Құрылыс – қоғамның айнасы
Құрылысшы мамандығының қадірі – асқақ, маңызы терең қашанда. Кез келген мемлекеттің, қоғамның ілгері басуына оның құрылыс, сәулет саласына қарап баға беруге болады. Жылдар ғана емес-ау, ғасырлар бойы адамзатпен бірге жасасып келе жатқан нысандар, ғимараттар бар. Солардың әрқайсысында құрылысшылардың қолтаңбасы қалған.
Өзгеге таңырқамай-ақ, өзіміздің Астанамызға қараңыз. Көздің жауын алатын құрылыс нысандары ерекше тамсандырады. Соңғы жылдары Қарағанды облысында да құрылыс қарқынды жүргізіліп, қала-аудандарымыз қайта түлеуде. Кейбір шалғайдағы елді мекендер де жаңаша кейіпке еніп, аймақтың ажарын аша түскен.
Негізі, облыстың статистика департаментінің дерегіне сүйенсек, қазіргі күні құрылыс саласындағы негізгі үлес – жекеменшік секторға тиесілі. Бұл бұқараның әл-ауқатының артқанын көрсетсе керек. Және «Баспана – бастың сақинасы» деген кейбір азаматтардың қамсыз отырмай, құрылыс жұмыстарына қызу кіріскенін айғақтайды.
Мемлекет жіті мән беріп, бюджет есебінен бой көтеріп жатқан көпқабатты тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар да көптеп саналады. Мұның барлығы – халықтың тұрмысын жақсартуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар жемісі.
Өндірісті өңіріміздегі жағымды жаңалықтың бірі – бүлдіршіндерді мектепке дейінгі тәрбиемен қамту мәселесі жуық арада толықтай шешімін табады. Осының өзі әлеуметтік сала нысандары құрылысымен тікелей байланысты.
Мәселен, соңғы үш жылда облыс бойынша 61 әлеуметтік нысан елдің игілігіне жол тартқан. Бұл ретте, білім беру саласының – 14 нысаны, денсаулық сақтау саласының 28 нысаны қолданысқа берілді. Сондай-ақ, спорттық нысандар мен «Бизнестің жол картасы» арқылы салынған құрылыстар бар. Бұған мыңдаған шақырым жолдардың құрылысы мен жөндеу жұмыстарын қосыңыз.
Облыстың құрылыс басқармасы хабарлағандай, биылдың өзінде 7 әлеуметтік нысанның құрылысы аяқталуы тиіс. Оның екеуі (Қарағанды қаласы және Нұра ауданында) бұған дейін пайдалануға беріліп үлгерді.
Тұрғын үй құрылысының көлеміне келсек, осы жылдың 7 айында 195,3 мың шаршы метр баспана көпті шаттыққа кенелткен. Жыл соңына дейін облыс тұрғындары 3 мың жаңа пәтердің кілттерін алады деген жоспар да бар.
Р.S. Біз облыстың құрылыс саласындағы жетістіктердің кейбірін ғана мысал еттік. Құрылыс саласы – қоғамның айнасы.
Қуаныш АМАНҚҰЛОВ