Рух табыстырған ұлы достық
Белорустағы қазақтар.
Әрі-беріде Беларусьта қазақтар тұрған да болар. Өйткені қазіргі Минск кезінде Еуропа мен Азияны жалғастырған сауда орталығы болған. Минскінің түп-тамыры мен/е – айырбастау деген сөз. Көне тарих мұнда Ібір-Сібір елдерінен аң терілерінің көптеп саудаға түсетінін, сондай-ақ, жылқы малының мыңдап айдалатынын жеткізеді. Олай болса тері-терсекпен айналысқан көпестеріміздің мұнда тұрақтап қалуы әбден мүмкін-ау.Қазір Беларусьта, оның ішінде Минскіде бір жарым мыңның ар жақ – бер жағында қазақтар тұрады. Олардың бастауында Ұлы Отан соғысынан оралған майдангерлер тұрды десек жөн болар. Кеңес заманында өкімет жолдамасымен оқуға барып, қайтпай қалушылар да аз болмаған. Басты себебі отбасылы болып қалған. Қыздарымыз содан елге қайтуға бетінен басқан. Оқуға барған жігіттеріміздің қалып қоюының салдары басқашалау. Негізінен орыс тілділер қалған. Оның үстіне беларусь жұрты өзіміз секілді қонақжай, түріңе, түсіңе қарап алаламайтын, өздігінен ешкімге ұрынып тұрмайтын момын халық. Тағы бір салдары мұнда қолынан іс келетін жанды барынша көтермелеп отырады екен. Демек, қызмет бабында өсуге мүмкіндік бар деген сөз.Сол қызмет бабына қарай орнығып қалған қазақтарды қаузадық. Осындағы Еуросотында екі бірдей қазақтың істейтінін естідік. Өмірзақ бауырымыздың айтуында мұндай бауырларымыз баршылық көрінеді.Мұндағы қазақ отбасыларын жартыкеш отбасылар десек болады, бір жартысы – қазақ, екіншісі – беларусь. Соған қарамастан қазақша сөйлейтін отбасылары аз емес.Сол қазақтардың барлығы жақсы жүріп жатыр. Жақсы қызметтерде отыр.Беларусь жұрты танитын қазақтар да баршылық. Солардың бірі – Мырзатай Берікбаев ақсақал. Минск қаласының Первомай ауданы ардагерлер кеңесінің төрағасы. Жасы тоқсанға келсе де ешкімнің көмегіне зәру емес. Өзі жүреді. Өз жолын өзі табады. Әлі бақуатты.23 ақпанның мұнда ұлттық мереке ретінде атап өтілетінін айтқанбыз. Соның алдында Ұлы Отан мұражайында ағамызбен үлкен кездесу өтті. Өкініштісі біздер қатыса алмадық. Онда Гродно облысында жүргенбіз. Өзіміз тұрсын беларусьтар да Мырзаға дейді екен. Онысының жөні бар. Өйткені ол кісі кешегі қан сасыған қаралы күндердің тірі куәсі, тірі шежірешісі. Соған орай жас ұрпақпен кездесуі жиі. Соның бірінен шаршаса, кәне?!Мырзатай ағамызға қатысты мына бір тағылымы бар жайтты да айта кетелік.Беларусь мемлекеттік Ұлы Отан соғысы тарихы мұражайында Қазақстанның Беларусьтағы елшілігі «Бәрімізге ортақ Жеңіс. Қазақстан – Беларусь» кітабының таныстырылымын өткізіпті. Кітап Брест қамалын қаһармандықпен қорғаған, партизан жасақтарының құрамында шайқасқан, Беларусьті неміс-фашист басқыншыларынан азат етуге қатысқан қазақстандық жауынгерлер туралы. Олардың 83-і Кеңес Одағының Батыры атағына ие болған екен. Кітаптағы фотосуреттер батырлар құрметіне аталған гүлзарлар мен көшелер, бауырластар қабірлеріндегі обелиск пен мүсіндік ескерткіштер туралы көрнекі түрде баяндайды. Осы шараға дипломатиялық миссиялардың және халықаралық ұйымдардың басшылары, депутаттық корпус, мемлекеттік органдар, ардагерлер ұйымдарының өкілдері, қазақ диаспорасы, сондай-ақ, Минскідегі М.