Ресей Қазақстанмен энергетикалық ынтымақтастықты кеңейтуді көздеп отыр
Ресей Қазақстанмен энергетикалық ынтымақтастықты, оның ішінде үшінші елдердің нарығына бірлесіп шығу бағытында кеңейтуді жоспарлап отыр. Бұл туралы Ресей Президенті Владимир Путин халықаралық ақпарат агенттіктері басшыларымен кездесуде мәлімдеді, деп хабарлайды ortalyq.kz Kazinform сайтына сілтеме жасап.

Кездесу Санкт-Петербург халықаралық экономикалық форумы аясында өтіп жатыр.
Жиын барысында Қазақстан Республикасы Президенті Телерадиокешені директорының орынбасары Асқар Жалдинов сұрақ қойды:
– Қазақстан мен Ресей арасындағы экономикалық ынтымақтастық оң серпін сақтап отыр. Жаһандық сын-тегеуріндер жағдайында екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды одан әрі дамыту үшін не істеуге болады деп ойлайсыз?
Бұл сауалға жауап берген Владимир Путин энергетика саласы екіжақты ынтымақтастықтың әрдайым басты бағыты болғанын атап өтті.
– Қазір біз энергия ресурстары мен газ жеткізу аясын кеңейтуді қарастырып отырмыз. Кеңес одағы кезінде газ инфрақұрылымы Ресейден Қазақстанға жеткізуге бейімделіп құрылғаны белгілі. Сол себепті Қазақстанда өзіндік инфрақұрылым объектілері салынбаған болатын. Қазір Қазақстан Президентімен энергетика саласындағы ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндіктерін талқылап жатырмыз. Біз үшінші елдердің нарығына бірлесіп шығу жолдарын, сондай-ақ қазақстандық мұнайды жеткізу бойынша логистикалық маршруттарды ұйымдастыру мәселесін қарастырып отырмыз, – деді Путин.
Оның айтуынша, Қазақстан экспортына арналған мұнайдың негізгі бөлігі Ресей арқылы өтеді.
– Сіздер білесіздер, қазақстандық экспорттық мұнайдың негізгі көлемі Ресей Федерациясы арқылы тасымалданады. Негізгі бағыт – Каспий Құбыр Консорциумы (КҚК) жүйесі арқылы. Тағы басқа бағыттар да бар. Бірақ экспортқа шығарылатын мұнайдың басым бөлігі Ресей арқылы өтеді. Біз Қазақстанның мұнай экспортын әртараптандыруға мүдделі екенін түсінеміз және бұл бағытта қолдау көрсетуге дайынбыз, – деді Ресей Президенті.
Сондай-ақ, ол Байқоңыр ғарыш айлағын пайдалану, спутниктік топтамаларды дамыту және бірлескен зерттеулерді қамтитын ғарыш саласындағы ортақ жобаларды да еске салды.
Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА