“Сұңқардың көз жасы” – келешек ұрпақ үшін де құнды олжа
Белгілі публицист, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, Қазақстан Республикасы Ақпарат саласының үздігі, облыстық «Ortalyq Qazaqstan» газетінің бас редакторы Ерсін Мұсабектің «Сұңқардың көз жасы» атты жаңа кітабының таныстырылымы өтті. Н.Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада өткен іс-шараға Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Рымбала Омарбекова мен Алаш баласына есімі мәшһүр ақын, Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың иегері Ғалым Жайлыбай бастаған бір топ зиялы қауым өкілдері қатысты.

Мемлекеттік тапсырыс аясында шыққан кітапқа Ерсін Мұсабектің кейінгі жылдары жазған еңбектері енген. Төрт бөлімнен тұрады. Бірінші бөлім – «Парасат майданында». «Әлихан әлемі һәм Әділетті Қазақстан» атты еңбегімен басталады. Қазақ халқының заңғар тұлғалары турасында ой толғаған. Екінші бөлім – «Сырашар». Бұл бөлім көлемді сұхбаттардан тұрады. Үшінші бөлім – «Атың барда – жер таны…» деген бөлімде сапардағы қаламгердің жолжазбалары топтастырылған. Соңғы «Тұлғалар» бөлімінде Ерсін Мұсабек еліне, жеріне еңбегі сіңген қайраткер тұлғаларға қаламымен құрмет көрсетіп, тағзым етеді.
Іс-шараның жүргізушісі болған филология ғылымдарының докторы, профессор Жансая Жарылғапов кітапқа өзіндік кәсіби көзқарасымен пікір білдіріп отырды.

– Ерсін Мұсабек – сан қырлы талант иесі десем, артық айтқаным емес. Өйткені, ол сонау оқушы шағында математика, физика, химия секілді пәндерде озат болды. «Өнер алды – қызыл тіл» демей ме Абай?! Ерсін Мұсабек сол шақтарында айтысқа да шықты. Бәлкім сол айтыстан кетпегенде, бүгінде Жүрсін Ерманның жүйрігі болып та жүрер еді. Күндердің бір күнінде ол өз жолын тапқанын айтты. Жолы – осы публицистика еді. Ерсін Мұсабек бұл жолға да келгенде елді елең еткізді. Көркем сөз бойына сіңген, ізденген, таланты мен талабы қатар ұштасқан Ерсін Мұсабек публицистикада қанатын кеңінен сермеді. Иә, жазғанында пафос бар. Пафосты өз орнымен, біліммен қолдана білу де керек. Бірақ, Ерсін Мұсабек асқан түйсігі, білімі, таланты арқылы ерекшеленді. Көп қаламгерден артық тұсы осы еді. Ерсін Мұсабек облыстық «Ortalyq Qazаqstan» газетіне келгелі, басылымның тың тынысы ашылды. Қоғамның бет алысын, райын бұрынғы сүрлеулерден өзгеше аңдаған, талдаған танымдық материалдар молынан жарық көре бастады, – деді Жансая Жарылғапов.
Жаңа кітаптың таныстырылымына облыстық мәдениет және құжаттама, архивтер басқармасының басшысы Ғалымжан Өтелбайұлы келіп, лебізін білдірді.
– Құрметті кітапсүйер қауым! Кім қандай кәсіптің тізгінін ұстаса, сол кәсіпті идеологияға айналдыратын заманда өмір сүріп жатырмыз. Осындай заманда даралардың көзәйнегі – кітап. Осы арқылы адам өзінің бағытын анықтайды. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Кітап оқитын ұлт» идеясын көтерді. Қарағанды осы жобаны пилоттық негізде қабылдаған өңір. Абай оқуларын және Бөгенбай батыр жырларын облыс бойынша жаттаттық. Осы өңірдің көзі, құлағы һәм тілі – «Ortalyq Qazaqstan» газеті болса, Ерсін ағамыз сонда қарымды қаламгер ретінде елдің дамуына, өркендеуіне үлес қосып келе жатыр. Үлкен ұжымды басқара отырып, осындай туындыны назарларыңызға ұсынып отыр. Мағыналы әрі мәнді дүниелер жазуда қаламыңыз сарқылмасын, – деді Ғалымжан Өтелбайұлы.
Кітаптың лентасын қиюға Рымбала Омарбекова, Ғалым Жайлыбай, еңбек ардагері Қанат Отарбаев, Мағауия Сембайдың жары Мейраш Ұзақбайқызы шықты.

