Рухы биік реформатор
Кей адамдар уақытпен бірге көмескіленбейді, олар күн өткен сайын қадірлене түседі. Ерсін Рақышев – сондай адам. Бір жыл өтті… Бірақ оның дауысы әлі құлақта, көзқарасы – есімізде, ісі – ел есінде. Ақ желеңнің салмағын тек кәсіби біліктілікпен емес, жүрекпен көтере білген ол дәрігер ғана емес, жүйенің жүрегіне айналған жан еді. Диагностикалық орталықта жүрген ақ халатты жас маманға қарап: «Міне, Ерсін ағаның мектебі осындай!» – дейтіндер көп. Себебі ол жүйе құрды, ұрпақ тәрбиеледі, реформа жасады. Ең бастысы – адам қалпынан айнымады.

Ерсін Көкенұлы Рақышев 1945 жылы Павлодар облысы Баянауыл ауданына қарасты Теңдік ауылында (қазіргі – Мұса Шорман есімі берілген ауыл) дүниеге келген. Балалық шағынан-ақ бойынан еңбекке адалдық, жауапкершілік пен білімге деген ерекше құштарлық байқалатын. Ауылда дүние есігін ашқан қара баланың болашақта Орталық Қазақстан медицинасында өз қолтаңбасын қалдырып, елге елеулі, жұртқа жанашыр тұлға боларын кім білген?
1963 жылы мектепті тәмамдаған соң болашақ тағдырын адам жанының тыныштығымен байланыстырған Ерсін Көкенұлы Қарағанды мемлекеттік медициналық институтына оқуға түседі. Қарашаңырақтан ақ халатты абыроймен киіп шыққан оның есімі көп ұзамай Орталық Қазақстан медицинасында белгілі бола бастайды. Себебі, ол Қарағанды медициналық институтының табалдырығын аттағанда-ақ, бір күннің емес, бүтін дәуірдің дәрігері болуға ниет етті.
Алғашқы еңбек жолын №9 қалалық ауруханада терапевт болып бастаған ол кейіннен бөлім меңгерушісі, бас дәрігер, қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары қызметтерін атқарды. Ісіне ұқыпты, сөзіне нық, тірлігінде тұрақ бар Ерсін Көкенұлы 1989 жылы облыстық диагностикалық орталықтың тізгінін ұстады. Осы кезден Қарағанды медицинасында тың дәуір басталды. Орталық оның басшылығымен Қарағанды облыстық көпсалалы емдеу-диагностикалық бірлестігіне айналды. Аты ғана емес, заты да өзгеріп, өңір медицинасының жүрегіне айналған іргелі мекемеге ұласты.
Ерсін Рақышев тек дәрігер ғана емес, ғылымға жан-тәнімен берілген зерттеуші еді. 1996 жылы ол Орталық Қазақстанның экологиялық ахуалы ауыр аймақтарындағы ауыл тұрғындарының денсаулығы туралы тақырыпта кандидаттық диссертациясын сәтті қорғады. Бұл – жай ғылыми жұмыс емес, ел тағдырын толғаған зерттеу болатын. Ғалым ретінде 100-ден астам ғылыми мақала жариялап, бес әдістемелік құрал әзірледі. Оның қаламынан туған еңбектер тек ғылымға емес, шынайы практикаға негізделіп жазылды.
Ерсін Көкенұлы – медицинада цифрлық жүйенің ең алғаш көшбасшысы болған тұлға. Диагностикалық процестерге автоматтандырылған ақпараттық жүйе енгізіп, жаңашылдықтың жолын ашты. Оның бастамасымен шалғайда жатқан ауылдарға көмек қолын созатын жылжымалы медициналық кешендер жолға шықты. Бұл – ақ халатты абзал жанның шекараға қарамайтын жанашырлығының дәлелі еді. Тіпті, Семей полигонының зардабын тартқан аймақтарға дейін бұл көмектің лебі жетті.
Ерсін Рақышевтің еңбегі ел есінде, ерлігі – тарихта. Оның медицинаға сіңірген еңбегі жоғары бағаланды. 1986 жылы «КСРО денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісін иеленсе, 2002 жылы «Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау ісінің үздігі» атағы берілді.
Сол жылы Франция өнеркәсіп қауымдастығы оған заманауи технологияларды денсаулық сақтау саласына енгізгені үшін алтын медаль табыс етті.
2004 жылы Швейцария өнеркәсіп қауымдастығы Ерсін Көкенұлын «Мінсіз іскерлік беделі үшін» марапаттады. Бұл – дүниежүзі мойындаған шын құрметтің белгісі. Ал, туған топырағы – Баянауыл жұрты 2019 жылы оны «Ауданның Құрметті азаматы» атағына лайық деп таныды. Бұл – балалық ізі қалған жердің бауырына басқан алғысы.
Ерсін Көкенұлының өмірі – адалдыққа адал болудың үлгісі. Ол өз ісіне ғана емес, елге де шын берілген азамат еді. Жанымен жасаған ісі жүректерде қалды. Енді оның есімі – естеліктерде ғана емес, ел болашағы үшін еңбек етіп жүрген әр маманның жүрегінде жаңғырады.
Онымен алғашқы кездесу – мен үшін жаңа әлемге енгенмен бірдей болды», – деп еске алады жоғары санатты невропатолог-дәрігер Баян Сегізбаева. Ол Ерсін Көкенұлының тікелей басшылығымен жұмыс істеп, кәсіби болмыстың биігін сол кісінің жанында жүріп танығанын тебірене айтады.
