Басты тақырыпЖаңалықтар

Құрлық бәсекесіндегі жарқын жетістік

Жапонияның Саппоро қаласында өткен VIII Қысқы Азия ойындарында қазақ елі абыройдан ақ отау тікті. Азиадаға аттанған сәттен тілеуін тілеген споршыларымыз жігерімізді құм қылмады, сағымызды сындырмадық. Қазақтың намысын бермей көңілімізді көтеріңкі, кеудемізді шалқақ етті. Байрағымызды желбіреткен 153 спортшы басымдық танытты. 29 мемлекет қатысқан дүбірлі додада Қазақстан ұлттық құрамасы төртінші орынға табан тіреді. Қоржынымызды 32 медаль қомпайтты. Оның 9-ы алтын, 11-і күміс, 12-сі қола медаль.

Ел мерейін үстем еткен жарыстың жайын егжей-тегжей баяндауға тырысып көрейік. Осыдан бірнеше күн бұрын жарыс қанат жайды, күн санап медальдардың саны артып, ел спортшылары мақтанышымызға айналды. Алғашқы алтынды қоржынымызға салған шаңғышы – Ринат Мухин. 15 шақырымдық бәсекеде жерлесіміз қарсыластарынан үздік шықты. Ал, Азиаданың аяқталатын күнгі додада табысқа қол жеткіздік. Бұл күні медальдарды еселеген шаңғышылар – Сергей Черепанов – күміс және Николай Чеботько – қола жүлдені қолдан шығармай ұстап қалса, биатлоншылар – Ян Савицкий – алтын, Галина Вишневская – алтын және Алина Райкова күмісті қанжығалады. Сонымен қатар, Юлия Галышева – күміс, Дмитрий Реихерд – қола жүлдені иеленсе, ерлер хоккей командасы табандылық танытып тоғызыншы алтын медальді еншіледі.

Ел құрамасы арық сөйлеп, семіз шықты. Төрткүл дүние көз тіккен бәйгеде Алаштың аты озып, төртінші орыннан төбе көрсеткеніміз, әрине, жаман көрсеткіш емес. Ежелден қай спорт болмасын ісі адымды Жапония елі өздері ұйымдастырған Азия ойындарында жалпы есеп бойынша бірінші орын тұғырынан көрінді. Жапонияның қанжығасында 73 медаль (26 алтын 22 күміс, 25 қола) бар. Екінші орынды Оңтүстік Корея спортшылары 49 медальмен еншіледі. Оларға 16 алтын, 17 күміс, 16 қола олжа болды. Ал үздік үштіктен табан тайдырмаған Қытай елінің еншісінде 33 медаль (12 алтын, 13 күміс, 8 қола) бар. Солтүстік Кореяның құрамасы жалғыз қола медальды місе тұтты. Ал, қалған 24 мемлекет жүлдеден құр алақан болып елдеріне қайтты. VIII қысқы Азиада ойындарында 11 спорт түрінен спортшылар 64 медаль жиынтығын сарапқа салды.

Естеріңізге сала кетейік, Азия ойындарының тарихы 1952 жылдан бастау алды.

1986 жылы тұңғыш рет Қысқы Азиада ұйымдастырылды. Алпауыт мемлекеттердің басын қосқан жарыс төрт жылда бір рет жалауын көтереді. Қара жаяу қалпында қалмай, ұлы көшке ұласқан Азиада, Азияның Олимпиадалық кеңесінің басшылығымен жүзеге асырылған еді. Бір қызығы Қысқы Азия ойындарының алғашқы жарысы аталмыш Саппоро (Жапония) қаласында 1986 жылы 1-8 наурыз аралығында өткен екен. Ол кезде спорттың 8 түрі бойынша жер-жерден келген спортшылар жүлдеге таласыпты. Сол уақытта жарысқа 7 елдің спортшылары қатысып, 4 елдің спортшылары ғана жүлделі орындардан көрінген. Бұдан кейін, екінші Қысқы Азия ойындары 1990 жылдың 9-14 наурыз аралығында Саппоро қаласында екінші қайтара өткізген. Осы додада спорттың 6 түрі бойынша 10 елдің спортшылары қатысып бағын сынаған. Онда 5 елдің спортшылары ғана елдеріне жүлдемен кеткен. Біздің елдің құрамасы 1996 жылы 4-11 ақпанда Харбин (Қытай) қаласында өткен үшінші Қысқы Азиада да алғаш рет жарысқа шықты. Ол кезде спорттың 7 түрі бойынша медальдар сарапталып, қатысқан 17 елдің спортшыларының арасынан 5 елдің спортшылары жүлделі болды. Айтулы бәсекеде қазақстандық спортшылар 14 алтын медаль еншілеп, жалпы командалық есепте 2 орынды иемденді. Қазақстан спортшылары үшін 1999 жылы Кангвон (Корея) қаласында өткен 4-ші Қысқы Азия ойындары жақсы нәтижемен аяқталды. Сол жолы 10 алтын, 8 күміс және 7 қола жүлдені жеңіп алдық. Содан соң 2003 жылы Аомори (Жапония) қаласында өткен жарыста да қазақстандықтардың асығы алшысынан түсті. Отандастарымыз оза шауып бәйге алып, 7 алтын, 7 күміс және 6 қола медальға қол жеткізді. 2007 жылы Чангуин (Қытай) қаласындағы байрақты бәсеке яғни, 6-шы Қысқы Азия ойындарын қазақстандық спортшылар 6 алтын, 6 күміс және 6 қола медальмен тәмамдады. Осыған дейін Жапония, Қытай, Корея елдерінде ұйымдастырылған Азия ойындары 2011 жылы біздің елде өтті. Сол жыл ел есінен шықпасы анық. ТМД елдері арасында VII Қысқы Азия ойындары алғаш рет ұйымдастырған Қазақстан мемлекеті болатын. Еліміздегі өткен жарыста 32 алтын, 21 күміс, 17 қола медаль қанжығалап, жалпы есепте бірінші орынға шықтық. Азиада ойындарының қысқаша тарихы осындай. Сөре бар жерде, мәре бар. Мәре сызығын жалпы командалық есепте төртінші болып кескен спортшыларымыз жұрттың жүнін жықпады, тауын шақпады, жанқиярлықпен өнер көрсетті.

Нұрдос КӘРІМ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button