Өрісіне құт дарып, ЕЛ ІШІНЕ БАҚ ҚОНҒАН
«Әкімдер есеп берді. Ел не деді?». Ел ішіндегі әңгіме – осы қазір. Облыстағы 9 аудан, 9 қаланың әкімі ел алдында есеп беріп, бұқара бұйымтайын тыңдап болды. Менің маңдайыма Жаңаарқа ауданының әкімі Юржан БЕКҚОЖИННІҢ қорытынды есебіне қатысу жазылып, таңдайыма туған жердің дәмі бұйырған екен. Сондықтан да, қаламымның жүгі – ауыр. Неге дейсіз бе? Тарқатып көрелік…
Жаңаарқа – шаруасы шалқыған, өрісіне құт дарып, ел ішіне бақ қонған, желісіне қасиет байланған өңір. Ел куә болған еңселі істерді есебіне өзек еткен әкімі Юржан Асанұлы тізгін ұстағалы – бір жарым ай ғана. Осынша қысқа мерзімде аудандағы ауқымды істер мен түйткілді мәселелерді саралап үлгерді ме? Оның үстіне, өзімнің туған ауылым болған соң, кемшілікке кеңшілік жасай алам ба? «Су ішкен құдығыма түкіре» алмайтыным тағы бар…
Осылайша ормандай ойдың құрсауында барған едім, Жаңаарқаның жайдары қалпы мен ажарлы келбеті жанымды сүйсінтті.
Кездесу өткен жұма күні Мәдениет үйінде өтті. Кең сарайдың атшаптырым дәлізіне жергілікті кәсіпкерлер өндірген өнімдер көрмесі қойылыпты. Не жоқ дейсіз… Бәрі бар. Көргенде көмекейің бүлкілдей жөнелетін бал қымыз. Қазы-қарта, жал-жая… Құрт-ірімшік… Қызанақ-қияр… Қолөнер бұйымдары, құрылыс материалдары… Барлығы – жергілікті өндірушілердің өнімі. Асыра мақтады демеңіз, мұның барлығы – осы аудандағы әр үйдің босағасындағы құт, дастарқанындағы береке.
Көрмеге өнімдерін ұсынған кәсіпкерлердің бәрімен болмаса да, біршамасымен тілдесудің сәтін келтіргенбіз. Бәрі – жергілікті биліктің дәнекер болуы арқылы мемлекет қамқорлығын сезінген, ел ішіндегі кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі Елбасы бастаған баянды бастамаларға дән риза. Жеңілдікпен несие алған, облыс, аудан әкімдерінің қайтарымсыз грантын жеңіп алған… Соның арқасында кәсіп етіп, шаруасын шалқытып отырғандар.
Залға ендік. Ине шаншар орын жоқ. Әкім есебін аяғынан тік тұрып тыңдауға да ықтияр ақсақалдарды көзіміз шалып қалды. Алайда, әкімдік мамандары оларды жайлы орындарға жайғастырып, жастармен орын алмастырып жатты. Облыстың бас басылымынан келген менің өзіме елеулі жерден емес, бұйырған жерден орын тиді. Несіне өкпелейін? Тұрғындар ықыласы мен белсенділігі жан семіртіп тұрса…
Сонымен, билік пен бұқараның арасындағы алтын көпірге айналған есептік кездесу де басталып кетті. Аудан әкімінің қорытынды кездесуіне облыс әкімдігінің өкілі, облыстың табиғи ресурстарды реттеу басқармасының басшысы Руслан Төлепбаев қатысты. Мінберде – аудан әкімі Юржан Асанұлы. Сөзінің әлқиссасын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптің революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауынан туындайтын тың міндеттер мен маңызды мақсаттар төңірегіндегі тұщымды тұжырымдармен бастаған әкім:
– Баршамыз бала кезден естіп өскен «Әкім бол, халқыңа жақын бол!» деген қанатты сөз бар қазақта. Өз басым қоғамды одан әрі демократияландыруға, тұрғындарды елде жүргізіліп жатқан реформалар туралы хабардар етуге, халық алдындағы ашықтықты, жауаптылықты арттыруға, өткенге ой жүгіртіп, ертеңгі міндеттерді бірлесе белгілеуге бағытталған есептік кездесулерді аса маңызды шаралардың бірі деп есептеймін. «Келісіп пішкен тон келте болмайды» деген қағида негізінде ортақ мақсаттарымызды осындай ашық алаңда кеңесе отырып, келісе шешкеніміз олжалы болары белгілі, – деп сөз сабақтады.
