Жаңалықтар

Ресейде кассалар ашылды

   «ЭКСПО – 2017» көрмесінің билеттері Ресейде де сатылымға шығарыла бастады. Наурыз айының басынан бастап солтүстіктегі көршіміздің ірі қалаларында көрме кассалары іске қосылды.

«Біз Ресей Федерациясының бірқатар өңірлерінде «ЭКСПО – 2017» көрмесінің ресми кассаларын аштық. Мәскеудегі кассалар Лубянка, Орталық балалар дүкенінде орналасқан болса, Петерборда Гороховой көшесі, 6 үй мекен-жайындағы «Кассир Ру» ғимаратында орын тепті. Сондай-ақ, Қазан, Төменгі Новгород, Екатеринбург, Новосібір, Сочи қалаларындағы ірі сауда орталықтарында да кассалар ашылды. Бұдан бөлек, Ресейдің ірі қалаларында билет сататын 38 нүкте жұмысын бастады», – деп атап өтті Астанадағы брифингте «Астана ЭКСПО – 2017» ҰК» АҚ Коммерциялық департаментінің директоры Дәулет Еркімбаев.

Былтырғы желтоқсан айында «Керуен», «Хан Шатыр», «MEGA Park», «MEGA Центр Алматы» ойын-сауық орталықтарында және одан ертерек 15 «Меломан» сауда желісінде, «Қазпошта» АҚ-ның 981 бөлімшесінде ресми түрде билет сатылуы басталған-ды. Ал, биылғы наурыздан бастап Қазақстанның барлық облыс орталықтарында 17 ресми билет сату кассалары ашылды. Тағы айта кетері, көрменің басталуына бір жыл қалғанда, яғни, 2016 жылдың 10 маусымынан бастап билеттердің онлайн-сатылымы басталған болатын.

Енді көрмеге келуге ниет танытқандардың барлығы билеттерді тек онлайн тапсырыспен ғана емес, еліміздің барлық өңірлерінде кассалар арқылы сатып ала алады.

Студенттер, мектеп оқушылары, зейнеткерлер, көпбалалы аналар «ЭКСПО – 2017» көрмесіне билеттерді 50 пайыздық жеңілдікпен алса, Ұлы Отан соғысының ардагерлері, алты жасқа дейінгі балалар, жетім балалар мен кез келген топтағы мүгедектігі бар жеңілдік қарастырылған топтағы азаматтар көрмеге тегін кіре алады. Айта кетерлігі, мұндай жеңілдік қарастырылған билеттерді тек Көрме кіреберісінде орналасқан кассалардан жеке куәлік пен жеңілдік қарастырылғанын растайтын құжатты көрсету арқылы алуға болады.

Нұрқанат ҚАНАФИН

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button