Жаңалықтар

Өрт қауіпсіздігі өзіміз үшін

Биыл облыс аумағында газ баллондарымен байланысты сегіз жазатайым оқиға орын алып, төрт адам қаза тапты. Тоғыз адам зардап шекті. Одан бөлек, жылыту кезеңі басталғалы тұрғын үй секторында облыс бойынша 60 рет өрт шығып, екі адам қайтыс болған. Қарағанды облысы мемлекеттік өрт бақылау басқармасы басшысының орынбасары, азаматтық қорғау майоры Құрмет Жұмекенов өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында қандай қауіпсіздік шараларын сақтау керектігін айтты.

Коллажды жасаған А.Рахымжан

Өрт пен көміртегі тотығымен уланудың алдын алу жұмыстары тұрғын үй секторында өрт профилактикасы жоспарына сәйкес тамыздан бастап жүргізілгеніне қарамастан, өрт шығу жағдайлары өткен жылмен салыстырғанда 36,7 пайызға өскен. Одан бөлек, пештен бөлінген улы газдан бес адам зардап шекті. Оның екеуі – бала.

– Өрттің алдын алу үшін жауапты қызметкерлер 24 мыңнан астам тұрғын үйді аралап, 49 мыңнан астам адамға түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Тұрғын үй секторында 6478 адамды қамтыған 337 жиналыс пен жиын өтті. «Оттан сақ бол!», «Сіріңке – бір өмірдің бағасы», «Қауіпсіз пеш!», «Таза түтін мұржасы», сондай-ақ кең ауқымды «Сіздің үйіңіздің қауіпсіздігі!» акцияларын өткіздік, – дейді Құрмет Рахметұлы.

Спикер халықтың әлеуметтік осал топтарының үйлерінде биыл 3695 өрт хабарлағышы, ал, 2018 жылдан 7338 улы газ датчиктері орнатылғанын айтады. Бірақ, өрт әдетте ескі және тозығы жеткен, жанғыш құрылыс конструкциялары бар, пайдалану мерзімі 50-70 жылдан асқан жеке тұрғын үйлер мен құрылыс­тардан шығады.

– Өрт жағдайына халықтың әлеуметтік жағдайы үлкен әсер етеді. Яғни, бұл аз қамтылған немесе қоғамға жат өмір салтын ұстанатын халықтың топтары. Өрттің пайда болуының негізгі себептері – отты абайсыз пайдалану, пештерді пайдалану кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу. Төтенше жағдайлардың алдын алу, адамдардың жарақаттануын болдырмау мақсатында өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтау қажет. Барлық азаматтардан өз қауіпсіздігі мәселесіне мұқият және байыпты қарауды сұраймыз, – дейді Құрмет Жұмекенов.

Ал, газ баллондарының жарылу себептерінің бірі – автогаз құю станцияларында тұрмыстық газ баллондарды бақылаусыз толтыру. Станцияларда газ баллондарын толтыру кезінде нормалар, толтыру пайызы сақталмайды. Техникалық қызмет көрсетуді айт­пағанда, оларға тексеру де жүргізілмейді. Баллондарға газды рұқсат етілген қысымнан артық толтырғанда, жылу әсерінен жарылыс пайда болады.

– Тұрмыстық газ баллондарын толтыру тиісті технологиялық регламентке сәйкес орындалады. Бұдан басқа, толтырар алдында жарамдылық мерзімі және келесі куәландыру тексеріледі. Қажет болған жағдайда жөндеу, өзекті ауыстыру, дәнекерлеу жұмыстары, қақпақтарға арналған сақиналарды қайта отырғызу, вентильдерді ауыстыру, куәландыру және басқа да жұмыс түрлері жүргізіледі. Ал, жарамсыз газ баллондары жоюға жіберіледі, – дейді Құрмет Рахметұлы.

Бірақ, қолданыстағы заңнамаға сәйкес газ жабдықтары мен тұрмыстық газ баллондарын қауіпсіз пайдалану талаптарының сақталуын бақылау азаматтық қорғау органдарының құзыретіне кірмейтінін айту керек. Қазақстан Республикасының «Газ және газбен жабдықтау туралы» Заңына сәйкес, тұрмыстық баллондар мен газбен жабдықтау жүйелері нысандарын қауіпсіз пайдалану талаптарының сақталуын бақылауды жергілікті атқарушы органдар жүзеге асырады.

Заңнамада газ баллондарын пайдалануды қатаңдататын талаптар көзделген. Мәселен, стационарлық автогаз құю станцияларында автокөлікте пайдалануға арналмаған баллондарды толтыруға болмайды. Ал, 2023 жылғы маусымда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сұйытылған газ және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық айналымын реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойылды. Онда автогаз құю станцияларында тұрмыстық баллондарды толтыруға тікелей тыйым салу белгіленді.

– Екі қабаттан асатын көппәтерлі тұрғын үйлерде тұрмыстық газ баллондарын сақтауға және пайдалануға тыйым салынады. Сондай-ақ, баллондарды суықтан жылы жерге кіргізгенде жылыту аспаптары мен пештердің жанына қоюға болмайды. Тұрмыстық газ баллондарын тек мамандандырылған станцияларда толтыру керек. Ал, оның сыйымдылығы 85%-дан аспауы керек, – дейді Құрмет Рахметұлы.

Төтенше жағдайлар департаменті сондай-ақ, жұмыс істеп тұрған газ құрылғыларын қараусыз қалдырмауды, газдың шығуын тексеру үшін ашық отты пайдаланбауды және балаларға газ құрылғыларын пайдалануға жол бермеу керектігін ескертеді.

Салтанат ІЛИЯШ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button