АймақҚарқаралы

Өрт кезіндегі өжеттік

Жақында Қарқаралы ауданындағы Қоянды ауылының маңынан басталып, 35 мың гектар жерді шарпыған өрт көпшіліктің есінде. Адам ажалына соқтырып, бірнеше адам зардап шеккен оқиға кезінде тілсіз жаумен күндіз-түні арпалысқан жандардың еңбегі ерлікке пара-пар.

Сурет Ж.Өскентаеваның жеке мұрағатынан

Дала өрті күшейіп, Шарықты ауылдық округіндегі Айыр елдімекеніне жақындағанда осы ауылға жауапты медицина қызметкері Жұмабике Өскентаева оқиға ортасында болып, зардап шеккендерге алғашқы медициналық көмек көрсетті.

– Түнгі сағат үштің шамасында аудан әкімдігінің өкілдері маған: «Сіз барып демала беріңіз, шұғыл көмек қажет болса, шақырамыз», – деген. Мен олай жасай алмадым. Азаматтар жанын шүберекке түйіп, өртпен арпалысып жатқанда қалайша кетіп қаламын!? Сол жерде түнімен жүріп, қажет кезде адамдарға қолдан келгенше жәрдем жасадым. Бұл менің кәсіби де, адамгершілік те парызым ғой, – дейді тәжірибелі медбике.

Жан-жақтан қаумалаған өрттен қаймықпаған өжет адамның сөзі. Құдай өзі сездіргендей, көп ұзамай Жұмабике көмірқышқыл газынан уланып қатты қиналған екі өрт сөндірушіге алғашқы медициналық көмек көрсетіп, аудандық ауруханаға жеткізді. Қан тамырларынан дәрі жіберіп, ағзаларын тазалады.

Жұмабике Серікбайқызы – Егіндібұлақ ауылындағы №5 мектеп-интернатта білім алған, Қарағанды медицина колледжінің түлегі. 2010 жылдан бері Айыр, Қызылшілік ауылдарында учаскелік медбике болып қызмет жасап келеді.

Мамандыққа адалдық таныту, кез келген сынға дайын болу – медик, өрт сөндіруші, құтқарушы сияқты төтенше жағдай қызметі мамандарына қойылатын басты талап. Табиғи және техногенді апаттар кезінде оларға үлкен жауапкершілік жүктеледі. Олар халқымыздың саулығы мен табиғатымыздың құндылықтарын түрлі қауіп-қатерден қорғайды. Сондықтан, Жұмабике Серікбайқызы сынды замандастарымыздың ерен еңбегі ең жоғары бағаға лайық!

Болатбек ӘШІМҰЛЫ,
Қарқаралы ауданы

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button