Әуезов атындағы орта мектептің оқушылары мен мұғалімдері қатысыпты. Сол кездесуде Мырзатай ағаның естелігі бәрінен де салиқалы болып шығыпты. Мұны да бізге жеткізген Өмірзақ Көбегенұлы.Минскінің төрінде орналасқан бұл мектепте де Қазыбек Нұржановқа қатысты танымдық кештер өтіпті. Қазақ елшілігі осы мектеп оқушыларына қазақ жеріне келулеріне жағдай туғызыпты.Мырзатай ағаның ұлы Владимир де әке жолын қуыпты. Бүгінде ол кісі де полковник. Минск әскери академиясында кафедра басқарады. Өзі де осы академияның түлегі көрінеді. Біраз уақыт Капустин Ярде жұмыс істепті.Мұнда білім алып жатқан қазақ жастары да баршылық екен. Арнайы жолдамамен келген. Владимир Мырзатайұлы соларға дәріс беріп жүргенін кәдімгідей мақтан тұтады. Қиырда жатсам да еліме бір себім тиіп жатыр деп масаттанады.Мені қызықтырғаны БАҚ еді. Министрлігіне де бас сұғып шықтым. Бес қабатты жайда көп мекеме, ұйымдардың бірі болып отыр. Ешқандай шектеу жоқ. Саржалақ басылымдар жоқтың қасы. Кітаптары баяғыдай көп таралыммен шығады. Кемі он мыңмен тарайды. Бір сөзбен бұл елді оқырмандар елі десе болады.Телетаралымдары екі тілде ғана жүреді. Ағылшын, поляк тілдерінде оқтын-тектін жарнамалар беріліп қояды. Жалпы, мұндағы жарнама тілі де – беларусь тілі.Қалалық, аудандық газеттер үзбей шығып тұрады. Барлығын дерлік мемлекет қаржыландырады.Біз барған күннен бастап беларусьтық журналистер бізді айналдырсын. Күн сайын хабарлар беріп тұрды.Осындағы ұлттық арнада бір қарындасымыз істейді. Дыбыс режиссері екен. Аты-жөні – Роза Омарова. Ленинград театр институтын режиссура мамандығы бойынша бітіріпті. Жолдамамен осында келген. Бүгінде осындағы белді мамандардың бірі болып есептеледі екен. Сол қарындасымыздың қуанышы әлемет еді.– Барыс сияқты жеңіңдер, – дейді.Кейін білсек қарындасымыз кәдімгі «Барыс» хоккей клубының жанкүйері екен. Жанкүйері болғанда қандай? Сол ойынды жүргізуге тікелей өзім қатысамын дейді.– Жеңілсеңдер де «Барыс» сияқты ойнаңдар, – деп қояды.Қызмет бабымен осында орныққан Шыңғыс Әділов бауырымызбен де таныстық. Осындағы қазақ елшілігінде құйқалы қызметтің құлағын ұстап отырған бауырларымыздың бірі екен. Түбі өзіміздің ақтоғайлық көрінеді. Сол бауырымыз есімізде мықтап қалды. Алғашқы күндері бізбен болмады, кейінде қалмады. Өйткені Қазыбек Нұржанов бабамыз ақтоғайлық ғой.Сөйтсек, біздің жарысымызбен қатар күрестен тағы бір жарыс өтіпті. Соған қазақстандық спортшылар қатысады. Оның ішінде ақтоғайлықтар да бар көрінеді. Солардың қаражаттары бітіп қалады. Шыңғыс соларды қонақ үйінен өз үйіне аударып алады. Туған бауырларындай күтеді және өз қаражатымен шығарып салады. Нағыз қазақ жігіттерінің болмысын осы Шыңғыстан көріп, мерейіміз өсіп қалды.
