Құрылыс – экономика драйвері
Кейінгі дағдарыстарда экономикада абдырамаған бірден-бір сала – құрылыс. Елдегі өзге өнеркәсіп-кәсіпорындар титықтағанда, ширыға түскен бұл құрылыс бүгінде де сол десінен жаңылған жоқ. Жауапты әрі күрделі бағыттың межесі осы күні биік. Елдің барлық өңір, аймағы тастан сарай соғып жатыр. Бұдан Қарағанды аймағы да тысқары қалмағаны белгілі. Жер-жерде әлеуметтік нысандардың, мәдениет үйлерінің, баспананың үздіксіз салынуы – бұған дәлел. Құрылыс та өзге сала секілді. Үкімет пен мемлекеттен қолдау көрмесе, болдырып қалуы кәдік. Сондықтан да, мемлекет күрделі салада дамуға тұсау салатын сыбайлас жемқорлықтың тамыр жаймай, ашық әрі таза кәсіпкерліктің өріс алуына жағдай жасауды көздейді. Ал кеншілер мекеніндегі құрылыстың қарқыны қалай? Тынысын тарылтқан кері факторлардың бар-жоғын білмекке құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысы Мұрат Мағзинмен сұхбат құрған едік…
– Қарағанды облысы ел бойынша құрылыс жағынан алдыңғы лекте екені мәлім. Бұл құрылыстың жүруіне аймақта кедергілердің жоқтығын көрсетсе керек. Жалпы, соңғы жылдардағы құрылыстың көлемі неше есеге өсті өңірде? Меже қандай?
– Қазір облыстың әр аудан-қаласында құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Соның ішінде, тұрғын үй құрылысы – өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму тетігінің бірі.
Негізі, облыста құрылыс жұмыстарының көлемі биылға 378 млрд.теңгеге жоспарланған. 9 айдың қорытындысында бұл жұмыстар 303,2 млрд.теңгеге орындалды. Былтырмен салыстырғанда 19,2 пайызға артық. Жыл соңына дейін меже 100 пайызға жетеді деп сеніммен айта аламыз.
Баспана құрылысына келсек, 9 айда Қарағанды облысында тұрғын үйді іске қосу көрсеткіші 363,247 мың шаршы метрді құрап, 2811 пәтер пайдалануға берілді. 10 айда пайдалануға беріледі деп күтілетін баспана көлемі – 365,306 мың шаршы метр.
– Әлеуметтік нысандардан бөлек, аудан-қалаларда, облыс орталығында тұрғын үй құрылысына бұқара куә. Баспана құрылысы тұрғындардың сұранысын толық қанағаттандыра алды ма?
– Он айда ойға алған бірқатар баспана құрылысы мәреге жетіп, тұрғындарға табысталып та үлгерді. Мәселен, жалға берілетін Шахтинск қаласында 60 пәтер, Абай қаласындағы 80 пәтер, Шет ауданы Ақадыр кентіндегі екі 12 пәтерлі үй тұрғындарға табысталды.
Бұдан бөлек, жыл соңына дейін 6 өңірде мемлекеттік тұрғын үй құрылысы аяқталады деген батыл жоспар бар. Тарқатып айтсақ, Қарағанды қаласындағы «Шапағат» тұрғын үй кешенінің № 3,4 блок-секциясы, Қарағанды қаласында 90 пәтер және Белинский көшесіндегі 9 қабатты үй, Қарағанды қаласындағы 72 пәтерлі үйдің иелері қоныстойын тойлайды. Сондай-ақ, Теміртау қаласында 60 пәтерлі үй, Бұқар жырау Ботақара кентінде ұзынсаны 48 пәтерді құрайтын 4 үй, Қарқаралы ауданында 2 үй (36 пәтер), Осакаровка кентінде төрт 18 пәтерлі және алты 2 пәтерлі үй (84 пәтер), Ақтоғай ауданы Шашубай кентінде 100 пәтерлі үй бұқара игілігіне беріледі. Балқаш қаласындағы 45 пәтерлі кредиттік үй де биыл тұрғындарын табады.
