Ұлытау

Өркениетке 25 шақырым қалды

Ұлытау ауданының жол мәселесі – күрделі күйінде. Бұл туралы редакция ұжымымен болған кездесуде аудан әкімі Советбек МЕДЕБАЕВ та қынжыла әңгімелеген. Аудан құрамындағы ауылдардың барлығы шашыраңқы орналасқандығы – бір бөлек әңгіме де, жол азабын тартып отырғандығы – таусылмас жыр. Сонымен, жолға шықтық. Аудан орталығынан 45 шақырым қашықтықта орналасқан Қаракеңгір тірек ауылын бетке алып..

Ұлытаудан шыға селкілдедік. 25 шақырым көтерме жол (грейдер) солқылдата соғып, екі бүйрегімізді қолымызға ұстатқандай күйге түсірген. Жол бастап шыққан аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Азамат Кәреновтің айтуынша, бұл – облыстық маңызы бар жол. «Ұлытау-Бозтұмсық (Қаракеңгір)Малшыбай-Сәтбаев» бағытындағы жол қалпына келтірілсе, туризм орталығы болғалы тұрған Жошы хан тарихи-мәдени кешеніне қиналмай жетуге болар еді. Әрине, Жезқазғаннан шыққан туристер үшін айналма болып кетеді. Дегенмен, «бір жол бар – алыс, алыс болса да – жақынның» нақ өзі болар еді. Ал, Ұлытаудағы сапар орталығынан шыққан туристерге ғажап мүмкіндік.

Жақсы, жолдың жырын қайтарда айтармыз. Ауылға жетіп алайық. Тура 25 шақырымнан кейін тақтайдай асфальтқа түстік те, көзді ашып-жұмғанша Қаракеңгір ауылына жетіп келдік. Ауыл әкімі Жалғас Төре бастаған азаматтар қарсы алып, жол бастады. Мәдениет үйіне келдік. Ауыл – ажарлы. Негізгі көшелеріне асфальт төселген. Ауылдан ымырт үйіріле аттанғанбыз. Көше шамдары самаладай жарқырап тұр.

Иә, сонымен, мәдениет үйіндеміз. Шалғайдағы ауылдың маңдайдағы бағы болып тұрған руханият ошағы. Ауыл клубына емес, қаладағы мәдениет сарайына келгендейміз. Аудандық Мәдениет үйінің директоры Гүлжан Көпеева Қаракеңгір клуб үйі туралы әңгімелей жөнелді. Тарихы – терең, шежіресі – бай. Аудандағы халық театры бар жалғыз мәдениет ошағы екен. Әріптес ағамыз, «Ұлытау» газетінің редакторы Ахат Құрмансейітов те Гүлжан қарындасымыздың әңгімесін «тұздықтап» қояды. «Қаракеңгір – кие дарып, өнер қонған ауыл» деп қалды. Шынымен-ақ… Клубтың күзетшісіне дейін ән салады екен. Жақында «Қазақстан дауысы-2021» ұлттық байқауына қатысып, әйгілі опера әншісі Майра Мұхамедқызының таңдайын қақтырған тамаша әнші Әсет Көшербай – дәл осы мәдениет үйінің күзетшісі.

Ғимарат «ине-жіптен жаңа шыққандай» жұтынып тұр. Сонау 1964 жылы салынған клуб үйі әр жылдары сылап-сырланғаны болмаса, күрделі жөндеу дегенді көрмеген екен. 2020 жылы «Еңбек» бағдарламасы негізінде 30 870 000 теңге бөлініп, ағымдық жөндеу жұмыстары жүргізілген. Жергілікті бюджеттен бөлінген 9 294 000 теңгеге сыртқы қоршауы мен абаттандыру жұмыстары жасалыпты. Барынша қолайлы жерде маздаған өнер нәтижесіз болсын ба?! Биылғы жылы мәдениет үйінің ұжымы «Қарағанды облысының үздік клуб үйі» байқауына қатысып, I орынды иеленіпті. Көрермен залына өткенімізде әуелеген ән асқақтай жөнелді. Манарбек Ержановтың «Сайра, бұлбұл» әні. Әнші Жақсыбек Бижігітовтің орындауындағы әуезді ән жолдан шаршап келгенімізді ұмыттырып жіберді. «Мәнерлеп оқу» үйірмесінің бүлдіршіндері оқыған өлеңге тамсанып, клуб үйінің директоры Қанат Баймышовқа ризашылық білдіріп аттандық.

***

№4 Қаракеңгір орта мектебіне ат шалдырдық. Қос қабатты типтік жобадағы мектепте 90 бала білім алады. 26 мұғалімі бар. Ең бастысы, барлық пәндер бойынша маман жеткілікті. Кейбір ауылдардағы сияқты география пәнінің мұғалімі еңбек пен дене шынықтыруды бірге алып жүрген жоқ.

Әлгінде біз әңгіме қылған мәдениет үйімен бәсекеге түсердей «Жас актер» драма үйірмесі жұмыс істейді. Жетекшісі – Орынтай Шыманова. Үйірме мүшелері облыстық, республикалық, тіпті, халықаралық байқауларда топ жарып жүр. Осы жылы ғана Әлихан Рақымжан V Халықаралық фестивальде «Көркем сөз» аталымы бойынша Бас жүлде иеленіп, жетекшісі Орынтай Әмірбекқызы «Үздік тәлімгер» дипломымен және «Өнер жанашыры» кубогымен марапатталды.

Мектептің материалдық-техникалық базасы туралы айтар сөз жоқ. Қала мектебінен бір мысқал кем емес. Жаратылыстану пәндері бойынша барлық кабинет заманауи технологиямен жабдықталған. Мектептің іші-сырты ағымдық жөндеуден өтіп, биыл 8 250 000 теңгеге дербес жылу қазандығы орнатылыпты.

***

Жолға шықтық. Бағанағы келген жолымыз. 20 шақырымы – асфальт, 25 шақырымы – шоқалақ.

Аудан әкімі Советбек Тұрсынұлы аудан жолдарының сын көтермейтін жағдайда екенін айта келіп, бұл бағыттағы 20 шақырымның облыстық бюджеттен бөлінген 948 млн. теңгеге жөнделіп, қаржы толық игерілгенін жеткізген-ді. Сәтін салса, қалған 25 шақырымын жөндеу жұмыстары 2022 жылы аяқталады. Жалпы, аудан аумағындағы жолдардың мәселесі толық шешілуге тиіс. Өйткені, Ұлытау отандық туризмнің ордасына айналады десек, бірінші кезекте жол керек. Ал, жол – экономиканың күретамыры, өркениетке жеткізер желі десек, Қаракеңгір ауылы үшін сол өркениетіңізге 25-ақ шақырым қалып тұр…

Ерсін МҰСАБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button