АймақТеміртау

Приозерск қаласында спорт кешені бой көтереді

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасын іске асыру барысында тұрғындардың базалық қызметтерге тең қолжетімділігін қамтамасыз ету, тұрғын үй-коммуналдық жағдайды әрі көлік байланысын жақсарту, сондай-ақ, елдің транзиттік әлеуетін және халықтың мобильділігін арттыруға тапсырма берген болатын. Нәтижесінде тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз ету, шағын қалаларда инженерлік және көлік инфрақұрылымын жақсарту және уақытша жұмыс орындарын құруды басты назарға алды. Әр аулада спортпен айналысуға мүмкіндік жасауды міндеттеген-тін. Ел тұрғындарының саламатты өмір салтын ұстанып, бұқаралық спортты дамытуға айрықша мән беруі қажеттігін атады.

Приозерск қаласы

Бүгінде Президент тапсырмасы бойынша Приозерск қаласында дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталып кетті. Жоба спортты дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. Нысан күніне 519 адамды қабылдауға мүмкіндігі бар. Көрермен орнының саны – 210. Жалпы ауданы – 2 441 шаршы метр. Ғимарат 2 қабаттан және 2 блоктан тұрады. Жоба 2024 жылы аяқталады.

Қазіргі таңда іргетасы мен 2-қабатының қабырғасы кірпішпен қаланып, толық аяқталды. Жұмыс жобасының құжаттамасына сәйкес әкімшілік блокта техникалық персоналдарға, медбикелерге, төрешілерге және жаттықтырушыларға арналған бөлмелер, әйел және ерлерге арналған киім ауыстыру бөлмелері, душ, әжетхана, шынықтыру және күту залы қарастырылған. Мұнда қазақша күрес, дзюдо, самбо, грек-рим күресі, бокс, көркем гимнастика, биіктікке секіру, үстел теннисі, бадминтон, гандбол, баскетбол, футбол және тағы ­басқа үйірмелер бар.

Приозерск қаласы

– Мемлекет барлық жастағы тұрғындарды спортқа тарту үшін қолайлы жағдай жасауда. Бүгінгі таңда қала тұрғындары спортпен жүйелі түрде айналысады. Президент спорт нысандарын салу туралы тапсырма берген болатын. Осы орайда, жергілікті әкімдіктермен бірге, салынатын жобалардың бәрі мақұлданды. Соның нәтижесінде, шағын шаһарда спорттық нысан бой көтеруде. Мұнда балалар спортпен тегін шұғылданады. Кешенде жаттыққан жастар алдағы уақытта белгілі спортшыға айналып, еліміздің абыройын асқақтататынына сенімдімін, – дейді Приозерск қаласының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ахан Жүсіпов.

Бөлім басшысының айтуынша, алдағы уақытта «Воркаут» спорт алаңы және 25 автокөлікке арналған автотұрақ салынады. Сонымен қатар, туризмді дамыту мақсатында жағажайлар аймақтарға бөлініп, демалыс орындарын, қонақ үйлер, профилактория салу жоспарланып отыр. Заңға сәйкес кәсіпкерлікке арналған жер телімдері аукционға қойылады. 2023-2026 жылдар аралығында кәсіпкерлер 10-нан аса жобаны жүзеге асырады. Бұл өз кезегінде қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсер етеді.

Нұрдос КӘРІМ,
ПРИОЗЕРСК
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button