Құрылыс саласының қарқыны басым
Әрбір қала және оның көздің жауын алар әсем ғимараттары, кескінді көшелері өз алдына баяндауға тұрарлық тарих. Ал, тағылым арқалар жылнама беттерінде облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының өзіндік орны бар. Олай болса, оқырман назарына аталған құзырлы мекеменің жыл бойы атқарған істері һақында сөз еткенді құп көрдік.
Ережеге сәйкес құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы – әлеуметтік маңызы бар нысандарды салу жөніндегі бюджеттік бағдарламалардың әкімшісі. Басқарманың негізгі функцияларына өз құзыреті шегінде ведомстволық бағынысты аумақта құрылыс, сәулет және қала құрылысы қызметін мемлекеттік реттеуді жүзеге асыру да жатады. Бұдан бөлек құзыретті мекеме 2 әлеуметтік-экономикалық индикаторға жауапты. Бұл – құрылыс жұмыстарының көлемі және тұрғын үйді пайдалануға беру.
2023 жылдың қорытындысы бойынша құрылыс жұмыстарының нақты көлемінің индексі 2022 жылғы деңгейге қарағанда – 138,6%. Ал, ақшалай көрсеткіш 515,1 млрд. теңгені құрады.
Тұрғын үй саласы тұраламайды
Өткен жылдың қорытындысы бойынша 422,666 мың шаршы метр немесе жылдық жоспарға 105,7% енгізілді. Облыста 547 бюджеттік пәтер пайдалануға беріліп, 347 пәтер жалға берілетін тұрғын үй сатып алынды. Қарағанды облысында халықтың осал топтағы тұрғындары үшін үй кезегінде тұрғандарға барлығы 894 пәтер салынды және сатып алынды.
Өңірлер бөлінісінде мынадай жағдай қалыптасты. Өткен жылы Қарағанды қаласындағы Белинский көшесіндегі ұзаққа созылған үйдің құрылысы сәтімен аяқталды. Балқаш қаласында 45 пәтерлік үй салынып, халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 84 пәтер сатып алынды. Приозерск қаласы бойынша 45 пәтер қолданысқа берілді, сондай-ақ, халықтың әлеуметтік осал топтары үшін қосымша 60 пәтер сатып алынды.
Тұрғын үйдің белсенді құрылысы өзге шаһарлар аумағында да жүргізілуде. Мәселен, Саран қаласында 115 пәтер пайдалануға берілді. Теміртау қаласында жеке құрылыс салушы компания жаңа тұрғын үй салды. Оны әкімдік сатып алып, халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 65 пәтер берді. Шахтинск қаласы бойынша 72 пәтер сатып пайдалануға берілді.
Тұрғын үй құрылысы бағдарламасы облыстың ауыл тұрғындарын да жалға берілетін тұрғын үймен қамтамасыз етуге соны мүмкіндік берді. Мәселен, аудандарда 2023 жылы облысымыздың барлық 7 ауданында 350-ге жуық пәтер салынып, сатып алынды.
Ендігі меже
Бұл жылы облыста 450 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланды. 2024 жылға арналған құрылыс жұмыстарының нақты көлемінің болжамды индексі 2023 жылғы деңгейге қарағанда 104,7%-ды құрайды. Бюджеттен 3 бағыт бойынша 8,3 млрд. теңге сомасында қаражат көзделген. Жалға берілетін, кредиттік тұрғын үй салу және тұрғын үй сатып алу есебінен барлығы 1,0 мыңға жуық кезекте тұрғандарды қамтамасыз ету жоспарлануда. Тұрғын үй құрылысы және сатып алу өткен жылдағыдай облыстың барлық өңірлерінде іске асырылатын болады.
