«Roboland – 2018»: қарағандылықтар топ жарды
Қарағандыда дәстүрлі «Roboland – 2018» фестивалі өз мәресіне жетті. Ғылым-біліммен қаруланған облыс оқушылары жерде жатқан қу темірге жан бітіріп, оған тіл мен жазуды қалай үйреткенін көрсетті. Жалпы, биылғы фестиваль – отандық және аймақтық робототехника бойынша білім беруді дамытудың барометрі болды. Сондай-ақ, бұл жолы көп жастар техникалық шығармашылық қабілетімен ерекшеленді. Ал, мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндердің ғылыми жобалардың жүзеге асуына араласуы – биылғы фестивальдің жаңалығы болды. Робот құрастыруға қызығушылық танытқан қала қонақтары үшін де үлкен мерекеге айналды. Үш күнге созылған халықаралық фестивальге Ресей, Қырғызстан және Польшадан келген өкілдермен қатар, Білім және ғылым вице-министрі Асхат АЙМАҒАМБЕТОВ арнайы қатысты.
Мақсат – мектепте технопарк құру
Білім және ғылым вице-министрі алдымен, Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция элементтерін жаппай енгізу керек. Бұл – автоматтандыру, роботтандыру, жасанды интеллект, «ауқымды мәліметтер» алмасу, тағы басқа міндеттер» деп айтқанына тоқталды. Еліміздегі робототехника сайыстарының көп жұмыстары ғалымдардың қызығушылығын туғызып, «ЭКСПО» Халықаралық көрмесіне ұсынылғанын тілге тиек етті.
Вице-министр атап өткендей, биыл төртінші рет өткізіліп отырған «Roboland» фестивалі Қарағанды облысының білімдегі беделін арттырады. Жаратылыстану пәндеріне басымдық берген облыста соңғы жылдың өзінде-ақ роботпен байланысты мектеп зертханаларының саны 47-ден – 200-ге дейін ұлғайды. Жолдау аясындағы жаңа технологияларды енгізудің көшбасшысына айналу жолында облыстық білім басқармасының мақсаты да мектептерді робототехникамен қамту болды. Көздеген мақсат – мектептердегі робототехника зертханалары базасында технопарктер құру. Бұл жоба жүзеге асса, облыстың барлық оқушыларының робот құрастыру арқылы интеллектуалдық білімі шыңдалмақ.
Осы мақсатта облыстың ғалымдары, белсенді ұстаздары «Roboland – 2018» фестивалі өтерден күн бұрын жиында бас қосты. Білімнің сандық жүйеге көшуіне қатысты Елбасының бес әлеуметтік бастамасын жүзеге асыру барысын талқылады. Жиынды басшылығына алған ҚР Білім және ғылым министрлігінің Республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының директоры Раиса Шер фестивальдің мақсат-міндеттерін атады.
– Жалпы білім беруде білім робототехникасы ерекше сала болып табылады. Ол өзекті педагогикалық технологияны ұсынуымен қатар, бір мезгілде балалар мен жасөспірімдердің ғылыми-техникалық шығармашылығын дамытуымен ерекшеленеді. Бұл дегеніңіз – инновациялық технологиялар арқылы білімді арттырып, әртүрлі жастағы балаларды іскерлікке жұмылдыруға мүмкіндік береді. Басты тоқталатын жайт, робототехника – жастар арасында инженерлік мамандықтардың беделін арттырады, – деді Раиса Шер.
Жалпы, қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының директоры атап өткендей, елімізде сандық технология жедел дамып келеді. Олай дейтініміз, биыл «Roboland – 2018» фестивалінде алғаш рет балабақша тәлімгерлері сайысқа түсті. Раиса Шердің сөзіне сүйенсек, «2 наурызда Білім және ғылым министрлігінде робототехниканы дамыту мәселелері бойынша республикалық үйлестіру кеңесі құрылған. ҚР Білім және ғылым вице-министрі Асхат Аймағамбетов басқарған үйлестіру кеңесінің құрамында мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, ата-аналар қоғамы мен ғалымдарын қосқанда 40 адам бар. Үкіметтің тапсырмасы бойынша 2018 жылы робототехника бойынша халықаралық, республикалық және аймақтық сайыстар өткізу бойынша Жол картасы құрылып бекітілген». Сондықтан, робототехниканы дамыту мәселелері алдағы уақытта республиканың барлық өңірлерінде жіті қолға алынбақ.
Дөңгелек үстелде ҚР Білім және ғылым министрлігінің өкілдері облыс ұстаздарының пікірлерін білді. Сандық жүйеге көшу, технологияларды, робототехниканы, оның қатарында білім беру робототехникасын дамыту мәселесін атады. Әсіресе, балабақшадан бастап білім саласында сандық технологияларды қолданудың өзектілігіне мамандар жауап берді. Бұған жуырда ашылған «Одарешка» жекеменшік балабақшасындағы робототехника кабинетінің жетістіктері дәлел болды. Балабақша өкілдерінің айтуынша, робототехникаға балалардың қызығушылығы басым, ата-аналарға да ұнайды.
Биылғы фестиваль – ерекше
Білім және ғылым министрлігінің өкілдері қатысқан жиын өткен күннің ертеңінде «Roboland – 2018» халықаралық фестивалі басталды. Қазақстанда дәстүрге айналған фестиваль Қарағандыдағы «Жастар» спорт кешенінде өтті. Фестиваль робототехникаға арналған түрлі құрал-жабдықтар, әдістемелік материалдар қойылған көрмеден бастау алды. Онда 3D-принтер арқылы бөлшектері шығарылып, құрастырылған өнімдер, балаларға құрастыруға арналған роботтың базасы, виртуалды әлемге шақыратын құрылғылар, алысты жақын ететін квадрокоптерлер қойылды. Бұл жерде Қазақстан, Ресей, Қырғызстан және Польшадан жиналған 800-ге жуық команда сайысқа түсті.