Жалпы, Юржан Асанұлы билік тізгінін қолына жуырда ғана алды дегеніңізбен, аудан ахуалы оған мүлде бейтаныс емес. Біріншіден, ол – осы елдің перзенті. Екіншіден, осы аудан әкімінің ауыл шаруашылығы мәселелері жөніндегі орынбасары болып қызмет етіп, осыдан бір жарым жыл бұрын ғана лауазым ауыстырған азамат. Яғни, бұл өңірдің сырына қанық басшы. Даланың да сырын, шаруаның да қырын білетін әкім. Облыс әкімінің Юржан Асанұлының кандидатурасы бойынша жасаған таңдауы мен тағайындауы ел көңіліне қона кеткені де – сондықтан.
Не десеңіз де, аудан өткен 2017 жылды көшелі көрсеткіштермен қорытындылаған. Экономиканың барлық бағыттары бойынша ілгерілеу бар. Мәселен, өнеркәсіптік өнім көлемі 4 млрд. 28 млн. теңгені құрап, жоспар 102,1 пайызға орындалған. Ауыл шаруашылық өнімін өндіру көлемі де еселі көрсеткіштерге қол жеткізіп отыр. Аудан шаруалары 19 млрд. 956 млн. теңгенің өнімін өндіріп, 2016 жылмен (18 млрд. 953 млн. 700 мың теңге) салыстырғанда нақты көлем 105, 3 пайызға жетті. Мал саны артып келеді. Негізгі капиталға 10 млрд. 435 млн. теңгеден астам инвестиция тартылып, бұрнағы жылдың көрсеткішінен 53,9 пайызға өсім аңғарылды.
Жыл басында аудан аумағында жаңадан 8 кәсіпкерлік нысан ашылады деп жоспарланса, жыл соңында ресми тіркеуден өткен нысандар саны 15-ке жетіп, жоспар 187 пайызға орындалды. Тізбелей берсек, ел ырысын еселеген еңселі істер жетіп-артылады. Алдағы жылдың мақсатты жоспарлары да тілге тиек етілді.
Аудан әкімінің есепті баяндамасынан кейін екі тарап (билік пен бұқара) ашық пікір алаңына ойысқан. Ашық пікір алаңы болғанда, билікті мінеп-сынаған, даурығып дау айтқысы келгендер болған жоқ. Орынды пікір, ұтқыр ұсыныстарына назар аудартқысы келгендер болды. Мысалы, аудан орталығында халық саны артып келе жатқандығына алаңдаған зейнеткерлер дәл осы аудан орталығынан тағы бір мектеп, бір балабақша салынса деді. Енді бірі аудан спортшыларының ел намысын қорғап, байрақты бәсекелерде Қазақстан даңқын асырып жүргенін айтып, жастарға бассейні бар спорт кешені керектігін көлденең тартты. Тағы бірі әкімдікке алақан жайып отыра бермей, ауданның ірі шаруа қожалықтары қарапайым халыққа қайырымдылық жасаса деген ниетін танытты. Ал, облыстық мәслихаттың депутаты Ғазым Жарылғапов ортаға салайын деп келген түйткілді мәселелердің барлығы әкім есебінде қамтылып, алдағы жылдың жоспарына еніп кеткендігін айтып, ауданның жаңа басшысына сәттілік тіледі. Жасыратыны жоқ, талай аудан-қала әкімдерінің есептік кездесулеріне қатысып жүрміз ғой. Бұрынғы әкімнің былығын, әкімдіктегі жауапты тұлғалардың қылығын айтып, өрекпігендерді де көргенбіз. Бұл жиын мүлде бөлек жиын болды. Жинақы. Айналасы бір сағатта орнымыздан көтерілдік. Өз басым тәтті түс көріп жатып оянып кеткендей әсерде қалдым. Әлде, туған жерімнің жарқын болашағы таразыланып, елдің ұсыныс-тілегі елдікке жұмылған мазмұнда өрбіген соң ба… Әйтеуір, кездесудің келте қайырылғанына өкініп қалғандай болдым.
Юржан Бекқожин билігінің алғашқы айлары берекелі басталып, билік пен бұқараның етене жақындай түскені көңіл сергітті. Менің сергектігім не болар дейсіз… Биліктің сергектігі мен елдің ынтымағын айтыңыз. Өрісіне құт дарып, ел ішіне бақ қонған өңір осындай болса керек-ті.
Ерсін МҰСАБЕК.