АймақБас тақырыпҚарағанды

Qarmet комбинатында жасанды интеллект негізіндегі Ахуал орталығы іске қосылды

Qarmet металлургиялық комбинатында өндірістік қауіпсіздік пен жедел басқаруды қамтамасыз етуге арналған жаңғыртылған Ахуал орталығы пайдалануға берілді. Жаңа буындағы цифрлық платформа тәулік бойы, 24/7 режимінде мониторинг, талдау және қауіпсіздікті басқару үдерістерін бірыңғай жүйеге біріктіреді. Бұл туралы Qarmet комбинатының баспасөз қызметі мәлімдеді.

Суреттер Qarmet

Ахуал орталығы арқылы күзет қызметінің жұмысы, мердігер ұйымдарға тиесілі техниканың қозғалысы GPS және видеотелематика көмегімен, сондай-ақ 45 бақылау-өткізу пунктінің қызметі үздіксіз қадағаланады. Сонымен қатар комбинат аумағындағы 15 бақылау аймағында орналасқан 400-ден астам бейнебақылау камерасы бірыңғай жүйеге біріктірілген.

– Бұл орталық комбинат аумағындағы барлық логистикалық үдерістер мен жалпы жағдайды нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік береді. Орталықтың үздіксіз жұмысын әр ауысымда 15 бейнебақылау операторы мен бір үйлестіруші маман қамтамасыз етеді, – деді Qarmet компаниясының режим және қауіпсіздік жөніндегі директоры Олжас Сейтахметов.

Ахуал орталығының басты ерекшелігі – жасанды интеллект технологияларын енгізе отырып жасалғанында. Интеллектуалды жүйелер ықтимал құқықбұзушылықтарды автоматты түрде анықтап, оқиғаларды талдайды және жедел басқарушылық шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді. Барлық төтенше жағдайлар міндетті түрде тіркеліп, цифрлық сараптама арқылы құжатталады. Бұл қауіпсіздік жүйесін кешенді талдауға және процестерді үздіксіз жетілдіруге жол ашады.

Сонымен қатар күзет құрылымдары пайдаланатын ұшқышсыз ұшу аппараттарының әуеден жүргізілетін бақылау ұшулары да осы орталық арқылы бақыланады.

Компания алдағы уақытта бейнебақылау аймақтарын кеңейтіп, қосымша 4 мыңнан астам камера орнатуды жоспарлап отыр. Ахуал орталығының іске қосылуы Qarmet үшін цифрландыруды тереңдету мен өндірістік қауіпсіздік деңгейін жаңа сапалық деңгейге көтерудегі маңызды қадам болып табылады.

Аида РАХЫМҚҰЛОВА
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button