Биыл аталымдар санын 32-ге дейін ұлғайтқан ұйымдастырушылар, сайысқа жоғары талаптарға ие тапсырмалары бар күрделі санаттарды қосыпты. Жасөспірімдер әр аталымдар бойынша 3D принтердің көмегімен модельдерді жасау машығын көрсетті. Ал, мектепке дейінгі балалар – роботтарды құрастыруымен ерекшеленді. «Виртуалды шындық» номинациясына қатысушылар виртуалды шындық шлемі және басқару саусақтары арқылы робот моделін жасап шығарды.
Айта кеткен жөн, өткен жылғы фестивальде «Лего» және «Ардуино» роботтар сериясымен жабдықталған үлгілер көрсетілімі болған. Биылғы фестивальдің іскерлік бағдарламасы жаңарғаны содан белгілі болды. Ол – жасөспірімдер үшін ғарыштық құрылғыларды тамашалауға мүмкіндіктің берілуі. Бұл туралы жарыстың бас төрешісі, спорттық және білім жүйесіндегі робототехника халықаралық ассоциациясының президенті Максим Васильев: «Биылғы жылы «Roboland – 2018» фестиваліне 771 команда қатысады, оның 754-і – Қазақстаннан, 13-і – Ресейден, 1-еуі – Қырғызстаннан, 3-еуі – Польшадан. Фестивальде алғаш рет қазақстандықтарға «Лунная Одиссея» жақын ғарышты меңгеру бойынша бірегей оқу-әдістемелік оқулық ұсынылды. Бұл Біріккен Зымыран-Ғарыштық Корпорация, «Роскосмос» мемлекеттік корпорациясы мен LEGO Education компаниясының бірлескен білім жобасы», – деп атап өтті.
Фестиваль аясының кеңейгені қазақстанның әр облысынан келген өнертапқыш балалар үшін сәтті болды. Олар өзара тәжірибе алмасты. Оқушылар Ресей және Грекиядан келген «3D білім беру саласындағы инновацияларды енгізу» Бүкілресейлік Қауымдастығының президенті Роман Бондаренко, мәскеулік «Кулибин центр» директоры Светлана Шиповская, робототехника бойынша кітаптардың авторы Виктор Петин, «Ресейдің үздік сандық мұғалімі – 2017» номинациясының иегері Нина Данилина, 2016 жылдың Еуропадағы үздік STEM-педагогы Михалис Орфанакиспен танысуға мүмкіндік алды. Белгілі жоспарға сәйкес шетелдік мамандар мектеп оқушылары мен студенттерге арнайы семинарлар мен шеберлік-сыныптарын өткізді. Робототеxника мектебіне, үйірмесіне жазылуға мүмкіндік алды. Оған қоса қала тұрғындары фестивальдің онлайн көрсетілімін roboland.kz. сайтынан тамашалады.
«Roboland-тың» полигоны құрылмақ
Фестивальдің соңғы күні IV Халықаралық робототехника, бағдарламалау және инновациялық технологиялар сайысы жеңімпаздарының есімі анықталды. Жалпы командалық есепте Қарағандылықтар топ жарды. Еншімізде – 165 медаль. Бұл – Roboland фестивалінің Қарағандыда 2014 жылдан бері өткізілуінің нәтижесі. Биылғы жылы LegoMindstorms жабдық жиынтықтарын облыстағы 5 мектеп алды. Арада үш жыл өткен соң робототехника бойынша үйірмелер мен элективті курстар 188 білім ұйымдарында жұмыс істей бастады. Содан бері Қарағанды өңірі өзге облыстар үшін робот жасаудың флагманы атанды. Фестиваль нәтижесінде екінші орын Ақмола облысының командасына (19 медаль) бұйырды. Ал, үшінші орынды Астана қаласының командасы (17 медаль) қанжығасына байлады.
Айта кеткен жөн, фестивальге келген шетелдіктер қарағандылықтардың қонақжайлығына ризашылықтарын білдірді. Бұл ретте біз – ел мәртебесін көтеретін халықаралық деңгейдегі ғылыми шараларды жоғары деңгейде өткізетін Қарағанды облысының білім басқармасына қарасты облыстық білімді дамыту оқу-әдістемелік орталығы, «Сарыарқа Дарыны» аймақтық ғылыми-тәжірибелік орталығы мамандарының еңбегін атап өткеніміз жөн. Орталық мамандарының тыңғылықты жұмысының нәтижесінде, қазіргі таңда облыстағы 200-ден астам қалалық және ауылдық мектептердің мұғалімдері робототехниканы оқыту әдісі бойынша тәжірибеден өтті. Зертханаларды жабдықтау үшін түрлі бағыттағы және әртүрлі өндірушілердің – LegoEducation, Tetrix, VEX, Arduino, RoboRobo.LearningResources робототехникасы сатып алынды.
Биылғы жылдың соңына дейін облыстың барлық 467 орта білім беру мектептеріне робототехника зертханаларын ашуды жоспарлап отыр. Сөйтіп, қарағандылықтар қазақстандағы «RoboLand-тың» бірегей полигонын құрмақ.
Аяулым СОВЕТ.
Суреттерді түсірген Л.ГАЛИМОВ.