БІЗ ӘЛІ КЕЗДЕСЕМІЗТалай мәрте айтып келген сөзіміз. Әлі де мүмкін айтармыз.Алайда, бұл жерде айту жарамайды.Өйткені біздер міндетті түрде кездесеміз.Волковыск ауданы басшысының орынбасары Игорь Алексеевич Кашкеевич, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, отставкадағы полковник Анатолий Семенович Игнатович және басқалары біздерге қолдарынан келгенше құрмет жасады. Келесі жылы Қазыбек Бейсенұлының туғанына 100 жыл толатынын, соған орай жаңа тұрпаттағы жарысқа шақыратындарын жеткізді.– Мен арманыма жеттім, – дейді осы жарыстың бастауында тұрған Волковыск №1 СДЮШОР мектебінің бұрынғы директоры, спорт ардагері Михаил Георгиевич Бурдук, – жарысымыз халықаралық деңгейге көтерілді, қалғанын жастарымыз жалғастырсын.Ішіміз сезеді. Волковыск жұрты жаңа тұрпаттағы деп тегін айтып тұрмаса керек. Келешекте бұл жарысқа неміс спортшылары да қатысуы мүмкін екен. Бұған қарағанда алдын ала келісім сөздер жүргізілген сынды. ТМД елдерінен де спортшылар қатысады деп қойды.Беларусьтық жолдастар неге бұлай деп айтты десек оның себептері бар көрінеді. Аталмыш елдер спортшыларын тек халықаралық жарыстарға ғана жібереді екен.Ал, Қазыбек Нұржанов атындағы жарыс мұнан былай халықаралық жарыс болып өтетін болады. Бұған дейінгі кездесулерде біздің басшымыз да беларусьтық спортшыларды қазақ жеріне, оның ішінде Қарағанды қаласына шақырған. Өйтетіні Есен Біләлұлы бұл жарысты келер жылдың тізбелік жарысына кіргізіп қойыпты.Ішіміз сезеді. Келер жылы бұл жарыстың қазақ топырағында өтетініне.Өйткені, бізде де батыр атында жарыс өтеді. Өкініштісі аудан аясында қалып қойған. Күрес түрінен. Ертеректе екі жылда бір рет өтіп келсе, енді жыл сайын өтеді екен. Сапар алдында Қоңырат ауылында болғанымызды айтқанбыз. Сол жарыс осы ауылда өтеді. Оларда қазірдің өзінде батырдың мерекелік жарысына дайындық басталып кетіпті. Оны өз көзімізбен көріп қайттық.Бұл жарыс та өтсін. Бәлкім, біздер де осы жарысқа беларусьтықтарды шақырып қалармыз. Олар келіп жатса бұл жарысымыз да халықаралық болып шығады.Ал, жеңіл атлетикалық жарыс міндетті түрде бізде өту керек.Сапарымыздың соңғы күнінде бізді Беларусьтағы Елшіміз Ермұхамбет Қабиденұлы Ертісбаев қабылдады.Жылы жүзді кездесуде Елші жерлестерін спорттағы жетістіктерімен құттықтады. Естелік сыйлықтарын тапсырды. Біздің тарапымыздан «Матан» ЖШС-нің бас директоры М.Жадай мен «Көкбөрі Керней баба» қайырымдылық қоры атынан мен сөйледім. Біздер де апарған сыйлығымызды тапсырдық.Сонан кейін батыр атындағы жарыстың мәртебесін көтеру бойынша Қазақстан тарапынан атқарылуға тиіс жұмыстар талқыланды. Бұл мәселе бойынша қабылдауға қатысқандардың барлығы дерлік өз пікірлерін білдірді. Ортақ тоқтамға келген жері – келесі мерекелік жарыс батырдың туған елінде өту керек.Елшілік өз тараптарынан бұл жарыстан сырт қалмайтындығын, жарыстың барынша жоғары деңгейде өтуіне атсалысатынын жеткізді. Ермұхамбет Қабиденұлы төтенше бір жағдайлар болып қалмаса осы атаулы жарысқа тікелей өзі келіп қатысатынын мәлімдеді. Аудан, облыс әкімдігі тарапынан қабылдаулар болып жатса осы сәлемін жеткізуді өтінді.Барған жігіттеріміз өнерден құр алақан емес еді. Марат, Есеннің жап-жақсы табиғи дауыстары бар. Ал, Мұратымыз арқасы қозғанда жыр шумақтарын төгіп-төгіп салады. Мына шумақтар сондай шабытты сәттердің жемісі.Беларусь еліне барған жолжазбамызды осы Мұраттың «Беларусь сапары» өлеңімен аяқтасақ деймін.Жағалай орман қарасаң қайда көз тігіп,Бағалай алман керемет деймін үздігіп.Партизан Вася, қазақтың қайсар ұлы,Жүз шыққан орман, фашисті қырып, жүз кіріп.Сыңсыған орман, қарағай, емен,тал, қайың,Таң қалып тағы, талатын болды таңдайым.Ауасы қандай,Қаныққан таза оттегі,Құныға жұттым,Өкпесі кеткен жандаймын.Екінші күні қарадым, тағы таң қалдым,Үшінші күні үйреніп қаппын, аңғардым.Төртінші күні кеудені қысып кеңістік,Жанымды жеді, еңсемді басып заңғар мұң.Қарасаң қайда,Жанарың барып тіреліп,Ну орман сайда, қырда да тұрды түнеріп.Еңсемді басты табиғат салған сұлулық,Артқандай маған әдемі жүкті кіре ғып.Зәрезап болдым,Орманның көрсем қарасын,Сан азаптандым, сағынып қазақ даласын.Кеңдігің қандай, еңдігің қандай ен далам,Көрсетіп жатқан көкжиектердің арасын.
Төрехан МАЙБАС.Қарағанды-Минск-Деречин-Волковыск-Минск-Қарағанды.