ПрезидентРесми

Президент: «Салық төлесеңіз – қызмет көрсетіледі, инфрақұрылым салынады, қауіпсіз орта қалыптасады»

«Turkistan» газетінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы басылымның бас редакторы, белгілі ақын, публицист Бауыржан Бабажанұлына берген сұхбаты жарияланды. Онда Президент салық реформасының мәні мен мақсатына кеңінен тоқталды.

Сурет Ақорда

Мемлекет басшысының айтуынша, салық реформасы — қатардағы фискалдық науқан емес, салық жүйесін қайта құру. Оның түпкі мақсаты — экономиканың тұрақты өсімін қамтамасыз ету. Президент ел ішінде дүрбелең туғызуға негіз жоқ екенін атап өтіп, мұндай реформалар көптеген елде жүргізіліп жатқанын айтты.

– Әрине, салық реформасы – өзекті мәселе және бұған қатысты пікірталастардың болуы әбден түсінікті. Дегенмен, ел ішінде дүрбелең туғызып, жұртты дүрліктірудің ешқандай жөні жоқ. Мұндай реформа көптеген елде жүргізіліп жатыр. Мысалы, Ресейде қосымша құн салығы жуырда 22 пайызға дейін көтерілді.

Біздің реформамыз – қатардағы «фискалдық науқан» емес, салық жүйесін қайта құру деген сөз. Алдымызда тұрған басты міндет – экономиканың тұрақты өсімін қамтамасыз ету. Үкіметке ашық әрі ұғынықты Салық кодексін әзірлеу тапсырылды. Министрлер кабинетінің бұл тапсырманы қаншалықты табысты орындап шыққанын биыл көретін боламыз.

Бұрынғы Үкімет қосымша құн салығын, тіпті, 20 пайызға дейін көтеруді ұсынды. Олар фискалдық саясатта қателік жіберілгенін ескере отырып, мұндай қадамның өте қажет екенін мойындады. Талқылау барысында қазіргі Үкімет те қосымша құн салығын 20 пайызға дейін көтеруді ұсынды. Алайда, мен Үкіметке оның жоғарғы шегін 4 сатыға төмендету туралы тапсырма бердім.

Жаңа Салық кодексінде бақылау жасауға емес, өзара серіктестік орнатуға баса мән беріледі, яғни, осы үдеріске қатысушылардың бәрі – мемлекет те, бизнес те, азаматтар да өз міндетін адал орындауға тиіс. Бірін-бірі өзара толықтырып тұратын мұндай жүйеде салық төлеу ауыртпалық ретінде қабылданбайтын болады. Түптеп келгенде, салық төлеу дегеніміз – заманауи қоғамдық келісімшарт деген сөз. Салық төлесеңіз – қызмет көрсетіледі, инфрақұрылым салынады, қауіпсіз орта қалыптасады, тың мүмкіндіктер пайда болады. Керек десеңіз, бұл – әділдік болу үшін жүктемені қайта бөлу құралы, әлеуметтік тұрғыдан әлсіздерді қолдау және экономикалық тұрғыдан «белсенді ортаны» одан әрі дамыту тәсілі.

Бүкіл әлемде фискалдық саясаттың тиімділігі оны жүргізудің сапасымен, жұрттың салық жөніндегі сауатымен және қоғамның сана-сезімімен өлшенеді. Салық төлеу мәдениеті дәл осылай қалыптасады. Салық төлеу бұрын міндет болса, енді отаншылдықтың озық үлгісіне айналады. Мұны сыбайлас жемқорлыққа қарсы қоғам құрудың төте жолы деуге болады. Себебі, салығын адал төлейтін азаматтар өз қаржысының алаяқтардың қалтасында кеткенін мүлдем ұнатпасы анық, – деді Мемлекет басшысы.

Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА

Басқа материалдар

Back to top button