Диагностикалық орталықтың кеңес беру бөлімінде қызмет еткен дәрігерлер Ерсін ағаның жанында жүріп, өз жұмыстарының мәнін тереңірек түсінді. Олар өздерін жай ғана дәрігер емес, адам өмірін ерте кезеңде құтқаратын маман, күрделі диагноздың кілтін табатын сарапшы ретінде сезінді. Бұл – Ерсін Көкенұлы қалыптастырған орта мен құндылықтың жемісі еді.
Бас дәрігер ретінде ол үнемі клиникалық ойлау қабілетін дамытуға, үздіксіз білім алуға, ғылыми ізденіске басымдық берді. Ол әріптесінің жаңа бастамасына шабыт сыйлап, өсуіне жол ашатын. Жай ғана қолдау көрсетпей, сол қолдаудың артында мықты сенім тұратынын ұғындыратын.
Оның басшылығымен бір мақсатқа жұмылған, сапа мен даму жолын серік еткен мықты команда қалыптасты. Ал, оның орнатқан адамгершілікке негізделген кәсіби рухы – ұжымның бүкіл болашағына іргетас болып қаланды. Бұл – Ерсін Рақышевтің мектебі болатын.
Жоғары санатты денсаулық сақтау ұйымдастырушысы Элеонора Лагай Ерсін Көкенұлымен иық тіресе еңбек еткен жылдарын ерекше жылылықпен еске алады.
Ол кісі алғаш облыстық диагностикалық орталықта Ерсін Көкенұлының бірінші орынбасары болса, кейін бұл байланыс Қарағанды облыстық көпсалалы емдеу-диагностикалық бірлестігі мен облыстық медицина орталығында да жалғасын тапты. Оның айтуынша, ол басқарған жылдары жаңаша ойлайтын, жүйені түбегейлі өзгертуге қауқарлы мықты реформалар жүзеге асты. Жаңа басқару үлгілері енгізілді, қаржылық жоспарлаудың тың тетіктері жолға қойылды, халықаралық конференциялар ұйымдастырылды, ғылыми еңбектер қорғалды.
Осының бәрі бір арнаға тоғысып, орталықты қуатты, көпбейінді медициналық мекемеге айналдырды. Бұл – көзбен көрген, көңілге түйген нақты мысал. Бұл – тиімді медициналық реформаның өміршең үлгісі.
Ал, сол орталықтың цифрлық дәуірге бет бұруында инженер-программист Наталья Кильдің де еселі еңбегі бар. Ол 1994-2003 жылдары ақпараттық технологиялар бөлімін басқарды.
«90-жылдары Қарағандыдағы диагностикалық орталық еліміздегі медицинаны цифрландыруда алғашқылардың қатарында болды. Бұл тікелей Ерсін Көкенұлының көреген шешімі мен батылдығының арқасында мүмкін болды. Электронды тіркеу енгізіліп, бөлімдер арасында мәлімет алмасу жүйесі құрылды. Біз тек техника орнатқан жоқпыз – болашақтың іргесін қаладық», – дейді ол.
Оның алға қойған межесі – бүгінгі медицинамыздағы ақпараттық жүйелердің негізіне айналды. Ол болашақты көре алатын жан еді.
Медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қарағанды медицина университетінің ұстазы Найля Дюсембаева – Ерсін Рақышевтің өміршең бастамасының куәгері. 1991 жылдан 2008 жылға дейін ол басқарған медициналық-генетикалық орталық дәл Ерсін Көкенұлының бастамасымен құрылған еді.
Найля ханымның айтуынша, Рақышевтің ықпалы – өңірдегі генетикалық диагностиканың тұтас жүйесін қалыптастырған тарихи бетбұрыс. Ол заманауи құрал-жабдықпен қамтамасыз етіп қана қоймай, кадрлық әлеуетті нығайтуды да ұмытқан жоқ: білікті мамандарды әлемнің алдыңғы қатарлы орталықтарына оқуға жіберді, ғылыми ізденісті қолдады. Оның көрегендігі арқасында генетикалық көмек шалғай ауылдарға дейін қолжетімді болды.
Ал, 1990 жылы ультрадыбыстық диагностика бөлімін басқаруға келген Майя Әбжанова қызметке Ерсін Көкенұлының өзі арнайы шақырғанын тебірене еске алады.
«Бөлім жаңа жабдықпен толық жабдықталып, жас мамандар – білікті орталықтарда тәжірибеден өтіп келген кәсіби кадрлар еді. Бізге жүктелген сенімді сезініп, зор жауапкершілікпен жұмыс істедік», – дейді Майя Әбжанова.
Жылдар өте келе, бұл бөлімде 250 мыңнан астам зерттеу жүргізіліп, ғылыми жұмыстар қолға алынып, ауыл-аймақты аралаған жылжымалы тексерулер ұйымдастырылды. Бұл – науқастың өз аяғымен дәрігерге келуін күтпей, дәрігердің өзі ел ішіне бет алған кезең еді. Ерсін Рақышев – жүрегі үлкен, ақылы кемел, болмысы бекзат басшы болды.
Диагностикалық орталықта нағыз ұжымды рухтас, мақсаттас, ынтымақтас жандардың тобын қалыптастырды. Дәрігерлер мен ұстаздарды бір арнаға тоғыстырып, үлкен бір отбасын құрды. Әріптестерінің жағдайына үнемі назар аударып, әділетке жақ, еңбекке құрметпен қарайтын басшы болды. Қаталдық пен қамқорлықты қатар ұстаған Ерсін Көкенұлының бейнесі әр жүректе сақталған жарық сәуле.
Жансая ОМАРБЕК,
«Ortalyq Qazaqstan»