Тұлға

Рахымжан Шаяхметовты ұмыттық па?

Адамзаттың әйгілі данышпанының бірі Жүсіп Баласұғұн былай деген екен: «Адам өз атын кісілікпен көтереді». Өмір өтпелі, бәріміз де Абай бабамыз айтқандай, өлмек үшін туғанбыз. Бүкіл жан жүрегіңмен, табиғат берген ізгілігіңмен халқыңа, қоғамға қызмет етудің астарында осы кісілік келбет жатыр. Соңында айта жүрер жақсылығың, адамға жасаған мейірімділігің, туған еліңе қалдырған қолтаңбаң ғана перзенттік абыройыңды биікке көтере түседі.

Ақтоғайдан шыққан адам атын кісілікпен көтерген аяулы жандар баршылық. Соның бірегейі – Рахымжан Шаяхметов еді. Ол Сарытерек елді мекеніне қарасты Желтау тауының баурайына жақын тұстағы Жіңішке өзенінің жағасында дүниеге келген. Дерек көзіне қарасақ, Ақтұмсықтағы алғашқы ашылған бастауыш мектепте оқып, сауат ашады. Тар жол, тайғақ кешу, өткен ғасырдың отызыншы жылдары халыққа оңай соққан жоқ. Рахаң Сарытерек селолық кеңесінің хатшысы болып еңбекке араласып, өмір жолын, қызмет жолын бастайды. Алматыдағы мал дәрігерлік институтын бітіргеннен кейін жас маман ретінде Павлодар облысына жіберіледі. Бұдан әрі қызмет жолы партия ұйғарымымен жоғарылай береді.

Рахаң туған елін, Ақтоғайын жан-тәнімен сүйді, жақсы көрді. Мұны кәрі құлақ қариялар үнемі айтып отыратын. Шалғайдағы Ақтоғайға жоғары кернеулі электр желісін тарту сол кезде қияметтің қыл көпірінен өткенмен бірдей еді. Сонау 1960-1970 жылдары арасында ауыл түгілі өндірісті қалалардың өзінде де жоғары кернеулі ток көзі жетіспей жататын. Рахымжан ағамыз Ақмола облыстық кеңесі атқару комитетінің төрағасы болып тұрғанда Ақтоғайға жоғары кернеулі электр желісін тартуға шындап кірісіп, жолын тауып беріпті, ықпал жасапты. Сөйтіп, алыстағы ауылға «Ильич шамы» осы ағаның қамқорлығымен тартылған еді. Мұны да көзі тірі замандастары, өкшелес інілері риза көңілмен айтып жүр.

Экономист-ғалым Амантай Қалымбергенов облыстық «Орталық Қазақстан» газетіне Рахымжан ағамыз туралы жазған мақаласында халыққа сіңірген еңбегін егжей-тегжейлі айта келіп, партияның қылышынан қан тамып тұрған кезде осындай әрекетке баруы, көпе көрнеу туған ауылына ашық түрде бүйрегінің бұруы ерлікпен парапар деп түйіндейді. Сол үшін Рахымжан ағамыз сөзге де ілігіпті. Бірақ, «аққа құдай жақ», шалғайдағы туған еліне шыр-пыры шығып, көмектесіп жатқан соң Алланың қолдауына іліккен болар. Пәле-жаладан аман шығыпты.

Ал, көзі тірі шежіре, Ақтоғай ауданының Құрметті азаматы Қайырбек Байсеркин ақсақал Ақтоғай төңірегінен шыққан Рахымжан Шаяхметовтен басқа мемлекет және қоғам қайраткері жоққа тән деп бір естелігінде мысал келтіре жазады. Қайырбек ағамыз қалт айтпайды, ол ағамыз да Ақтоғайға жоғары кернеулі электр жүйесін тартуда Рахаңның өтеуі жоқ еңбегін жеріне жеткізе жазып та, айтып та келеді. «Рахаң аға халқының қадірлісі, асылдың сынығы еді. Қасиетті өлкенің сай-саласында әріде Әлихан, беріде Рахымжан қарақат, бүлдірген теріп, бие емшек, түйе табан, шошай қазып, асыр салып ойнаған. Жұмыс барысында ақтоғайлықтар Ақ молада Рахаңа барып көмекті жиі сұрайды. Кейін электр желісін тарту аяқталып, ауданға жарық келуіне байланысты салтанатты жиын өтті. Осы жиында аудан басшысы бұл игі жұмысқа Рахаңның өзі көп еңбек сіңіріп, көмек бергенін атап өтіп, халық атынан асыл ағаға алғыс айтты. Жиналған көптің ішінен әр жерден «Ой, Рахымжан бақытты бол! Балашағаңның қызығын көр, сені Алла жарылқасын!» – деген алғыс сөздер естіліп жатты. Сөйтіп, өзі алыста болса да туған халқының құрметіне бөленіп жүруші еді, Рахаң», – дейді, өз естелігінде Қайырбек ақсақал.

