Рухани жаңғыру – елдік мұраты
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында жүктелген міндеттерді жүзеге асыру аясында қазіргі уақытта еліміздің түкпір-түкпірінде ауқымды жұмыстар жалғасуда. Бұл ретте, Қарағанды облысында қандай жобалар жүзеге асырылады? Өңірде бүгінгі таңда нендей жұмыстар атқарылып жатыр? Осы және өзге де сауалдар төңірегінде облыстық «Рухани жаңғыру» жобасы тобының басшысы Гүлнар ҚҰРБАНБАЕВА және аталған топтың бас менеджері Бақытқали МҰСАБЕКОВ аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында тарқатып айтып берді.
– Аталған бағдарлама «Рухани қазына», «Тәрбие және білім», «Атамекен», «Ақпарат толқыны» атты 4 ішкі бағдарлама бойынша 61 жобадан құралады. Өңірімізде «Рухани жаңғырудың» басты бағыттары бойынша жүзеге асырылатын шаралардың жоспары жасалды. Жеті ай ішінде аймағымызда 430 жоба тіркелді. Құны – 12,3 млрд. теңгені құрайды. Бірнеше жоба қолдау көріп, 850 адамды қамтыды. Нақты айтқанда, өткен жылы 2,3 млрд. теңгенің 169 жобасы жүзеге асты. Оның 1,8 млрд. теңгесі – меценаттардың қаржылай қолдауы. «Өзгерісті өзіңнен баста» жемқорлыққа қарсы жобасы және «Іскер азамат– ел тірегі» жобасына қатысты бірқатар жұмыстар атқарылуда. Біз бизнес өкілдерін жобалармен жұмыла жұмыс жасауға шақырып отырмыз. Әзірге, арнайы электрондық порталға 20 жобаны енгізіп қойдық. Көпшіліктің қызығушылығы басым. Менің осы орайда айтарым, жаңа жағдайға қарай бейімделу, жаңғыру – уақыт талабы. Бастысы, табиғи болмысымыз бен ұлттық кодымызды сақтай білейік, – деді Гүлнар Құрбанбаева.
Сонымен қатар, жоба жайында өз пікірімен бөліскен Бақытқали Мұсабеков еліміздің үлкен әдеби мұрасын, оның ішінде заманауи ұлттық мәдениет, фольклор және салт-дәстүрлерін, ұлттық тарихымыз үшін де ерекше маңызы бар тарихи-мәдени және сәулет ескерткіштерін қалпына келтіру, ұлттық әдебиет пен жазбаларымызды толықтыру сынды мақалада айтылған маңызды мәселелерге тоқталды. Алдағы уақытта, «Сегіз қырлы, бір сырлы» жобасы іске асатындығын мәлім етті.
Нұрдос КӘРІМ