АймақБалқашБас тақырып

Роман Скляр Қарағанды – Балқаш автожолының реконструкциясымен танысып, жылу беру маусымына дайындықты тексерді

ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр Қарағанды облысына жұмыс сапары барысында ұзындығы 363 км болатын «Қарағанды – Балқаш» автожолын реконструкциялау жұмысы барысымен танысты.

Суреттер: облыс әкімдігінің баспасөз қызметі

Қазіргі сәтте мердігер компания жол жабынының жоғарғы қабатын төсеа жатыр.

ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Қарағанды облыстық филиалының директоры Ерлан Жұмағұлов автожолдың тұтас бойында айналып өтетін жер жоқ екенін және көлік құралдары қозғалысы қалыпты жағдайда жүріп жатқанын баяндады.

Жұмабек, Ақсу, Ақшатау, Ақсу-Аюлы елді мекендері мен Балқаш қаласы үшін бес айналма жол салынды. Мердігер Балқаш қаласының іргесіндегі теміржол арқылы өтетін өткел мен жол айрығы құрылысын аяқтады.

Ауыл шаруашылығы техникасының өтуі үшін 32 жол өтпесі және 11 көпір салынды. Қолданыстағы инженерлік коммуникация желілері қайтадан жүргізілді.

Автожолдағы жұмыс кезең-кезеңімен жүзеге асуда: тосқауыл қоршаулар орнатылып, қардан қорғайтын қоршаулар мен мал өткізбейтін қоршаулар салынды. Демалыс алаңдарын жасау бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. 18 демалыс алаңының ішінде модульдік үлгідегі 8 санитарлық-гигиеналық торап бар. Аялдап отыратын арнайы орындар мен автокөліктерді жөндеуге арналған эстакадалар қарастырылған.

Роман Скляр Қарағанды – Балқаш автожолының «Орталық–Оңтүстік» көлік дәлізін дамыту үшін маңызы зор екенін атап өтіп, жол-құрылыс жұмыстарының қарқынын төмендетпеуді және жолды реконструциялауды жыл соңына дейін аяқтауды тапсырды.

Сондай-ақ жұмыс сапары барысында бірінші вице-премьер Балқаш қаласында жылыту маусымына дайындықты тексерді. Ол жылу желілері мен қалалық ЖЭО-ның қайта жаңартылатын учаскелерімен танысты.

2021 жылдан бастап қалада ұзындығы 10,6 км магистральдық жылу желілеріне реконструкция жүргізіліп жатыр. Жұмысты биыл аяқтау жоспарланып отыр, бұл қаладағы жылумен жабдықтау сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Ішкі магистральдық және орамішілік жылу желілерін жаңарту бойынша жұмыс жүргізілуде. Барлығы 25 км жылу желілері ауыстырылады.

Бірінші вице-премьерге барлық жұмыс өткен жылыту маусымында үзіліс байқалған жылу магистралінің осал учаскелерінде жүргізіліп жатқаны туралы хабарланды.

Балқаш ЖЭО-да Роман Склярға жаңа, бесінші қазандықтың құрылысы жайында баяндалды, ондағы монтаждау жұмысы 2026 жылдың соңына дейін аяқталады деп жоспарлануда.

Станса жабдықтарын жөндеп, жаңғыртуға 2,6 млрд теңге бөлінді. Үш қазандық пен екі турбинаға ағымдағы жөндеу жұмысы аяқталды. Тағы бір қазандық пен турбинаны күрделі жөндеу жоспарланып отыр.

Жылыту маусымының басында ЖЭО төрт қазандықпен жұмыс істейтін болады, бұл тұрғындарды тұрақты жылумен қамтамасыз етеді.

Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button