Руханият

Психологиялық портреттер галереясы

Қазыбек Аманжол есімді жас драматург театр сүйер қауымға «018-ші автобус» деп аталатын психологиялық драмасын ұсынды. Режиссері – Бибіажар Дихан. Бұл драма Сәкен театрының репертуарына енген өзгеше туынды деп бағалады көрермен. Мұнда автор адам табиғатын, бүгінгі қоғам келбетін басқа қырынан танытуға ұмтылған.

Қаншама тағдырлар атомдар секілді жұмыр жердің үстінде бір-біріне тартылады, сосын тебіседі. Қайткен күнде біріне-бірі әсер береді. Немесе, литосфералық тақталар секілді, қақтығысып жатады. Әр қақтығыстан із қалары анық. Бірақ, адам мен адам қай нүктеде табысады. Бұл психологиялық драманың ерекшелігі – түрлі тағдыр иелері 018-ші автобуста табысады. Бір ғана автобуста түрлі психологиялық портреттер галереясын жасапты автор. Сан түрлі табиғат, бір-біріне ұқсамайтын әлемдер. Автобуста айтылған әңгімелер мен оқиғалар арқылы бүгінгі қоғам келбеті берілген деуге болады.

Автобусқа молда, кәсіпкер, жүріс жүретін әйел, өрекпіген жігіт отырады. Арасында жүкті әйел бар. Әңгіме мынадан басталады: автобустағылар жүкті әйелдердің қоғамдық көлікте қатынауына наразылық білдіреді. Содан кикілжің өрби береді. Молда – дінін, кәсіпкер – байлығын айтады. Әйел ішкі сырын ақтарады. Өзін ақтау үшін қоршаған ортасын, қоғамды кінәлайды. Ісі насырға шапқан соң қоғамдық көліктегі жас дәрігер жүкті әйелді басқа көлікке отырғызып жібереді. Драманың соңында 018-ші автобус жол апатына түсіп, жолаушылардың барлығы тіл тартпай кетеді. Автор осылайша үлкен өмірге енді ғана қадам басып келе жатқан, ар-ұятына нұқсан келтірмеген, былғанбаған жас дәрігер арқылы анасының құрсағында жатқан жас ұрпақты кірлеген қоғамнан аман алып қалады. Бұл психологиялық драма бірнеше буынның санасы дертке ұшырағанын жеткізгендей болды. Автобустағы кемпір мен егде жасқа жеткен молданың жаңа заман өкілдерімен тартысуы да өзекті мәселелерді қозғап, бітеу жараны тырнайды.

Қазыбек Аманжол премьераға арнайы келді. Автор ретіндегі пікірін жеткізді.

– Сәкен театрының актерлері психологиялық драмамның болмысын, моральін сезініп ойнады. Тіпті, актерлік шеберліктері арқылы кейіпкерлерімді шынайы етіп көрсетті. Диалогтар өте сәтті шықты. Режиссерге де алғысым шексіз! «Мен осындай дүниені жазыппын-ау!» деп таң қалғанымды да жасырмаймын, – деді Қазыбек Аманжол.

Психологиялық драмадағы жүкті әйелдің рөлін – Айғаным Айтбаева, жас дәрігерді – Нұртілек Асылбек, кемпірді – Гүлнар Базарбаева, молданы Рахат Қосжанов сомдады. Саягүл Тәшімбекова, Талғат Садықов, Аружан Каленова, Амангелді Мұқашев, Нұрбибі Мұқан, Бауыржан Нұрмағанбетов, Жандос Шәкен, Сая Бекбосынова, Ахай Жұмамұратов та сахнада.

Ерік НАРЫН,
«Ortalyq Qazaqstan»

Сурет Сәкен театрының баспасөз қызметінен

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button