Ресми

Рам Синг Ядав, Қарағанды медицина университетінің студенті: «Қазақстан – алтын көпір»

Мен – Үндістан азаматымын. Қазақстанға білім, арман қуып, 2020 жылы келдім. Қазір Қарағанды медициналық университетінің 4-ші курс студентімін. Өткен 4 жылға жуық уақыт ішінде мен Қазақстанға және осындағы адамдарға бауыр басып қалдым. Әсіресе, Қарағандының лебі – жылы. Жанға жайлы қала. Қазақстан – Орталық Азиядағы ең бір қызықты мемлекет. Мәдениеті, тарихы өзіне баурап алады. Табиғаты, тіпті, тамаша! Ал, Қарағанды – Қазақстанның жүрегі секілді. Қазақ достарым «елдегі достарың сұраса, қазақтың Арқа дейтін кең жайлауында жүрмін деп айт» дейді. Меніңше, кең жайлау дегеніміз – даланың кеңдігі ғана емес, адамдардың да кеңдігі. Қарағандылықтардың біз секілді алыстан білім іздеп келгендерге деген пейілі кең. Қонақжайлылығы – бір төбе.

Сурет: автордан

Еліңнен шалғайда жүргеннен соң кеудеңді кейде сағыныш кернеп, мұңаятынымз бар. Бірақ, күлкісімен, жағымды әңгімесімен көңіліңді аулаған қазақ достарым жанымда. Біреуді көре алмау, алалау дегенді әлі кездестіргем жоқ. Мұнда бәріне орын жетеді. Сабағыңды оқып, шаруаңмен айналысып, ойнап-күліп жүресің. Түсінген адам бұдан асқан жақсылықты, бақытты таба алмайды.

Мен Қазақстанда тек медицинаны ғана емес, осы топырақтың тарихын да зерттеп жатырмын. Өте қызықты. Қазақ деген халық заманның қанша сынағынан өтсе де, өзінің кең пейілінен, көңілінен ажырамаған. Менің бұл халыққа деген құрметім уақыт өткен сайын артып келеді. Осында көрген, білгенімнің арқасында өмірге деген көзқарасым өзгергенін тұла бойыммен сезінемін. Өткенін ұмытқанның болашағы бұлыңғыр дегенді осы елде түсіндім. Қазақ елі өзінің елі, жері үшін ерлік жасаған, қызмет еткен ата-бабасын естен шығармай, дәріптеп жүреді екен. Бұл керемет емес пе?! Жас ұрпақтың тәрбиесіне ауадай қажет.

Қазақстандағы, әсіресе, Қарағандыдағы білім беру тәжірибесі Орталық Азияда алдыңғы қатарда. Осы жерге әлемнің түпкір-түпкірінен білім іздеген мықты, талапты жастар ағылады. Солармен араласудың өзі бір ғанибет. Қазақстан арқылы шығыс пен батыс, солтүстік пен оңтүстік жалғанатыны сөзсіз. Міне, мен Қазақстанды алтын көпір деп есептеймін.

Қорытындылай келе, менің Қазақстандағы, әсіресе, Қарағандыдағы өмірім менің әлем туралы түсінігімді кеңейтті. Қазақстан да, Үндістан да жаһан деп аталатын алып мозаиканың ең жарық бөлігі.

Бұл елде мүмкіндік көп. Дамуға бет алған ел әлбетте, жас ұрпақты, жаңа буынды оқытады. Қазақстанда білім саласы қарқынды дамып келеді. Қазақстан – талапты жастардың мекені. Төрт жылда соған көзім жетті.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button