Рухани келісім – елдігіміздің кепілі
Рухани келісім күніне орай Н.Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында облыстық дін істері басқармасының басшысы Дулат ХАЛЕЛ, «Saryarqa aqparat» медиахолдингінің директоры Қамбар АХМЕТ және облыстық конфессияаралық қатынастарының проблемаларын зерттеу және талдау орталығының директоры Дулат ТӨЛЕГЕНОВ Қарағанды университетінің студенттерімен кездесті.
Жалпы, рухани келісімді қамтамасыз ету ісі көптеген мемлекеттерде негізгі міндеттердің біріне айналып отыр. Осы орайда, Қазақстан дұрыс жолды таңдап, нәтижесінде тұрақтылық пен орнықты дамуға қол жеткізе білді. Студенттермен өткен келелі кездесуде облыстық дін істері басқармасының басшысы Рухани келісім күнінің мән-маңызына тоқталды.
– 1992 жылдың қазан айында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Алматы қаласында І Бүкіләлемдік рухани келісім конгресі ұйымдастырылған болатын. Осы алқалы жиында 18 қазанды қоғамымыздағы өзара түсіністікті нығайту күні ретінде белгілеп, оны дәстүрлі түрде мереке ретінде атап өту ұсынылған болатын. Аталған ұсыныс қабыл алынып, міне, қазіргі таңда бұл күн барша қазақстандықтардың мерейлі мерекесіне айналып отыр. Бұл сөзімізге дәлел ретінде, еліміздің барлық аймақтарында осы мерекеге орай түрлі шаралар ұйымдастырылып, оларға халықтың белсенді қатысуын айтуға болады, – дейді Дулат Халелұлы. «Saryarqa aqparat» медиахолдингінің директоры Қамбар Ахмет мерекелік лебізін білдіріп, аталған мейрамның еліміздің өсіп-өркендеу жолында атқарар рөлі зор екенін айтты.
– Бүгін әлемде болып жатқан шиеленістер мен оқиғалар өркениеттер дағдарысына, алыптар арасындағы дауға ұласып жатыр. Осы ретте біздің қоғамдағы биік рухани құндылық еліміздің одан әрі тұрақты өркендеуіне, Қазақстан тұрғындарының бейбіт өмір сүріп, жан жақты дамуына, халық игілігіне еңбек етуіне мүмкіндік беріп отыр. Бұл дәстүрді сақтап қалу – біздің басты парызымыз. Өйткені, бізге қарап бой түзейтін мемлекеттер көп, – деді Қамбар Жұмағалиұлы.
Сондай-ақ, облыстық конфессияаралық қатынастарының проблемаларын зерттеу және талдау орталығының директоры Дулат Төлегенов «Қазақстан – қоғамдағы барлық үдерістің негізіне биік рухани мәдениетті қалыптастыруға тырысатын елдердің жарқын үлгісі. Ал бұл өз кезегінде ұлтына, дініне, нәсіліне қарамастан адамдар арасындағы өзара келісімге бастайтыны анық. Бұл шараларды еліміздің бейбітшілік пен рухани келісімге алған бағытының айқын көрінісі деуге негіз бар» деді сөзінде.
Кездесу барысында студенттер өздерін толғандырған сұраққа жауап алды. Негізгі сұрақтар – тақырыпқа сай өрбіді. Дін-дәстүр тұрғысынан студенттермен еркін форматта әңгіме өрбіді. Өз кезегінде жиынға қатысушылар спикерлерге алғысын білдірді. Бүгінде Қазақстан – бірлігі жарасқан, мейманасы тасқан, атағы әлемге асқан мемлекет. 130 ұлт қазақ шаңырағының астында жиналып, дүрдараз болмай, дүрлікпей, бір үйдің баласындай тату-тәтті ғұмыр кешіп жатыр. Рухани келісім – бірлік пен тұрақтылық кепілі. Міне, бүгінгі кездесуде бұған тағы да көзіміз жетті.
Қасымхан ҒАЛЫМ.