Әлеуметтік маңызы бар объектілерді салуға келсек, 2023 жылдың қорытындысы бойынша басқарма 17 нысанды пайдалануға берді. Олардың ішінде, Қарағанды қаласындағы 200 төсектік облыстық балалар ауруханасы. Абай, Бұқар жырау, Нұра, Осакаров, Шет және Қарқаралы аудандарындағы «Ауыл – ел бесігі» және «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» бағдарламалары бойынша 9 фельдшерлік-акушерлік пункт. Ақтоғай және Бұқар жырау аудандарындағы 2 ветеринариялық пункт. «Саран» индустриялық аймағына инженерлік желілердің 7 объектісі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағанды облысына сапары барысында облыс әкімдігіне «Саран» индустриялық аймағын инфрақұрылыммен қамтамасыз етуді тапсырды. Өздеріңіз білетіндей, бұрынғы резеңке-техникалық бұйымдар зауытының аумағында «Yutong» автобустарын құрастыру зауыты іске қосылды. Ағымдағы жылы шиналар шығаратын кәсіпорын жұмыс істей бастайды «KamaTyres.KZ», «Артель» тұрмыстық техника зауытының құрылысы жүзеге асырылуда. Келешекте «Технониколь» ЖШС жылу оқшаулағыш материалдарын өндіру, HOWO жүк автомобильдерін өндіру, тікелей тегіс құбырларын өндіру және басқа да өндірістер жоспарлануда.
Жаңа жылға жоспар
2024 жылы салалық басқарма «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыруды жалғастырады. Ағымдағы жылдың 1 ақпанына дейін 2023 жылдың қалған 11 ФАП-тарын енгізу жоспарлануда. Ал, ақпан айында бұрынғы балалар ауруханасының корпусын медициналық жатақханаға қайта жаңартуды аяқтаймыз. Қызметтік тұрғын үймен 94 жас маман қамтамасыз етіледі. Теміртау қаласының орталық ауруханасы үшін бас ғимаратқа қосымша бөлік салу жоспарлануда. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасын жалғастыру шеңберінде жыл соңына дейін 27 ауылдық денсаулық сақтау нысанын іске қосу жоспарланған.
Білім беру бағыты бойынша ағымдағы жылы Бұқар жырау ауданы Новостройка ауылында, Қарқаралы ауданы Талды ауылында авариялық мектептердің орнына салынып жатқан 2 мектеп пайдалануға беріледі, сондай-ақ Қарағанды қаласы Күнгей ауданында 600 орындық жаңа мектепті іске қосу жоспарлануда. Мектептерді жаңғырту мақсатында 3 қосымша ғимаратты (Қарағанды қаласы, Бұқар жырау ауданы Гагаринское ауылы, Шет ауданы Ақадыр кенті), 1 спортзалды (Нұра ауданы Шұбаркөл елді мекені) пайдалануға беру және 1-ші мектепті (Осакаров ауданы. Ақбұлақ ауылы) реконструкциялауды аяқтау межеленді. Мектептегі білім беру нысандарынан басқа биыл Пришахтинск елдімекенінде шығармашылықты дамыту орталығының құрылысы аяқталады.
2022 жылғы 30 қарашадан бастап, Үкіметтің қаулысымен «Жайлы мектеп» жаңа ұлттық жобасы бекітілді. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділ мемлекет» атты жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауында көрсетілген тапсырмасын орындау аясында жүзеге асырылуда.
2023-2025 жылдары «Жайлы мектеп» бағдарламасы бойынша облыста 12 500 оқушыға арналған 18 мектеп салынады. Операторы – «Самұрық-Қазына Construction» АҚ.
Биыл «Саран» индустриялық аймағына желілерді тартуды аяқтауды жоспарлап отырмыз. Жалпы, облыстың 10 өңірінде 95 нысан іске қосылады деп күтілуде, оның ішінде, 40 денсаулық сақтау нысаны, 27 ауылдық медициналық ұйымдарға инженерлік желі тарту, 9 білім беру нысаны, 1 ветеринария нысаны, 5 «Саран» инженерлік желі нысаны, 1 спорт нысаны. Жобалау жоспарларына келетін болсақ, биыл басқарма әртүрлі салалар бойынша 10 ауданда 124 жоба әзірлеуде.
Құрметті оқырман! Қарағанды облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының өкілдері әрқандай ғимараттың әрбір кірпіші қабырғасының бір бөлігі ғана емес, сонымен қатар, ертеңгі сәулеттің сәулелі боларына кәміл сенім артады. Облыстың кескін-келбетінің дұрыс әрі айшықты қалыптасуы болашағымызды баянды етпек.
Мұрат МАҒЗИН,
облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы.