 1986 жылы 30 мамыр күні қызметтен босатылып, партия қатарынан аластатылды. Бюрода қан қысымы күрт көтеріліп, мұрнынан қан сорғалап тұрып, өзінің ақтығын айтты. Оған ешкім сенген жоқ. Ешқандай құқық қорғау орындарының тексеруінсіз, фактіні нақтыламай, дәл мұндай қатаң шешім қабылдау Компартия тәжірибесінде жоқ үрдіс еді. Бірақ, дабылы алысқа кеткен Давыдов тізеге басып, осылай жасады.

…Мамыр айында атам қазақ «Құралайдың салқынына» қамданушы еді ғой. Және бұл құбылыс әр жылы әртүрлі мінез танытып, әр жылы әр түрлі мерзімде қалтырататын. Қысы қытымыр болған 1986-ның құралайы мамыр айының соңында соқты. Сол мамырдағы «Құралайдың салқыны» әйгілі Желтоқсанның ызғарына ұласты ғой… Құралайға ұрынған төл оңала ма? Мекең де сол жылғы «Құралайдың салқынынан» оңалмады.

Абақанов ақталды ма?

Заңды тұрғыдан ақталды. Әлгі Давыдов желеу етіп, жазалау актісіне айналдырған факті түбегейлі зерттеліп, ақ-қарасы анықталды. Мейрам Абақанов бастаған Шет ауданы басшыларының әрекетінде ешқандай қылмыстық құрам нақтыланбағаны жөнінде облыс прокуратурасы ресми қаулы қабылдады. Сонда да, Қонаевтың биліктен кетіп, Колбин билігі «салтанат құрған» ұрымтал сәтті ұтымды пайдаланған Давыдов алған бетінен қайтқан жоқ.

«Абақановтың ақтығы» туралы прокуратура қаулысы 1987 жылдың мамыр айында шыққан. Алайда, әділдік жолында ізденіп, денсаулығын құрбан еткен Абақановтың қолына 1993 жылы 27 сәуірде ғана тиеді. Неге? Әрине, Давыдов жөніне кеткен. Тек қана, оның «ізбасарлары» бұл іске қатысты ақиқаттың ашылмауын қырағылықпен күзетіп келген. Қозғалған қылмыстық іс – күрделі эпизод. Бір ғана шаруашылықтан 1213 бас малдың кем болуы оңай шаруа емес. Бір жылға жуық зерттеліп, тиянақты тексерілген іс бойынша қабылданған қаулының да көлемі – ауқымды. 14-ші қаріппен терілген қаулы көшірмесі жеті жарым парақтан (А-4 форматында) тұрады. Мақала көлемі көтермейтін болғандықтан, жариялай алмадық. Тек қана М.Абақановтың қолына араға алты жыл салып келген ақиқат парағының алғашқы бетіндегі түсіндірме хаттың нобайы төмендегідей:

«г.Жезказган

Ул. Попова-110, кв 60

Гр-у Абаканову.М.А

Ваше заявление прокуратурой Жезказганской области рассмотрено, по архивным данным и проверкой уголовного дела в облсуде за №30022 (1987 года) по обвинению Балабекова К., Абжанова А. и других по ст. ст. 76-5, 145, 150 УК Каз ССР по которым приговор облсуда состоялся в мае 1987 года.

По данным проверки Вы к уголовной, гражданской и административной ответственности по недостатке 1213 голов КРС в Шетском РСХО не значитесь.

По Вашей просьбе направляю копию постановления о прекращении уголовного дела за отсутствием события преступления в отношении Вас и других лиц от 16 февраля 1987 года вынесенные заместителем начальника следственного отдела Жезказганской облпрокуратуры юристом І класса Мукановым Б.Б., а так же другие данные о работе.

Прилагаются упомянутые документы на 8 листах.

И.О. прокурора области,

старший советник юстиции С.М.МАЙКЕНОВ.

исп. Мущанов М.Ж.».

Міне, осындай жағдайда ақталған Мейрам Абақановты «қылмыскер» деуге ешкімнің аузы бармайтыны анық. Десек те, елін сүйген есіл ердің есімі моральдық тұрғыдан ақталмай келе жатқандығына қынжыламыз. Өзі туған Қарқаралыда, қажырын сарқып қызмет еткен Жезді, Қарсақбайда, өзі қазығын қаққан Ұлытауда, алты жыл басқарып, облыс аудандарының алдына шығарған Шетте не бір көше, не бір мектеп атауын Абақанов атымен атай алмай келе жатқандығымызды немен түсіндіреміз? Әлі де Давыдовтан қаймығып отырмыз ба? Жасыратыны жоқ, біздің жүйеде Абақановтың есімін атауға әлі күнге дейін жүрексінеміз. Ендеше, бұл – Абақанов тағдырындағы ақтаңдаққа тек қана Давыдовтың қатысы бар дегенді жоққа шығаратын ақиқат! Абақановқа қатысты қудалауда ары мен қолын былғап алғандар ортамызда жүр деген сөз!

Кәшім шешеміздің арына азап шектіріп, жанын мазалайтын түйткіл де – осы. Асыл жарының, ел ардақтысының рухы алдында өтей алмай келе жатқан парызы – осы. Қайраткер тұлғаның есімін ардақтау мәселесі бойынша бақпаған қабағы, қақпаған есігі қалмады Кәшім апайдың. Біздің жүйенің заңды тұрғыдан толық ақталған тұлғаның есімінен неге қорқып отырғанын біз де түсінбейміз.

Сонымен, Арқа атырабына аты белгілі тұлға, қоғам қайраткері Мейрам Абақанұлының өмірден озғанына 20 толуына орай, жайсаң жанның нұрлы бейнесі мен ел алдындағы еңбегін құрметпен еске ала отырып, төмендегідей ұсыныстарды ортаға салғым келеді:

Ұлытау ауданының орталығына марқұмның мүсінін орнатып (1972 жылы қайта ашылған ауданның орталығы Сәтбаев қаласы болады деген жобаға қарсы шығып, «Ұлытаудың киесінен неге қашамыз?» деген пікірді айтқан Абақанов болатын), орта мектепке немесе орталық көшелердің біріне;

туған жері Қарқаралы ауданындағы бір көшеге;

Шет ауданындағы көшелердің біріне есімін беру.

Егер, ел ағалары осы ұсыныстарды құп көріп, сеңнің қозғалуына септігі тиіп жатса, тұлғасын құрметтеу арқылы рухани сананы жаңғыртудың тамаша үлгісін көрсетер едік. Сонда ғана, Абақанов толық ақталады!

***

Сәуір туды. «Сәуір болмай – тәуір болмайды» деуші еді атам қазақ. Ауа райы құбылып, сәуірдің сәруәр нұры себелесе, жауған жауынның әр тамшысы маған Мейрам ағаның көз жасындай әсер етеді. Ақиқатқа жете алмаған Ақиықтың көз жасы! Әр тамшысында ақиқат пен аманат бар, ағайын!

Ерсін МҰСАБЕКОВ.

***

Ғафу ҚАЙЫРБЕКОВ, ақын:

«…Қашанда ел – азаматтарымен ел ғой. Азаматы алауыз болмай, бірлік сақтаған жерде ұлы тірлік барына тағы да көзіміз жетеді.Ұлытау сапарында мен осы елдің бірлігі мен берекесіне ұйытқы болып отырған Мейрам АБАҚАНОВ сынды өрелі азаматпен танысқаныма қуанып қайттым».

***

«…Бұрынғы Жезқазған облысының партия комитетінің бірінші хатшысы Давыдовтың Қарағанды-Жезқазған-Ұлытау-Қарқаралы өңірлерінің ардақты азаматы Мейрам Абақановтың соңына түсіп, түбіне жеткенін оқығанда төбе шашың тік тұрады. Колбинизмнің де қыры мен сыры дұрыс ашылған».

(Ақын, публицист Қуаныш АХМЕТОВТІҢ

«Ұлы Даланың Ұлытауы» атты кітабына

Кәкімбек САЛЫҚОВ жазған рецензиядан)

***

Қуаныш АХМЕТОВ, ақын, публицист:

«…Қарқаралыдан түлеп ұшып, Ұлытау-Жезқазған жерінде ұлағатты ұйымдастырушы, іскер басшы болып қалыптасқан Мейрам марқұмның көрген қорлығының сырын атүсті баяндап өту мүмкін емес. Әңгімеміздің әлқиссасынан-ақ сезіліп тұрғандай, оның тағдыры – сол тұстағы желтоқсан оқиғасын туындатқан Мәскеудің ұлтымызға қарсы ұстанған сұрқия саясатымен тығыз байланысты».

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button