Ресми

ҚР Бас прокуратурасы жүйесіндегі Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеттінің рөлі

Прокуратураның қызметі заңдылық пен құқықтың ұлықтылығын қамтамасыз етуде, әділетті қоғам құруда басты рөл атқарады.

1991 жылдың 6-желтоқсанында Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің «Қазақ КСР прокуратурасы органдарының бірыңғай жүйесін құру, оның дербестігі мен тәуелсіздігін қамтамасыз ету туралы» Қаулысымен Қазақ КСР-ның Бас прокурорына бағынатын бірыңғай прокуратура органдарының жүйесі құрылды. 

1992 жылғы 17 қаңтарда Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Қаулысымен «Қазақстан Республикасының прокуратурасы туралы» Заң күшіне еніп, соған сәйкес прокуратура Жоғарғы Кеңеске есеп беретін, заңдардың орындалуына жоғарғы қадағалауды жүзеге асыратын орган болды.

Осы заң прокуратураның құқық қорғау қызметін жақсартуда оң әсер етті. Алайда, мемлекеттік құрылыс үдерісінің жедел дамуы және құқық демократиясының өріс алуы құқық жүйелерін қалыптастыруда жаңа ізденістерді талап ете бастады. Осыған байланысты 1994 жылы 12 ақпанда Президент Қаулысымен Қазақстан Республикасындағы Құқықтық реформаның мемлекеттік бағдарламасы бекітілді. Бұл құжатта прокуратура органдарын реформалаудың негізгі қағидалары анықталды.

Одан әрі ол 1995 жылғы 30 тамызда республикалық референдуммен қабылданған Конституциямызда және Президенттің 1995 жылғы «Қазақстан Республикасының прокуратурасы туралы» Заң күші бар Жарлығында көрініс тауып, бекітілді. Конституцияның 83-бабындағы прокуратура туралы негізгі ереже прокуратураның бірыңғай орталықтандырылған дербес жүйе екендігін жариялап берді. Сөйтіп прокуратура республикамыздың мемлекеттік билік органдары жүйесіне өзінің конституциялық орнын еншіледі.

Құқық қорғау жүйесін жетілдіру мақсатында ішкі істер мен Әділет министрлігінің статистикалық қызметтерінің базасында 1997 жылы Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанынан Құқықтық статистика және ақпарат орталығы құрылды, ал 2003 жылғы 28 наурызда Президент “Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетін құру туралы” № 1050 Жарлыққа қол қойды.

Құқық қорғау жүйесіне жаңа органды енгізу шеңберінде Мемлекет басшысы 2003 жылғы 22-желтоқсанда “Мемлекеттік құқықтық статистика және арнайы есепке алу туралы” Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды, онда мемлекеттік құқықтық статистиканы жүзеге асырудың және арнайы есепке алуды жүргізудің құқықтық негіздері мен қағидаттары айқындалды, Комитеттің құқықтық статистика саласындағы уәкілетті орган ретіндегі өкілеттіктері мен функциялары бекітілді.

Комитеттің маңызды басымдықтарының бірі мемлекеттік құқықтық статистика мен арнайы есепке алудың дұрыстығын қамтамасыз ету, сондай-ақ жаңа ақпараттық құралдарды енгізу, оларды үнемі жаңғырту және жетілдіру болып табылады.

Сапалы басқару шешімдерін қабылдау үшін Комитет қылмыстың жай-күйі, құқық қорғау органдары мен соттардың қызметі туралы құқықтық ақпаратты қалыптастырудың бірыңғай тетігін ұйымдастырды, арнайы есепке алу, анықтамалық және мұрағаттық жұмыстар жүргізу бойынша жұмыстар жолға қойылды, салалық заңнаманың негізгі нормалары қабылданды.

Жалпы, Комитет енгізген жүйелер қоғамда кеңінен қолданылады және құқық қорғау мен мемлекеттік органдардың ашықтығын қамтамасыз етеді, сондай-ақ азаматтардың “онлайн” ақпарат алуда қолжетімділігін қамтамасыз етеді.

Комитет әзірлеген ақпараттық жүйелердің көмегімен соттылығы және қылмыстық немесе әкімшілік жауаптылыққа тартылуы туралы мәліметтердің болуы, мүліктің болуы немесе болмауы, шығу фактілері, азаматтарды құжаттандыру туралы мәліметтер, жол-көлік оқиғалары туралы мәліметтерді жедел алуға мүмкіндік бар. Бұл жаңа құқық бұзушылықтардың жасалуына жол бермеу, сондай-ақ құқық бұзушыларға қатысты қажетті шектеулерді уақтылы қою жөнінде жедел шаралар қабылдауға мүмкіндік береді.

Комитеттің негізгі және ең танымал жүйелеріне мыналар жатады: сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімі (СДТБТ) – қылмыстық істерді электрондық форматта тергеп-тексеруге мүмкіндік беретін жүйе, тексеру субъектілерінің немесе объектілерінің бірыңғай тізілімі (ТСОБТ) – мемлекеттік органдардың тексерулерді тағайындауының ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін жүйе, әкімшілік іс жүргізулердің бірыңғай тізілімі (ӘІБТ) – әкімшілік құқық бұзушылықтарды цифрландыру.

Айта кету керек, тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдерінің арасында Бас прокуратура құрылымында Комитеттің аналогтары жоқ, сондықтан біздің еліміздің көптеген Достастық елдері үшін тәжірибесі озық және бірегей болды.

Қылмыстық әлем заманауи цифрлық жетістіктерді пайдаланған жағдайда, құқық қорғау органдары шынайы және толық құқықтық ақпаратпен қамтамасыз ету үшін заманауи ақпараттық жүйелерді пайдалана отырып, ақпараттық-статистикалық қызметтермен барынша өзара іс-қимылды қажет етеді.

Бүгінгі таңда Комитет заңдылықты қамтамасыз ету кезінде жаңа технологияларды енгізумен бірегей және құқық қорғау және мемлекеттік органдар арасында негізгі орындардың бірін алады.

Құрметті прокуратура органдарының қызметкерлері мен ардагерлері! Сіздерді алда келе жатқан «6 желтоқсан – Прокуратура күні» кәсіби мерекемізбен шын жүректен, ыстық ықыласпен құттықтаймыз!

Ж.БҰЛАМБЕКОВА,
ҚР БП Құқықтық статистика және арнайы есепке алу
комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің бастығы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button