Әріп пен ұғым
Көз алдымда зымырайды елік күн,
Елік күнге мен қалайша келіппін?!
ЖАН деген бір үш әріп кеп ғайыптан,
ӨМІР деген төрт әріпке еніппін.
Содан бері бұлдырайды сағым-күн,
Сағым күнде сабылумен жаным жүр.
АНА деген үш әріпке жаутаңдап,
БАЛА деген төрт әріпті жамылдым.
Сол атауды өтіп жатқан жеңді күн,
Жеңді күнім, менің атым енді кім?!
ӘКЕ деген үш әріптен таныдым,
ДАЛА деген төрт әріптің кеңдігін.
Жайсаң жанға шапағатын құйсын күн!
Құйсын күнім, махаббаттан күйсін мұң.
АРУ деген үш әріпті армандап,
СҰЛУ деген төрт әріпке сүйсіндім.
Ақ пен қара жолдарымның жолағы,
Жолағы да уақыттың қонағы.
ДОС деген сол үш-ақ әріп кей кезде,
ТУЫС деген төрт әріптен жоғары.
Тас төбемде жарқ еткенде жасын күн,
Жасын күнде жасағандай жасым мың.
ЖЫР деген сол үш әріпке ғашық боп,
АҚЫН деген төрт әріпке бас идім.
Тістенумен кейде көзге жас алып,
Жас алумен кете алмассың жасарып.
ЖЕР деген бір үш әріпте жүрміз-ау,
ӨЛЕҢ деген төрт әріптен өш алып.
Ғажап шақтың өтеріне ой салмай,
Ой сала алмай, тентектіктен тайсалмай.
АҒА деген үш әріпке жетіппіз,
АҚЫЛ деген төрт әріпті айта алмай…
Руслан НҰРБАЙ