Президент сайлауы — 2022: дайындық барысы пысықталды

Бұған дейін еліміздің өзге өңірлерінде өткен ҚР Президенті сайлауына дайындық және өткізу мәселелері бойынша көшпелі семинар-кеңестің соңғы отырысын Орталық сайлау комиссиясы мүшелері облысымызда өткізді. Семинар-кеңес барысында сайлаушылар тізімі бойынша өңірде жүргізіліп жатқан жұмыстар, ұйымдастыру жұмыстары, материалдық-техникалық қамтамасыз ету, мүгедектігі бар азаматтарға жағдай жасау, бюллетеньдерді уақытылы жеткізу жағдайы баяндалды.

Семинар екі кезеңнен тұрды. Біріншісінде орталық сайлау комиссиясының өкілдері жергілікті атқарушы орган өкілдерінің, прокуратураның, әкімдіктің, полиция департаментінің Президенттің 20 қарашада кезектен тыс сайлау өткізу туралы Жарлығында айтылған тапсырмаларын орындау барысы талқыланды. Ал, екінші кезеңінде, учаскелік сайлау комиссиялары үшін кейс технологиясы негізінде іскерлік ойын түрінде тренинг өтті.

– Семинар-кеңес сайлау процесінің барлық қатысушыларына арналған. Біз дауыс беретін күні сайлау заңнамасының максималды түрде сақталуына мүдделіміз, – дейді Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Сәбила Мұстафина.

Облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Қайрат Нүркенов сайлауға дайындық жұмыстары аясында Орталық сайлау комиссиясы мүшелері өңірлерде семинарлар өткізуді жоспарлағанын айтады.

– Жұмыстың басты мақсаты – сайлауалды дайындықтарды пысықтау, сондай-ақ, сайлау процесіне қатысты мәселелерді қарастыру Екі бөлімнен тұратын семинарға облыс өңірлеріндегі сайлау комиссияларының мүшелері қатысуда. Барлық деңгейдегі сайлау комиссиясының мүшелері ең алдымен сайлаудың заңдылығы мен ашықтығын қамтамасыз етуі тиіс. Бұған дейін жергілікті атқару органдарымен ауқымды дайындық жұмыстары жүргізілген. Яғни, Конституциялық құқығына сай әр сайлаушы дауыс беруі тиіс, – дейді Қайрат Қаршығаұлы.

Бір ай аралығында барлық сайлау комиссиялары сайлау күні орын алуы ықтимал түрлі жағдайларға байланысы дайындық жұмыстарын жүргізген. Мақсат – учаскеде дауыс беру кезінде оқыс оқиғалардың болмауы әрі сайлаушылардың комиссия мүшелері жұмысына көңілдерінің толуы.

Жалпы, облыс бойынша 642 сайлау учаскесі тіркелсе, 4800 адам комиссия құрамына кіретінін де айту керек. Ал, сайлаушылар саны – 768 мың. 17 қарашадан бюллетеньдер аумақтық комиссияларға таратылып, сайлауға бір күн қалғанда сайлау учаскелеріне жеткізіледі.

Бүгінде облысымызда ЕҚЫҰ миссиясы бойынша ұзақ мерзімді екі байқаушы жұмыс жасауда. Ал, сайлау күні алдында ТМД миссиясы бойынша, одан бөлек, Парламентаралық Ассамблеяның қысқа мерзімді байқаушылары келеді. Олар бүгінде Орталық сайлау комиссиясынан тіркеуден өткен. Ал, республиканың қай өңіріне баратынын өздері шешеді.

Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров ҚР Президенттігіне кандидаттардың әрқайсысына тоқталып, ақпарат берді. Ал, сайлау бюллетеньдерінде олардың аты-жөндері алфавит ретімен орналастырылады.

Константин Петров сайлауалды үгіт-насихат жұмысына да тоқталып өтті. – Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы Конституциялық Заң бойынша сайлауалды үгіт-насихаттың үш түрі анықталған. Бірінші жолы – бұқаралық ақпарат құралдары арқылы. Яғни, кандидаттар дауыс беру күніне бес күн қалғанға дейін материалдарын орналастырады. Екіншісі – кандидаттардың қоғамдық іс-шаралар өткізуі немесе кездесулер ұйымдастыруы. Үшінші тәсіл – баспа, аудио-визуалды және өзге де үгіт материалдарын шығару және тарату, – дейді Константин Петров.

Константин Викторович сайлаушылар тізімі ерекше назарда болуы керек екенін айтады. 2018 жылдан сайлаушылар тізімі мемлекеттік база арқылы қалыптастырылады. Бірақ, соған қарамастан, бұл проблема бүгінгі күнге дейін шешімін таппаған. Яғни, бірқатар азаматтардың тіркелген мекенжайы бір бөлек, нақты тұратын жері тіпті басқа. Осыған байланысты тізім қалыптастыруда қиындықтар туындайды.

– Дауыс беру күні учаскелік сайлау комиссиясы тізімді қалыптастырумен айналыспайды. Біз дауыс берушілердің нақты тізімінің жоқ екенін мойындаймыз. Сондықтан, сайлау күні екі ақпараттық сервис жұмыс жасайды. Біріншісінде учаскелік комиссияның екі мүшесі мемлекеттік базаға кіру мүмкіндігіне ие болады, – дейді Константин Викторович.

Бұл жағдайда төраға орынбасары сайлау күні өздерін тізімнен таппаған адамдардың барлығын сайлаушылар тізіміне енгізуге болмайтынын баса айтты. Яғни, өзін сайлаушылар тізімінен таппай, өтінішпен келген адам әбден тексеріліп, тіркелген мекенжайы нақтыланғаннан кейін ғана аталған сайлау учаскесінің сайлаушылар тізіміне енгізіледі. Учаскелік комиссия мүшесі деректер базасынан өтінішпен келген сайлаушыны тексеру кезінде оның өзге учаскелерде тіркелген не тіркелмегенін де тексере алады.

Белгілі бір себептерге байланысты тіркеуден шығып кетіп, әлі ешқайда тіркелмеген азаматтар үшін де жағдай қарастырылған. Цифрлық даму министрлігі мен ІІМ бірлесе отырып екінші сервисті іске қосқан. Яғни, ел бойынша ешқандай тізімге енбеген азамат дауыс беретін күні орналасқан орны бойынша сайлау учаскесінде тіркеле алады. Бұл сервисті шектеулі адамдар санына ғана лайықталған. Семинар-кеңес соңында Константин Петров сенім білдірілген адамдар мен байқаушыларға, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне және сайлау процесінің басқа да қатысушыларына дауыс беру барысын кедергісіз бақылау мүмкіндігі қамтамасыз етілетіндей етіп сайлау жәшіктерін орналастыру қажеттігін тағы да атап өтті.

Бағдарламаның екінші бөлімінде аумақтық және учаскелік сайлау комиссиялары үшін кейс технологиясы негізінде іскерлік ойын түрінде тренинг өткізілді. Іскерлік ойын барысында комиссия мүшелерінің алған білімін бекітудің жаңа әдісі сыналды. Әдіс сайлау комиссияларының барлық мүшелерінің ұжымдық қатысуымен, сондай-ақ интерактивтілігімен сипатталды.

Салтанат ІЛИЯШ

Суретті түсірген Александр МАРЧЕНКО

Ortalyq.kz