Ресми

Рухани келісім – бірлік моделі

Республика күніне орай Достық үйінде ҚХА ғылыми-сарапшылық кеңесі­нің мүшелері ұлттық бірліктің үлгісін қалыптастыруға бағытталған дәрістер өткізді. Айта кеткен жөн, ассамблея өкілдері «Қазақтану» жобасы аясында 7 қала мен ауданды аралауда бірлік пен жасампаздық ұранын алға тартқан болатын.

– 25 қазан – еліміздің маңызды ұлттық мерекесін атап өтеміз. Елде әлеуметтік-­экономикалық дамуға, айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізуге негіз болған – рухани келісім. Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXII сессиясында «Бірлік пен тұрақтылық болмаса, саяси-экономикалық реформалар жүзеге аспайды. Бірлік дегеніміз – мақсатымызға апарар жол ғана емес, мемлекеттілігіміздің ең басты тірегінің бірі» деп атап өткен болатын. Сарыарқа жерінде рухани келісімді негізге алып, ондаған этнос өзара татулықта өмір сүруде. Мәдениетіміз бен тарихымыз әлдеқашан тоғысқан. Осының бәрі жалпыұлттық бірлік моделінің негізгі қағидаты, – деді «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Гүлнар Қасембаева.

«Ассамблея жастары» республикалық жастар ұйымының төрағасы Тимур Жұмырбаев сөз алып, жастардың жетістікке жетуіне этникалық және әлеуметтік мәртебесі кедергі емес екенін айтты.

– «Ассамблея жастарын» белсенді түрде дамытудамыз. Біз маңызды 6 бағытты таңдап алдық. Оның ішінде, жастарды әлеуметтік қолдау, мемлекеттік тілді этникааралық тіл ретінде дамыту, қоршаған ортаны қорғау мен әскери-патриоттық тәрбие, мәдениетті дамыту бар. Бірінші бағыт – жастарды әлеуметтік қолдау, білімін арттыру, жұмысқа орналастыруға көмектесу. Осы бағыт «жас жасты үйретеді» форматында іске асуда. Ауылдық жерлерде көшбасшы жастармен кездесулер өткізіп, жастар бағдарламаларын, мемлекеттік қолдау шараларын таныстыру жұмыстары өтеді. Бұл салалар бойынша нәтижелер де баршылық. Биыл этностардың тұрғылықты жерлері бойынша жұмысты бастадық. Жастардың оқу деңгейі мен этникалық әртүрлілігіне қарамастан, олардың азаматтық рухының бір болуы үшін жұмылдыруға тырысамыз. Жастарды саналы тәлім-тәрбиеге, бірлікке баулитын ортаның маңызы зор, – деді ол.

Тимур Жұмырбаевтың айтуынша, бүгінде көп жас қазақ тілін өзінің туған тілі деп есептейді. Сондай-ақ, қоғамның дамуына өзінің үлесін қосқысы келеді. Қоғамдық өмірге белсенді араласса, олар дұрыс жолды таңдайды. Қазіргі жастарға өздерінің мәселелерін өздері көтеріп, оны шешуге мүмкіндік беру керек.

– Біздің ұйым осы бағытта жұмысты жалғастырады. Жалындаған жастарды қолдап, демеп жіберу – міндет. Қазақстан халқы Ассамблеясы жастар ұйымдарына үнемі қолдау көрсетеді. «Ассамблея жастары» ұйымы елдегі маңызды жастар қозғалысына айналды. Жастармен жұмыс­тың мәнін түсіну барлық жобаны сапалы жүзеге асыруға мүмкіндік береді, – деді төрағасы.

Сондай-ақ, жиында ҚХА ғылыми-сарапшылық кеңесінің мүшесі, әлеуметтану ғылымдарының кандидаты Талғат Жақиянов қазіргі таңдағы өзекті мәселе – зайыр­лылық және жасөспірімдердің мектепте орамал тағуы тақырыптарына тоқталды.

Зайырлылыққа қатысты полемика өте көп. Әртүрлі ғылыми теорияларды пайдалана отырып түсіну бар. Бірақ, қазіргі таңда оны бұрмалау басым. Оны ғылыми-таным және мемлекеттік конфессиялық қатынастар аясында құқықтық тұрғыдан тану керек, – деді ол.

Ол мектептің оқыту, тәрбиелеу, дамыту секілді міндеттері бар екенін еске салды. Санасы енді қалыптасып келе жатқан жас буын өзінің және өзгелердің таптық белгілерімен бас қатырмай, білім алуы керек екенін алға тартты.

– Бізде ресми тіркелген 18 конфессия (діни бағыт) бар. Тіркелмегендері одан да көп. Хиджап, орамалға рұқсат беру осы ағымдардың көпшілігінің мүддесін оятады. Себебі – зайырлы елде діндердің құқықтары тең. Діни атрибуттардың мектепте көрініс беруі исламмен ғана байланысты емес, – деді Талғат Жәрдемқұлұлы.

Аяулым СОВЕТ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button