Приозерск

Приозерскте спорт сайыстары өтті

Жуырда Приозерск қаласының дене шынықтыру және спорт бөлімі, Приозерск қаласының Жастар орталығы бірлесіп қаланың орталық аланыңда «QAZAQSTAN JASTAR FEST» және «PRIOZERSK MARATHON-2019» қалалық турнирлерін ұйымдастырды.

Салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған сайыстар «Жастар жылы» аясында Приозерск қаласында өткізілген маңызды шараның бірі болды.

Спортшылардың жеңіске деген құлшынысы көңіл қуантады. Әзірліктері де мығым. Нәтижесінде, өзара бақ сынасқан 110 спортшының қатарынан қара үзгендерге қаржылай сертификаттар, естелік сыйлықтар, медальдар және мадақтама қағаздары тапсырылды. Мәселен, «QAZAQSTAN JASTAR FEST» турнирінде «асық атудан» Е.Серікбаев алдына жан салмаса, Т.Жұбанов «ләңгіден» қарсылас шақ келтірмеді. Ерлер арасындағы «армрестлинг» бәсекесінде Б.Кәрімбаевтың бағы жанса, қыздар арасында Э.Кадочникова мықтылық танытты. Ал, кір тасын көтеруде К.Тоқмырза І орыннан көрінді.

«PRIOZERSK MARATHON-2019» жарыс қорытындысы бойынша, 16-40 жастағы ерлер арасында 10 шақырым қашықтыққа жүгіруде – Д.Афанасьев (№ 03080 ә/б), 16-35 жастағы әйелдер арасында 5 шақырым қашықтыққа жүгіруде А.Тортугулова (№ 44841 ә/б) үздік шықты. 40 жастан асқан ерлер арасында (2 шақырым қашықтықта) С.Жүнісов жүйрік шықса, 35 жастан асқан әйелдер арасында (1 шақырым қашықтықта) Р.Қырықбаева мәреге бірінші жетті.

Қуаныш АМАНҚҰЛ,

«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Back to top button