Прагматизм
Ықылым заманнан қазақ қонақ шақырады, қонағын Құдайдай күтеді. Қой сояды. Бас асады. Оған дейін бас-сирағын үйтеді. Жағын айырады. Тісін қағады. Табақпен тартады.
Мен де бастан бастайын. Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын үш қайтара оқыдым. Кілтін таба алмадым. Кілт кіріспеде тұр екен. Керемет мағмұрландым. Бірге оқиық: «Төл тарихымызға, бабаларымыздың өмір салтына бір сәт үңіліп көрсек, шынайы прагматизмнің талай жарқын үлгілерін табуға болады».
Әуелі «Прагматизм» терминін жіліктеп, жілік майынан дәм татайық. Қазір орысша білмейтін қазақ жоқ. Ұлы Л.Толстойдың, А.Чеховтың тілінде сөйлетейін. «Прагматизм – философское течение, базирующееся на практике как критерии истины и смысловой значимости. Его происхождение связывают с именем американского философа ХІХ века Чарльза Пирса, который первым сформулировал «максиму» прагматизма. Далее прагматизм развивался в трудах Уильяма Джемса, Джона Дьюи и Джорджа Сантаяны. Среди основных направлений прагматизма известны инструментализм, фаллибилизм, антиреализм, радикальный эмпиризм, верификационизм.
Прагматизм в исторической науке – термин, употребляемый с довольно различными значениями. Впервые прилагательное «прагматический» (греч. πραγματικός) применил к истории Полибий, назвавший прагматической историей (греч. πραγματική ίστορία) такое изображение прошлого, которое касается государственных событий, причём последние рассматриваются в связи с их причинами, сопровождающими их обстоятельствами и их следствиями, а само изображение событий имеет целью преподать известное поучение.
В бытовом смысле прагматик — это человек, который выстраивает свою систему поступков и взглядов на жизнь в аспекте получения практически полезных результатов».
Біз марксизм, ленинизм, сталинизмнен миымыз ағып, тобыр болып кете жаздаған ұрпақпыз. ИЗМ-нен үркудің жөні жоқ бүгін. Тарлан тарихқа қайырылып қарасақ, бабалар салған сара жол сайрап тұр. Сол соқпаққа түссек, қалың тұманда да адаспайсың.
Шерағаң, редактор ұстазым Шерхан Мұртаза ағам айтқан еді. Кезінде мән бермеппін. Қазақ «ештен кеш жақсы» деген. Ұлы бабамыз Мөде туралы. Бүгін осы аңызға мән берсек, прагматизмді қазақ ежелден білген, осы философиялық үрдісті ұстанған. Ғажап.
Шерағамның «Егемен Қазақстан» газетінің 80 әлде 90 жылдығы тойында сахнада тұрып, мұрты едірейіп, өзі екі иығына екі кісі мінгендей арқаланып, айбарланып, айбаттанып, бурадай бұрқырап, тайбурылдай жер тарпып сөйлегені санада қалған еді. Ішімде кетпесін. Ортаға салып, ой бөлісейік.
Мөде – көшпенділердің, ғұндардың ұлы ханы. Іргедегі қытаймен қидаласып, пәленбай жыл соғысады. Соғыс шығынсыз болмайды. Ат жалын тартып мінетін еркек кіндік селдірейді. Соғыс – итжығыс. Жеңілген де, жеңген де жоқ. Бірақ қаптаған қытай бір елі болса да дилы екен. Қожаңдайды. Мөдеге. Елші жіберіпті.
«Мөде аузымен құс тістейтін желден жүйрік тұлпарын берсін» дейді. Мөде бес уәзірін шақырып, ақылдасады. Уәзірлері «хан ием, тұлпарыңызды беріп, жаяу қалғандай боласыз ғой. Бермеңіз. Соғысайық» дейді.
«Сұраған тұлпарын беріңдер. Көк түркінің мыңғырған жылқысы тұрғанда, одан да өткен бір тұлпар құлындайды» депті.
Ай ауысады, жыл жылыстайды. Тағы елші келеді қытайдан. «Мөде ай десе аузы, күн десе көзі бар сұлу тоқалын берсін» деп шіренген екен астамсыған жау. Тағы бес уәзірмен кеңеседі Мөде. Бесеуі: «Хан ием, мынау басынып басқа шықты. Сүйекке таңба. Қатын бергенше, қан ішіп өлейік. Соғысайық» депті. Сонда Мөде «Әй, көк түркінің ақылы айға жететін, сұлулығы күнді көлеңкелейтін бір қатыны менің тоқалымнан да асқан бір қыз туып береді. Тоқалымды беріңдер» депті.
