Басты тақырыпТарих

Ұрпақ – бабаларымен ұлы

ҚР Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ БҰҰ мінбесінен әлемдік қауымдастық алдында жасаған баяндамасы еліміздегі рухани келісім, ұлтаралық татулық саясатына негізделіп, “Мәңгілік Ел” идеясын көтеруіне ұласқанын барша жұртшылық біліп отыр. “Мәңгілік Ел” – ұлттық идеологияның Темірқазығы. Әр қазақтың келешегіне кемел сеніммен үңілуінің өзі өткенді қадірлеу мен бекзат бабаларымыздың ұлт тұтастығы, ел бірлігі жолында еткен еңбегі мен төккен терінің байыбына жетуде жатыр. Осының бәрі – “Мәңгілік Ел” идеясын жүзеге асырудың берік іргетасы.

Осы “Мәңгілік Ел” идеясы аясында, ұлтқа қорған, жұртқа пана болған бабалар жайлы сөз етудің орайы келіп отыр. Бұрнағы күндері киелі Түркістанда Арғын-Қаракесек руынан тарайтын халқымыздың ірі перзенті, ХVII ғасырдың соңында дүниеге келіп, ХVIII ғасырдың екінші жартысында өмірден озған баһадүр, әрі әділетті би, барша ғұмырын имандылық арқылы тұтастық пен бірліктің орнығуына арнаған Байдәулет Құдайбердіұлы бабамыздың жатқан жері анықталып, рухына құран бағышталды. ДАТ (даланың ауызша тарихнамасы) бойынша Байдәулет бабаның ғұмыр кешкен заманы қазақ-жоңғар қантөгісі кезеңімен тұспа-тұс келеді. Жидебай, Қойайдар, Сеңкібай, Жарылғап, Аралбай, Дербісалы, Байғозы, тағы басқа қолбасылар қатарында жасақ басқарыпты. Сарбаздарға мініс ат, қару-жарағы үшін қаржы алмапты. Ең бастысы, әділ би болған баба сұңғылалықпен сол тұстағы қос империяның зымиян саясатын бірден түсініп, болашақтағы жүрер жолды бағамдапты. Ақиқатында солай болған. Жоңғар мемлекеті жойылған соң ең бір шұрайлы жердің (мәселен, Таулы Алтай, Солтүстік Алтай өңірі, Шыңжан атырабы т.б.) қос империяның меншігіне айналғаны баршаға мәлім. Ресей империясының боданына айналған тұстағы жағдай тіпті қатер еді. Ұлттық болмысынан айрылып, мәңгүрт кейпіне түсіру қаупі төнді. Міне, осы тұста асыл дініміз Ислам арқылы имандылыққа баулу, жағдайды жіті аңғарып, тастүйін бірлікте болу идеясы үшін күрескен Байдәулет бабаның қайраткерлік сипаты арада үш ғасырдай уақыт өтсе де ел жадынан өшкен жоқ. Қандай ауызша дерек болсын, ғылыми, тарихи негіздемені басшылыққа алатыны аян. Көптеген ғалымдар осы тарапта зерттеулер жүргізді. Батаның ұрпақтары Талпақ қажы, Ахметжан туралы ғалым Қ.Аса­нов құрастырған кітап жарыққа шықты. Ауызша тарихтың ақиқатына жету үшін Түркістандағы «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайының басшылығымен бірлескен жұмыстар атқарылды. Ақыры, тарихи, мұрағаттық деректер негізінде аталмыш мекеме биыл сәуірдің 27 күні ғылыми-кеңестің шешімін (№4 хаттама) шығарып, Бай­­дәу­лет Құдайбердіұлының кесенеде жерленгені туралы сертифи­кат берді.

Білген жанға бұл оқиғаның қаншалықты маңызды екендігін айтып жату артық. Туған жері, қыстауы мен жайлауы облысымыздың Ақтоғай, Шет аудандарына орналасқан бабаның есімімен ұзын сілемді таудың аталуы (қазіргі Спасск әскери бөлімінің оң жақ қапталында), бабаның екінің біріне бұйыра бермейтін Әзірет Сұлтан кесенесіне жерленуі де көп жайтты аңғартса керек. Бабамыздың ұрпақтары қаражат жинап, 16 шілдеде Әзірет Сұлтан кесенесінде ресми митингі өткізді. Баба есімі арнайы тақтаға жазылды. Салтанатты митингіні жүргізушінің бірі – талантты өнерпаз Дунай Есбаев болса, жиналған жұртшылыққа арнап сөз сөйлегендер: қорық-мұражай директоры Ж.Әубәкір, Түркістан қаласының әкімі Әліпбек Өсербаев, С.Дүйсебеков осы жолдардың авторы және филология ғылымдарының докторы, профессор М.Хамзин, жерлесіміз, медицина ғылымының докторы, профессор К.Сисабеков, ҚР Президенті әкімшілігі аппаратының жауапты қызметкері Т.Толқынбаев мазмұнды шараға мән үстейтін ойларымен бөлісті. Баба ұрпақтары А.Төлеубаев, М.Жәшкеев, Е.Асылбековке арнайы сертификат ресми түрде табыс етілді. Кесенеде мәңгілік дамылдап жатқан ұлы тұлғаларға құран бағышталды. Құрбандық шалынды. Баба ұрпақтары өз қаражаттарына сатып алған қос жылқының бірінің еті тұрмысы төмен отбасыларға таратылса, екіншісі арнайы асқа жұмсалды. Қала жұртшылығы мен еліміздің көптеген отбасылырынан келген азаматтардың дән риза болғанына куә болдық.

«Қожа Ахмет Яссауи кесенесінде жерленген тұлғалар» сериясымен «Құдайбердіұлы Байдәулет баба» атты буклет кітаптың тұсаукесері өткізілді.

Тағылымды іс-шара ұлт тұтастығын адами арының туы етіп көтерген Байдәулет Құдайбердіұлы бабамызға арналса да, төмендегі жайттарға баса назар аудару қажет деп білеміз.

Асылы, біз өз тарихымызды өзіміз жазу құқығына тек тәуелсіздік жылдары ғана ие болған елміз. Бұл жайт атқарылған істен гөрі, атқарылуға тиіс істердің көптігін аңғартса керек. Түркістанда өткен осынау тағылымды шара баба рухына жасалған тағзым және ең бастысы, еліміз үшін қазіргі таңда ауадай қажет бірлік, тұтастық, келісім сияқты киелі ұғымдардың символына айналды дегенді баса айтқан орынды. Демек, тағзым ғана емес, баба аманатын орындауға деген бағыт-бағдарымызды аңғартты. Осы жайт қалың жұртшылықты қуантты, қанаттандырды әрі рухтандырды дер едім.

Сағадат ДҮЙСЕБЕКОВ,

еңбек ардагері, «Құрмет»

орденінің иегері.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button