Әркім кубоктан үмітті
«Сарыарқа» хоккей клубы Қазақстан чемпионаты аясында көкшетаулық «Арланмен» ойнады. 27-28 қарашада өткен екі матчта да қырандар жеңіске жете алмады. Бұл жолы «Арландардың» жұлдызы жарқырады. Екі ұжым да чемпионат кестесінің үздік үштігінде тұр.
Үздік үштіктегі командалардың ойындары үнемі тартысты өтетіні анық. Себебі, әркімнің кубоктан дәмесі зор. Қазақстан кубогына барар жолдан қарағандылықтарды тайдырған дәл осы «Арлан» екені жанкүйерлердің есінде. Бұл матч кеткен есені қайтаруға таптырмас мүмкіндік еді. Өз алаңында қарсыласқа тағы да есе жіберді. Бірінші ойында алаң иелерінің қақпасын Жәкен Ибрагимов қорғады. Қарағандылықтар шабуылға лап берді. «Арлан» қақпасына өткен аптада Қазақстан чемпионатының үздік ойыншысы атанған «Сарыарқа» шабуылшысы Артем Валеев шайба тоғытты. Бірақ, қонақтар жүйелі түрде қарымта шабуыл ұйымдастырып, есепті теңестірді.
Екінші кезеңде «Сарыарқа» бір ойыншыға кем ойнады. Қарсылас болса, бұл басымдықты тиімді пайдаланып, есепте алға шықты. Дмитрий Стуловтың алыстан жасаған соққысын Артем Валеев қақпаның ашық тұсына дәл бағыттады. Қарағандылық қырандар 5 ойыншыға үшеуі жүріп ойнаған минуттар да болды. Дегенмен, лайықты қарсылық көрсете алып, ірі есеппен ұтылудан аман қалды.
Үшінші кезеңде тартыс күшейді. Ойыншылар мұз айдынында қақтығысып жатты. Тіпті, клюшкалар да сынды. Уақыт өткен сайын қысым күшейе берді. «Сарыарқа» шабуылшысы Никита Баженов алыс қашықтықтан соққы жасап, таблодағы есепті 3:3 етіп теңестірген еді. Матчтың соңғы минуттары алаң иелеріне қиын соқты. Бірақ, Жәкен Ибрагимов өз командасын бірнеше рет құтқарды. Негізгі уақыт тең аяқталды.
Овертаймда «Сарыарқа» қарсыластың қақпасына гол соқты. Бірақ, төрешілер есепке алмады. Буллиттер сериясында сәттілік қонақтар жағында болды. «Арлан» «Сарыарқаны» 4:3 есебімен жеңді.
«Қарағанды-Арена» мұз айдынындағы екінші тартыс үздік голдармен, камбэкпен және ойыншы санының теңсіздігімен өткен минуттармен, буллиттармен есте қалды.
Екінші ойынның басында көкшетаулықтар бірінші болып гол соқты. Бұл жолы «Сарыарқа» қақпасы Данил Кадочниковке сеніп тапсырылған еді. Қонақтар жоғары прессингпен ойнады. Алаң иелері қарсылас қақпасын маңайлай алмай біраз уақыт өткізді. Сөйтіп, бірінші кезең қырандар үшін сәтсіз аяқталды.
Ойын тәртібін бұзғаны үшін «Сарыарқаның» ойыншылары алаңнан шығарылды. Бұл, әлбетте, алаң иелерінің ойынына кері әсерін тигізді. Шаршап қалды.
Эпизодтардың бірінде ережені бұзғаны үшін «Сарыарқа» қақпасына айып добы тағайындалды. «Арланның» шабуылшысы Кадочниковтан айласын асырды. Осы шайбамен есепті еселеген еді. Бірақ, қарағандылықтар реттеліп, жүйелі және қарқынды ойнап, есепті теңестірді. Тіпті, есепте алға шығыпы, камбэк жасады.
«Сарыарқаның» шабуылшысы Иван Верещагин таблодағы есепті бір шайбаға дейін қысқартты. Алаң иелерінің қарқынынан тайсалған қарсыластар ережелерді жиі бұза бастады. Қарағанды қырандарының капитаны Дмитрий Стулов есепті теңестірді. Бірақ, көкшетаулық қасқырлар азуын көрсетті. Шабуылдардың бірінде шайба рикашет арқылы «Сарыарқа» қақпасына енді. Бұл кезеңнің нүктесін алаң иелері қойды. «Сарыарқа» форварды Артем Валеев қарсыластың қақпасына қарай жалғыз өзі өтіп, матчтың үздік голын соқты. Есеп – 3:3. Ал, жақында ғана «Сарыарқа» сапын толықтырған Қарағанды хоккейінің тәрбиеленушісі Андрей Буялский таблодағы есепті 4:3-ке жеткізді.
Үшінші кезең бірден өткір шабуылдармен басталды. «Қарағанды-Аренаны» жанкүйерлердің шуы басты. Қырандар 5 минут бір ойыншыға артық ойнаған еді. Бірақ, арландардың қорғанысы сыр бермеді. Спортта «Сен соқпасаң, саған соғады» деген қағида бар. Міне, дәл осы қағида үшінші кезеңде көрінді. Ойыншылары толыққан бетте көкшетаулықтар есепті теңестірді және алға суырылып шықты. Кезең соңына қарай «Сарыарқа» бапкері қақпашыны шабуылшыға алмастырған еді. Мақсат – есепті теңестіру. Қарсылас қорғанысы бұл жолы да сетінеген жоқ. Екінші ойын 4:5 есебімен аяқталды.
1-2 желтоқсанда «Сарыарқа» «Қарағанды-Аренада» Қазақстан чемпионатының көшін бастап тұрған «Торпедамен» ойнайды.
Ерік НАРЫН,
Ortalyq.kz