«Мөде әлсіреген екен, басына әңгір таяқ ойнатайық», деген ежелгі жау тағы елші жіберіпті. Қоян терісіндей жер сұрапты. Бес уәзір хан кеңесіне жиналады. «Не жауап береміз» дейді ғой. Сұраған жері не шөп шықпайтын, суы жоқ айтақыр екен. Уәзірлері «хан ием, сол құлазыған жерді беріп, құтылайық «Бастан құлақ садаға» деп бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай жамырайды. Мөде қаһарына мініп, бас қолбасшысын шақырып, жарлық береді. «Мына бес уәзірдің басын алыңдар. Әскер атқа қонсын. Соғысамыз» деген екен. Осыны Шерағаң айтқанда ток соққандай, тұла бойым шымырлап кеткені әлі есімде.
Қазақ қана айтатын бір сөз бар. Ала қағазға із салғаннан бері неше түрлі сөз қолданамыз. Ұқсас, мағыналас сөздер таптауырын болып кетпесін деп іздейміз келіп. Тіл білімінде оны синоним дейді. Мәселен, «Шындық», «Ақиқат», «Рас» деп жалғастыра беруге болады. Осының ішінде «ақиқатты» жиі қолданып кетіппін. Баһадүр редакторым Нұрмахан Оразбеков ескертпе жасады. «Бала, «ақиқат» сөзін абайлап қолдан. Ақиқат бір Аллада ғана бар. Ақиқат жалқы, шындық көп» деді. Содан бері Нұрағамның осы ақылын көкейге тұттым.
Солай бола тұра қазақ атамызда «Аңыз соңы – ақиқат» деген сөз бар. Қол қусырып, қол қоясың. Шерағаң айтқан Мөде бабамыз туралы аңыздың тарихын індетіп іздедім. Бар екен. Қытай жылнамасынан жарқ ете қалды. Хань империясын (біздің дәуірге дейінгі 202-220 жылдар) құрған Лю Бань Мөде бабамызға өктемдік жасаған екен. Ұлы қытай қорғанының іргесіне киіз үй тіккен Мөдені талқандау үшін жер қайысқан 300 мың әскермен соғысқа шығады. Көшпенділердің соғыс әдісі, жаужүрек сарбаздары Лю Баньнің әскерінің тас-талқанын шығарып, императорын тұтқынға түсіреді. Мөденің алдында тізерлеп тұрып, жанын қалдыруды жылап тұрып аяғын сүйіп, кешірім сұрайды. Жалғыз қызын Мөдеге беріп, өмір бойы салық төлеуге кепілдік береді. Қытай жылнамасында Лю Бань 23 жыл Мөдеге бодан болыпты. Бабамыздың тұлпары да, тоқалы да қайтады. Ең бастысы жерін кеңейтеді. Прагматизм, прагматик сол Мөде бабамыздан басталып тұр ғой.
Осы прагматизм данышпан Абай атамыздың әкесі Құнанбай қажыдан өріс тауыпты. Тағы жер жөнінде. Тобықтының игі жақсылары ақыл-кеңес құрып, ауылы аралас, қойы қоралас ағайындардың жеріне сұғына бермеуге ұсыныс жасапты. Сонда Құнекең «Адам өседі, мал өседі. Жер өспейді» деген екен. Ақылдың кені ғой Құнанбай атамыз.