Ғалым Жайлыбай Ерсін Мұсабектің азаматтық тұлғасына жоғары баға беріп, шығармашылығына пікір білдірді.
– Ерсін Мұсабек бізге өзінің шығармашылығымен, азаматтық тұлғасымен аяулы. Алдыңғы толқын ағаларға тәуір іні бола білді. Бүгінде өзі де соңынан іні ерткен аға, шәкірт тәрбиелеген алдыңғы толқынның белді өкіліне айналды. Қазақ руханиятына қалтқысыз қызмет еткен кешегі мүйізі қарағайдай қаламгерлердің ізі қалған облыстық «Ortalyq Qazaqstan» газетінің деңгейін түсірмей, керісінше заман талабына сай етіп қарыштатып отырған бас редактор. Кітап өз оқырманын табатынына кәміл сенемін, – деді Ғалым Жайлыбай.
Тұсаукесерде сөз алған зиялы қауым өкілдері «Сұңқардың көз жасы» кітабының бүгінгі оқырман үшін ғана емес, келешек ұрпақ үшін де құнды рухани мұра екенін айтты. Кітаптағы эсселер мен портреттік мақалаларда уақыт тынысы, тұлға болмысы, азаматтық биік жауапкершілік айқын сезілетініне назар аударылды. Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, Ақпарат саласының үздігі, журналист Сүйіндік Жанысбай Ерсін Мұсабектің алғашқы аяқ алысының өзі болашағынан үміт күттіргенін айтты.
– Әріптесіміз әрі бауырымыз Ерсін Мұсабек Жезқазғаннан «Ortalyq Qazaqstan» газетіне қатардағы тілші болып келді. Сол күннен қаламы қарымды, тілі орамды, ойы жүйрік екенін байқадық. Кейіннен жауапты хатшы, редактордың орынбасары қызметіне көтерілді. «Ortalyq Qazaqstan» газетінің ұжымын басқарған Ерсіннің публицистикасы қара өлеңдей оқылатын тілі орамды шығармаға толы, – деді Сүйіндік Жанысбай.
Мінберге қаламгердің туған өлкесі Жаңаарқадан және Шет, Нұра, Ақтоғай аудандарынан өкілдер келіп, елдің сәлемін жеткізді. Жаңаарқа мен Шет ауданы авторға бір-бір ат мінгізді.
Кеш соңында оқырман мен автор арасында еркін сұхбат өрбіді. Оқырман тарапынан «кітапқа неге «Сұңқардың көз жасы» деген тақырып қойдыңыз?» деген сұрақ түсті.
– Кітаптағы 1986 жылы тоталитарлық жүйенің құрбаны болған елге танымал қайраткер тұлға Мейрам Абақанов туралы көлемді эссенің тақырыбы «Сұңқардың көз жасы» болатын. Эссенің тақырыбын кітапқа айдар етіп алдық. Кітапта Қазақстанға және елге танымал тұлғалардың портреттік мақалалары және сұхбаттары бар. Ел менен осыдан да үлкен шығарманы күтіп отырғанын білемін. Қазіргі таңда проза жанрына қарай қалам сілтеуге кірістім. Алдағы уақытта прозалық жинағыммен де оқырманмен қайта қауышамын деп ойлаймын. Жүрген жерімде тектілер галереясын жасауға ұмтылып жүремін. «Арқаның алтын адамы» атты тектілер галереясы жобасын жасау ойымда бар, – деді Ерсін Мұсабек.
Мемлекеттік тапсырыс аясында шыққан кітап республика бойынша барлық кітапханаларға тарайды.
Ерік НАРЫН,
«Ortalyq Qazaqstan»