Сонымен бірге, биыл халықтың әлеуметтік осал топтарына 346 пәтер сатып алу жоспарлануда.
Мемлекеттік тұрғын үй құрылысы тұрғын үйге мұқтаждардың қажеттіліктерін қанағаттандыра алмайды. Әлеуметтік тұрғын үйді пайдалануға берген сайын кезектілік өсе береді. Бұл үрдіс урбанизация, агломерация және тағы да өзге әлеуметтік себептерге байланысты.
– Сапаға қазір сын жиі айтылады. Осы орайда құрылыс алаңына жауапсыз мердігерлерді жібермеу үшін құзырлы орган ретінде басқарма тарапынан қандай қадамдар жасалды?
– Басқарма барлық жұмыстарды ҚР «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңына сәйкес атқарады. Жауапсыз мердігерлермен портал арқылы келісімшарт бұзылып, сот шешімімен жосықсыз қатысушы тізіміне енгізіледі. Бюджеттік объектінің кез келген құрылысы инжинирингтік қызметтермен бірге қамтамасыз етіледі. Оларға авторлық және техникалық қадағалау жатады. Бұл қызметтер тапсырыс берушімен шарт жасасады және құрылыс барысы бойынша бақылау функцияларын жүзеге асырады. Қабылданған міндеттемелер орындалмаған жағдайда тапсырыс беруші мемлекеттік сәулет құрылыс бақылау органдарына осындай компанияларға қатысты шаралар қабылдау үшін жүгінеді. Лицензиядан айыруға дейін шаралар болуы мүмкін.
– Бүгінде ашықтық толық қамтамасыз етілген бе?
– Құрылыс басқармасы жүргізіп жатқан нысандарында ашықтық толық қамтамасыз етілген. Салынып жатқан объектілер жөнінде мәліметтерді біздің фейсбук, кұрылыс баскармасының сайтынан көруге болады. Қосымша нысандар жөнінде ақпарат алу үшін басқармаға Өтініш беруге және сенім телефонына соғуға әбден болады. Құрылыс барысына күнделікті мониторинг жүргізу үшін объектілер бейнекамералармен жабдықталған.
– Мәдени, әлеуметтік нысандарға сұраныс қандай? Аудан, ауыл-аймақтарда бұл мәселе шешімін тапты ма?
– Мәдени, әлеуметтік нысандар құрылысына сұраныс өте жоғары. Биыл 2014 жылы басталған 200 төсек орынды облыстық көпбейінді балалар ауруханасының көптен күткен құрылысы аяқталды. Ескі аурухана ғимаратын отбасылық жатақхана ретінде қайта құру жұмыстары жүргізілуде. Денсаулық сақтау саласындағы жас мамандарға 94 пәтер беру жоспарлануда.
Бүгінгі таңда аудан, ауылдарда жаңа 20 фельдшерлік-акушерлік пунктінің кұрылысы жүріп жатыр. Барлық 20 нысанды желтоқсанда іске қосу көзделіп отыр. Бұл – сұраныстың бар екендігінің көрсеткіші. Ғ.Мұстафин, Ботақара, Актас кентінде, Приозерск қаласында, аудандарда дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің құрылысы жүріп жатқанын атап өткен жөн. Биыл қосымша білім беру саласында үлкен жобаның құрылысы басталды. Бұл – Пришахтинскідегі шығармашылықты дамытудың жаңа заманауи орталығы. Нысан 2024 жылы аяқталады. Облыста апатты мектептерді азайту мақсатында Бұқар жырау ауданы Новостройка ауылында және Қарқаралы ауданы Талды ауылында 2 жаңа мектептің құрылысы жүргізілуде. Мектептер 2024 жылдың 1 қыркүйегінен жұмыс істейді. Сондай-ақ, биыл Қарағанды қаласы Күнгей шағынаудан тұрғындарының сұрауымен жаңа мектептің құрылысы басталды. Мұның бәрінде басқарма тарапынан талаптың сақталуын қатаң бақылаймыз.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Қызғалдақ АСҚАРҚЫЗЫ.