Алаш арыстары да прагматик екен. Мұхтар Мағауин ағатайым атамекені – Кеңсуат басында ата-бабасының қорымында айтқан сөзі ойға оралды. Мен естідім. Ағатайым жазып тастапты. Оқыңыз: «Тағы бір жағдаят – жоғарыда айтылғандай, шамасы 1919 жылдың қарсаңында, біздің шаңырақта Алаш зиялыларының бір тобы қонақтап, бой тасалап жатуы. Жай ғана тасаланбаған, аңыс аңдаған. Жеті-сегіз адам, ішінде Әлихан төре, Смахан төре, Міржақып бар деуші еді. Осының алдында ғана іргесі көтерілген алты бөлмелік еңселі үйдің екі бөлмесіне орналасыпты. Кейде Босағаның биігіне көтеріліп, бой жазғаны болмаса, бейсауат далаға шықпайды, кітап оқиды, кеңеседі, дойбы ойнайды. Біздің ақсақал үш-төрт күн аралатпай, ит ертіп, аң қараған болып, өзенді өрлей келе, Тобықтының қозы көш жердегі шеткі ауылы Бақанасқа, ондағы ежелгі досы, Кәкітай ұлы Әрхамға барады екен, Әрхам өз кезегінде арыдағы Семейден хабар алып тұрса керек. Атам айтушы еді, ішкі жақта жүрген Ахмет Байтұрсынұлы советтермен мәмілеге келіп, келісім жасаспақ екен, істің сәті түспесе, Алаш ағалары түгелдей Қытайға өтіп кетпек екен деп. Хабар кешігеді, меймандардың да сабыры таусыла бастайды. Ақыры бір күні Әрхамға Семейден хат жетіпті, мен елбіреп алып келдім дейді. Смахан төре ашып оқи бастады, әлдебір сөзін ажырата алмап еді, Міржақып насыбай үгіп отырған, алай шығар деп айтты дейді, содан соң өзі алып, шұғыл көз жүгіртіп, «Шүйінші!» – деп айтты дейді. Ахмет ақсақал үлкен қызметке тұрыпты, Алаш азаматтарына түгел кешу жасалыпты, енді бәрін де Орынборға шақырып жатыр екен. Елдің етектегі, Бейсенбай болыс бастаған, бізбен хабарласып отырған басты адамдары да шұғыл жетіп, екі-үш күн орайында азаматтарымызды Семейге аттандырып салдық деуші еді. Әңгіменің сыртқы, біз естіген ақиқат нобайы осы. Бәлкім, кейінгі зерттеушілер тарихи деректер негізінде нақтылай түсер». (Мұхтар Мағауин. “Кертолғау”, “Қағанат”, Алматы, 2006 ж., 407-бет.)
Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын алдыма қойып, Абай атама жүгіндім. Мақала не дейді. Абай не дейді. Қараңыз.
Абай: «Әуелі Құдайға сыйынып, екінші өз қайратыңа сүйеніп еңбек қылсаң қара жер де құр тастамайды».
Елбасы мақаласынан: «Тек өткен ғасырдың ортасында, небәрі бірнеше жыл ішінде миллиондаған гектар даламыз аяусыз жыртылды. Ықылым замандардан бері ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келген ұлттық прагматизм санаулы жылда адам танымастай өзгеріп, аста-төк ысырапшылдыққа ұласты.
Елбасы мақаласынан: «Прагматизм – өзіңнің ұлттық және жеке байлығыңды нақты білу, оны үнемді пайдаланып, соған сәйкес болашағыңды жоспарлай алу, ысырапшылдық пен астамшылдыққа, даңғойлық пен кердеңдікке жол бермеу деген сөз. Қазіргі қоғамда шынайы мәдениеттің белгісі – орынсыз сән салтанат емес. Керсінше, ұстамдылық, қанағатшылдық пен қарапайымдылық, үнемшілдік пен орынды пайдалану көргенділікті көрсетеді.
Нақты мақсатқа жетуге, білім алуға, саламатты өмір салтын ұстануға, кәсіби тұрғыдан жетілуге басымдық бере отырып, осы жолда әр нәрсені ұтымды пайдалану – мінез-құлықтың прагматизмі деген осы.
Бұл – заманауи әлімдегі бірден-бір табысты үлгі. Ұлт немесе жеке адам нақты бір межеге бет түзеп, соған мақсатты түрде ұмтылмаса, ертең іске аспақ түгілі, елді құрдымға бастайтын популистік идеологиялар пайда болады.
Өкінішке қарай, тарихта тұтас ұлттардың ешқашан орындалмайтын елес идеологияларға шырмалып, ақыры су түбіне кеткені туралы мысалдар аз емес. Өткен ғасырдың басты үш идеологиясы – коммунизм, фашизм және либерализм біздің көз алдымызда күйреді».
Абай: «Өсек, өтірік, мақтаншақ,
Еріншек, бекер мал шашпақ –
Бес дұшпаның білсеңіз.
Талап, еңбек, терең ой,
Қанағат, рақым ойлап қой –
Бес асыл іс көнсеңіз.»
«Қарны тоқ қаса надан ұқпас сөзді,
Сөзді ұғар көкірегі болса көзді.»
«Қиянатшылар: жарым адам, жарым молда, жарым мұсылман».
«Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады. Одан басқа нәрсемен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақшылық».
Елбасы мақаласынан данышпан Абай атамның иісін сімірдім. Бойым жеңілдеді, ойым сергіді, жүйкем жүйеге түсті. Көшпенділердің, ғұндар мен сақтар, көне түркілерге, Шыңғыс хан мен Жошы, Бату бабаларымызға, Керей мен Жәнібек баһадүрлерге, Абылай мен Кенесары аталарымыздың аруағына бас идім.
Осы аталарымның бәрі ПРАГМАТИК болған екен.
Мағауия СЕМБАЙ.