Робот ұрпақ өсіп келеді
Әр адамның Құдай берген икемі, қабілеті болады. Соның арқасында нанын табады, еліне, адамзатқа қызмет етеді. Менің нәсібім – сөз бен жазу. Содан өзге түк келмейді қолымнан. Ақын басыммен асабалық қызмет атқарамын, амалсыздың күнімен… Әйтпесе, қай ақынға оңай дейсіз, той иесі мен қонақтың көңіліне қарап жүру. Той басқарғанымды көре алмай, кейбіреулер соңымыздан сөз де боратып жүр, өздері білсін…
Дәл қазір той деген «күйіп» тұр. Ақшасы бары да, жоғы да жасауда. Сол тойдың мәнісін түсініп жатқандары да шамалы…
Жуырда бір сүндет тойда мынадай жағдайға тап болдым. Жүрегімнің ауырғаны соншалық, бәрін тастап айдалаға безіп кеткім келді.
Шағын той жүріп жатқан. Екінші үстелдің басында шамамен 8-10 жасар үш қыз келіп, өз өнерлерін көрсеткісі келетіндерін айтты. Ешқашан бүлдіршіннің бетінен қаққан жан емеспін. Енді, хабарлауға ыңғайланғанымда, үшеуінің біреуі келіп құлағыма: «Аға, ыңғайсыз болса да айтайын, біз билегенде табақ қоясыз ба?» – деді. Не айтарымды білмей, тілімді жұтып қоя жаздадым. Ұялтпайын деп «билерің ұнаса, онсыз да берер» дедім.
Музыка қосылды, үшеуі кезекпен билеп шықты. Билеген түрлерін көріп, ақша жинау үшін шыққандарына көзім жетті.
Ашқұрсақ балаларға ұқсамайды, киімдері тәп-тәуір. Бұл не сонда? Жаныма қатты батқаны – киелі өнерді ақша табудың құралы деп түсінгендері.
«Өлімнен – ұят күшті» дейтін елдің ұрпағы едік қой. Ар-ұятымыз қайда кетті?! Меніңше, осыны істетіп отырған ата-аналары болса керек. Баланың санасын улауға қалай дәтіміз барады?!
«Не ексең соны орасың» деген сөзді ұмытқан сияқтымыз. Ақшаға құныққан эгоист, робот ұрпақ өсіп келеді. Олар үшін басты құндылық дүние ғана бола ма деп қорқамын. Сөзіме сенбесеңіз кез келген баламен әңгімелесіңіз, басым бөлігінің ойлайтыны – осы. Содан бері тойға, қонаққа шақырса, бала ертпейтін болдым. Апарсам да, шашуымды беріп, тілегімді айтып, тайып тұрамын. Баламның бойына жаман қылықтарды үйір қылғанша, аулада бірге доп тепкеніміз артық. Бір мезгіл тілдесіп, сырласқанымыз абзал.
Негізі, той – тәрбие құралы болуға тиіс-тін. Өкінішке орай, керісінше болып тұр. Қолымнан келгенше, тойда өнер көрсетемін деген құлыншақтарды хабарлағанда, өнердің киесін, шынайы өнерге берілген алғыс-батаның ақшадан мың есе артық екенін ұқтыруға тырысамын. Алайда, олардың көбісі елден бірдеңе дәмететіндей көрінеді де тұрады маған. Кейде туыстары еш қысылмай ортаға табақ қойып, жиылған ақшаны ұялмай шытырлатып санап, қалталарына тығып жатады…
Осының бәрін көріп, жүрегім ауырады.
Иә, робот ұрпақ өсіп келеді. Ал, роботта жүрек болмайтыны белгілі. Ертеңгі күн опық жемес үшін бүлдіршіндердің бойына ізгілік пен мейірім нұрын құйып, ұлттық болмыста тәрбиелейік ағайын!
Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan» газетінің тілшісі.