Жаңалықтар

Өрт қауіпсіздігі – өз қауіпсіздігің

Құрғақ жəне ыстық күндері өрт қаупі артады. Əсіресе, дала өртін өшіру қиын. Өрттің алдын алу мақсатында Өңірлік коммуникациялар қызметінде баспасөз мəслихаты өтті.

Оған облыстық орман шаруашылығы жəне жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Абзал Балтабаев, облыстық табиғи ресурстар жəне табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Бақтияр Санбаев, облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, азаматтық қорғау полковнигі Нұрлан Бекбосынов қатысып, орман жəне дала өртінің алдын алуда атқарылып жатқан жұмыстарды тізбектеп берді.

Тілсіз келіп, тұтқиылдан тап беретін өртті алдын ала болжап білу мүмкін емес. Адам өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға жəне материалдық құндылықтарға орны толмас зиян келтіретіні барлығымызға айдан анық. Əсіресе, дала жəне орман өртінің қаупі жоғары. Алдын алуда да қиындықтар кездеседі. Жалпы, аймақтағы мемлекеттік орман қоры 536 мың 93 гектарды құрайды. Былтыр өрттің басым бөлігі орман шаруашылық мекемелерінде болған. Сондай-ақ, Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағындағы өрт салдары қоршаған ортаға зиянын тигізді. Өртенген жəне түбірімен зақымданған ормандар 12,363,3 текше метр, келген шығын 90 млн. 417 мың 660 теңгені құрады. Өртті сөндіруге кеткен шығын 6 млн. 183 мың 810 теңге. Орман өртінің шығу себептері жайлы 57 жағдай тіркелген. Оның ішінде басым көпшілігі найзағайдан жəне дала өртінен, тек 13%-ы белгісіз себептерден шыққан. Осындай ақпараттарды тілге тиек еткен облыстық орман шаруашылығы жəне жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Абзал Балтабаев мемлекеттік орман қоры аумағында болған тұлғалардың жауапкершілігін еске салып, қойылатын талаптарға баса назар аудару керектігін айтып өтті. Егер қауіпсіздік ережелерін бұзған жағдайда Қазақстан Республикасы Əкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 367-бабы, атап айтқанда ормандарда өрт қауіпсіздігі талаптары мен қағидаларды бұзу жəне Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 292-бабы – өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу бойынша жауапқа тартылады.

– Аймақтағы орман қорында өрттердің алдын алу бойынша жоспар жасалып, жүзеге асуда. Жалпы осы жұмыстарға облыстық бюджеттен 1 млрд. теңгеге жуық қаражат бөлінген. Өрт сөндіру станциялары арнайы көліктер, құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуде. Сонымен қатар, орман шаруашылықтарының аумақтарында орман өрттеріне жедел əрекет ету үшін бес өрт сөндіру станциясы – Ақтоғай, Шет, Молодежный, Белағаш, Қу орман шаруашылығына салынатын болады. Оған 354 млн. теңге көлемінде қаражат қарастырылды. Орман өртінің алдын алуда минералдандырылған жолақтар салынуда. Оның жалпы ұзындығы 4292,2 шақырымды құрайды. Бүгінгі күнге 342 шақырымына жайластыру жəне күту жұмыс тары жасалды, – дейді облыстық табиғи ресурстар жəне табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Бақтияр Санбаев.

Табиғи өрттерге əрекет ету үшін төтенше жағдайлар департаментінде Штаб жəне 62 мобильдік топ құрылған. Қауіпті кезең басталғаннан бері осы мобильді топ халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Рейдтік іс-шаралар кезінде саяжай учаскелерінің аумағында құрғақ шөптер мен қоқыстарды жағу кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзудың 21 фактісі анықталып, 707 мың 250 теңге көлемінде айыппұл салынған.

– Бүгінде облыс аумағында екі орман өрті тіркелді. Сонымен қатар, Ақтоғай, Нұра жəне Шет, Қарқаралы, Абай жəне Бұқар жырау аудандарында жалпы ауданы 201 гектар болатын дала өртінің 10 жағдайы тіркелді. Барлық қалалары мен аудан орталықтарында, елді мекендер мен ірі өнеркəсіптік объектілерде өрт сөндіру бөлімшелері орналастырылады. Облыс бойынша барлығы 30 өрт сөндіру бөлімі орналасқан. Өрт сөндіру қызметінің қарауында 329 техника бар. Халық саны 50 мыңнан асатын 87 елді мекенге арналған 45 өрт сөндіру бекеті жұмыс істейді. Биыл Ақтоғай, Қарқаралы, Шет аудандарының аумағында тағы 4 бекет құру жоспарлануда, – деді облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, азаматтық қорғау полковнигі Нұрлан Бекбосынов.

Брифинг барысында облыс аймағында орман жəне дала өртін болдырмау, алдын алуда атқарылып жатқан шаралар айтылды. Əрі арнайы ереже-талапты бұзғандар заң аясында жауапқа тартылатындығы да ескертілді.

Сағыныш ƏБІЛ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button