Үлкен жүрегі ел деп соққан Рахымжан ағаның адамгершілік болмысын, қоғамшыл, көпшіл қасиетін айтып, бүгінгі ұрпаққа жеткізу келешектің шаруасы болар. Ағамыз бірнеше облыста партия, кеңес жетекшісі болды. Зейнеткерлік жасқа Қазақ ССР ет-сүт өнеркәсібі министрі қызметінде жүріп шықты. Дербес зейнеткер еді. Шежіреші қариямыз Тұрсынбек Жақсыбайұлы соғыс ардагері, социалистік Еңбек Ері, ағаның қимас досы Шайдахмет Серғазинмен жолыққанын айтады. Абыз ақсақал жүрекжарды ыстық лебізін білдіріпті.

– Рахаң ешбір жанға сен деп айтып көрмеген. Мінезі жібектей, әрқашан да жылы жымиып, «сіз» деп сызылып тұратын. Оның адамгершілігі, туған халқына сіңірген еңбегі, іс-әрекеті таудай еді. Одақтың, Қазақстан орталық комитетінің съездеріне бірнеше рет делегат болып қатысты. Қазақ ССР Жоғары Кеңесіне әлденеше рет депутат болып сайланды, шын мәніндегі халық қалаулысы еді. Мемлекеттік марапат ордендері қаншама, – деп ағынан жарылыпты.

Шайдахмет ақсақал 1998 жылы Рахаң қайтыс болғанда қатты тебіреніп, мұндай адал досты бұдан былай кездестіре алмайтындығына өкініпті. Мұндайда Абай бабамыздың «Бір тәуір дос тым-ақ керек, ойы мен сөзі бөлінбес» деген насихаты еріксіз еске түседі.

Сондай-ақ, мемлекет және қоғам қайраткері Рымбек Жүнісов өз кітабында Рахымжан Шаяхметов жайлы тамаша ой-пікірін айтып, еліне сіңірген еңбегін кең көлемде баяндаған.

 Рахымжан ағамыздың бұрынғы Целиноград, бүгінгі Астанада, Алматыда тұрған үйіне ескерткіш тақта жазылып, ілінген. Соңғы шараға қазақтың айтулы перзенті Бәйкен Әшімов қатысып, көңілі босап, қадірлес досы туралы тебірене сөз сөйлепті. Аяулы ағаның ұрпақтары өсіп-өнген, тәуелсіз мемлекеттің іргесін қаласып, уығын қадап, ірі-ірі мемлекеттік қызметтерде еңбек етіп жүр. «Адам ұрпағымен бақытты» деген осы болар.

 Алла сәтін салса, биыл көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Рахымжан Шаяхметовтың туғанына 102 жыл толады. Еліне еңбек сіңірген тау тұлғалы жандардың есімін келесі ұрпақтың санасында қалдырып, жаңғырту бүгінгі жер басып жүргендердің парызы болса керек. Рухани жаңғыру дегеніміз осы. Рахаң агарарлық саланың маманы ғой. Осы саланың барлық сатысынан өтіп, министр дәрежесіне дейін көтерілді. Олай болса аудандағы аграрлық колледжді Рахымжан Шаяхметовтің атына қисақ қайтер еді?! Оның үстіне, өзінің Ақтоғайының іргетасының қаланғанына 90 жыл толып отыр.

Жарасып-ақ кетпей ме? «Өсер елдің баласы бірін-бірі батыр дейтін» қағидаға сыйып-ақ тұр емес пе?!

Оралбек ЖҮНІСҰЛЫ,

Қазақстанның Құрметті журналисі.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button