Құрбандар рухына тағзым – ұлт болмысының белгісі

Құрметті қарағандылықтар!
31 мамыр – Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін және жаппай ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Бұл – ХХ ғасырда жүргізілген қатыгез саясаттың құрбаны болған миллиондаған отандастарымызды еске алатын күн. Ұжымдастыру жылдарында мыңдаған қазақтар аштықтан қаза тауып, туған жерлерінен айырылып, үйлерінен кетуге мәжбүр болды.
1930 жылдардағы қуғын-сүргін бізді қазақ зиялыларының озық өкілдері Ахмет Байтұрсынұлы, Бейімбет Майлин, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Әлихан Бөкейхан сынды ұлыларымыздан айырды. Осындай киын кезеңдерге қарамастан, қазақ халқы жомарттық пен жанашырлық танытып, жер аударылып келген көптеген ұлт өкілдері – кәрістер мен немістерге, поляктар, түріктер, шешендерге, ингуштар, қырым татарлары мен армяндарға және тағы басқа ұлт пен ұлыстарға көмек қолын соза білді. Бүгінде олар біздің ортақ тарихымыз бен тағдырымыздың ажырамас бөлігі болып табылады.
Бұл күні біз сол кезеңде жазықсыз қаза тапқандарды және қажыр-қайрат пен табандылық, адамгершілік танытқан аға ұрпақты құрметпен еске аламыз. Ел тарихында мұндай қаралы кезеңдердің орын алмауын тілейміз. Елімізде әрқашан бейбітшілік пен тыныштық, татулық болсын!
Ермағанбет Бөлекпаев,
Қарағанды облысының әкімі
Нұркен Кобжанов,
Қарағанды облыстық мәслихатының төрағасы